“Қазақ тілі” қоғамының Х құрылтайында Президент Қ.Тоқаев тілге қатысты бірқатар келелі ой айтты.

Осы жиынға қатысып, рухани нәр алдық. Мемлекет басшысының орнықты ұстанымдары қазақ тілін дамытуға тың серпін берері анық.
Тіл – қазақтың жаны. Ұлттың рухы. Мемлекеттік тіл — елдің мәдениетін
қалыптастыратын ұйтқы, ұлттық бірліктің негізі, халықтың тарихы мен
мінезін танытатын рухани байлық. Тіл білу арқылы біз халықтың
тұрмысын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін терең танимыз және
түсінеміз.
Тәуелсіздіктің елең-алаң тұсында «қазақ тілі жаһандану заманында
жоғалып, жұтылып кетпей ме екен» деген алаңдаушылық болды.
Тіліміздің шынайы жанашырлары – көптеген ақын-жазушылар,
журналистер, ғалымдар, ұстаздар мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге
атсалысты.
Сондықтан «Қазақ тілі» қоғамы мен қазақ қоғамын бір-бірінен бөліп
қарауға болмайды.
Қазақ тілі бар жерде — қазақ ұлты бар, қазақ елі бар жерде — қазақ тілі
бар. «Тіліміз құриды, жоғалады» деген түсінікті санамыздан мүлдем
шығарып тастау қажет.
Еліміздің Тәуелсіздігіне биыл 35 жыл толып отыр. Осы жылдары қазақ
тілінің қолданыс аясы кеңейді. Мемлекеттік тілдің мәртебесі биіктеп,
Үкімет, Парламент, жергілікті әкімдіктер жиындарын қазақ тілінде
өткізетін болды. Іс қағаздары мемлекеттік тілде рәсімделетін жағдайға
жеттік. Қазақ тілінде білім алатын жастардың қатары еселеп артты,
мемлекеттік тілді үйренуге ниетті азаматтарға арналған орталықтар
жұмыс істеп жатыр.
«Қазақ тілі» қоғамы көтерген мәселелердің бірқатары мемлекеттік
деңгейде шешімін тапты. Тіл саясатына жауапты мекемелер құрылып,
қазақ тілінде білім беру күшейді. Қазақ тілінде оқу құралдары әзірленіп,
мемлекеттік тілдің қолданысын арттыруға бағытталған бағдарламалар
қабылданды. Осы жұмыстарда Қоғам – бастамашы, кеңесші әрі
бақылаушы міндетін атқарды десек, артық айтқандық емес.
Мемлекеттік тіл бір ғана ұлттың мәселесі емес. Ол – барша
қазақстандықтарды ортақ іске, ұлы мұратқа жұмылдыратын тіл. Қазақ
тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдерін қолдап, қоғамдық өмірге
белсенді тарту да тілдің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі беделін арттырады. Қазақстанның әр азаматы қазақ тілін елге, мемлекетке
деген құрметтің бір белгісі ретінде қабылдауы керек.
Қазақ тілінің тұғыры отбасынан басталады.
Баланың тілге ықыласы туған шаңырағынан
қалыптасады. Сонымен бірге қазақ тілін күнделікті өмірде, білім мен
ғылымда, қызмет көрсету саласында және мемлекеттік басқаруда
кеңінен қолдануға жағдай жасау қажет. Тілді үйренуге ниетті адамға
сапалы оқу құралы ғана емес, қазақша сөйлейтін орта да керек. Тілдік
орта болмаса, үйренген білім тұрақты дағдыға айналмайды.
Сондықтан тіл үйретумен қатар мәдени іс-шаралар ұйымдастырып,
мемлекеттік тілді күнделікті қолданысқа енгізуге ұмтылуымыз керек.
Тіл мәселесін айғай-ұрансыз, бірақ табанды түрде шешу қажет екені анық. Бұл – орынды ұстаным. Тілдің дамуы күнделікті
тұрмыстан, әр адамның өз тілінде сөйлеуге және қызмет алуға, қазақ
мәдениеті шеңберінде өмір сүру дағдысынан басталады. Осы тұста
Ұлттық намыс айрықша керек нәрсе. Мемлекеттік тілге деген
қажеттілікті орнықтыру – мемлекетті, Тәуелсіздікті қорғау деп түсінген абзал!