СЕН ЖАЛҒЫЗ БА ЕДІҢ, ҚАРАҒЫМ?!
Сарғайған күздей
Солыңқы неге ажарың?
Жұптасқан мынау жалғанда.
Сен жалғыз ба едің,
Сен жалғыз ба едің, қарағым?!
Түнерген бұлттай қабағын түйген, қарғам-ай,
Басыңнан сенің өтті ме жағдай әр қалай?
Сүрлеусіз жерде сүрініп кетіп аңдамай,
Жасқанып енді келмей ме басқың әрі қарай?
Түңілдің неге сөндіріп үміт алауын,
Табылмады ма көңіліңдегі қалауың?
Тәкаппар біреу шүйірген көкке танауын,
Сезімнің жығып кетті ме әлде жалауын?
Таңдаусыз тағдыр маңдайға басқан таңбасын,
Салды ма саған жалғыздық деген шалмасын?
Телегей теңіз көңілдің көрмей көз жасын,
Тұңғиыққа енді бара ма тартып олжасын?
Алданып қалып айлалы талай түлкіден,
Айырылғандар көп қуаныш пенен күлкіден.
Табылар бұған, табылар бұған бір күні ем
Таусылма қарғам, таусылма, қарғам, өтінем!
Кездесер біреу, күтуден жүрек талмасын,
Үзілмес үміт арманға сені жалғасын.
Кеткенде қиял кей кезде бұзып арнасын,
Толқыған көңіл соғылып жарға қалмасын…
Авторы: Мұқтарбек Тұрысбекұлы
Мұқтарбек Айт facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/19zn4h2Ckp/

