ҚАЗАҚ ТІЛІ — ҰЛТ БІРЛІГІНІҢ ТҰҒЫРЫ!
Бүгін — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайына арнайы қатысып, алдағы кезеңде мемлекеттік тілдің ғылыми-технологиялық, мәдени-рухани, әлеуметтік кеңістігін жаңа бір белеске көтеруге қатысты ауқымды баяндама жасады.
Президенттің ана тіліміздің мәртебесін көтеру, қолданылу аясын кеңейту және оны ғылым мен технологияның тіліне айналдыру жөніндегі ойлары мен нақты тапсырмалары ерекше назар аудартты.
Мемлекет басшысы: «Қазақ тілі – Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны», – деп атап өтті. Шынында да, қазақ тілі – ұлттық болмысымыздың өзегі, елдігіміздің белгісі. Сондықтан оның дамуы мен өркендеуі – баршамызға ортақ жауапкершілік.
Бүгінде мемлекеттік тілге деген сұраныстың артуы көңіл қуантады. Президент келтірген деректер бойынша, биыл мектепке қабылданған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарын таңдаған. Былтыр жарық көрген кітаптардың 70 пайызы қазақ тілінде басылған. Бұл – ана тіліміздің қолданыс аясы кеңейіп келе жатқанының айқын көрінісі.
Осы ретте қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің, тіл үйретіп жүрген мамандардың және әлеуметтік желіде ана тілімізді дәріптеп жүрген азаматтардың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Мемлекет басшысы айтқандай, «Қазақ тіліне сыйластықпен қарау – азаматтық, адами борыш».
Сонымен бірге Президенттің «Бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайды» деген тұжырымы да маңызды. Қазақ тілін дамыту өзге тілдердің дамуына кедергі келтірмеуі керек. Керісінше, мемлекеттік тіл барша қазақстандықты ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіретін күшке айналуы тиіс. Бұл – қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың берік негізі.
Қазақ тілінің болашағы оның күнделікті өмірде ғана емес, ғылымда, білімде, цифрлық кеңістікте және жасанды интеллект саласында кеңінен қолданылуына да байланысты. Сондықтан қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейту, ғылыми еңбектер мен оқу құралдарын әзірлеу, ұлттық цифрлық тіл корпусын қалыптастыру жөніндегі бастамаларға айрықша мән беру қажет.
Мемлекет басшысы тіл мәдениетін қоғамдық әдеппен және азаматтық жауапкершілікпен де сабақтастырды. «Әдеп басы – тіл» деген халық даналығын еске салып, әр азаматтың сөйлеу мәдениеті мен қоғамдық ортадағы тәртібіне назар аударды. Расында да, «Заң мен тәртіп» қағидаты күнделікті өмірімізден көрініс табуы керек. Өзара құрмет, әдепті қарым-қатынас және ортақ мүлікке жанашырлық – өркениетті қоғамның басты белгілері.
Құрылтай депутаты ретінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге және қоғамдағы бірлікті нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдаймын! Өйткені тілдің болашағы құр сөзбен емес, нақты іспен қалыптасады.
Бір анығы, бүгінде қазақша сөйлеу – тек тілге құрметтің белгісі ғана емес, заман талабына сай қоғамдық үрдіс пен жастар арасында кең тараған трендке айналуы керек. Қазақ тілінде білім алу, еркін қарым-қатынас жасау, сапалы контент әзірлеу – күнделікті өміріміздің табиғи дағдысына айналғаны маңызды.
Қазақ тілі – бәрімізге ортақ қазына, келер ұрпаққа аманат!
Тіліміз тұғырлы, Тәуелсіздігіміз ғұмырлы, бірлігіміз бекем болсын!
Жанарбек Әшімжан facebook парақшасынан https://www.facebook.com/zanarbek.simzan/posts/pfbid02X24uzfDckC3YCNASCnNTSMYqgGtu4EFr67Zr96qN5QkFCDtLkfSmdrxyXvq2794l



