Қазақстанның жаңа инфрақұрылымдық даму бағдары

Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа арнаған Жолдауында экономикамыздың орнықты дамуы мен елдің тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға тікелей ықпал ететін маңызды мақсат-міндеттерді айқындады.
Кеше Жолдауда белгіленген тапсырмалар аясында экономиканың нақты секторын дамыту мәселелеріне арналған баспасөз конференциясын өткізіп, салалық министрлермен бірге БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бердік.
Президентіміз алдағы 2027 жылды «Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады. 2029 жылдың соңына дейін барлық өңірде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағытталады. Бұл жұмыстар басталып та кетті. Инфрақұрылымды дамыту қоры аясында 1,5 трлн теңгенің 262 жобасы мақұлданды. Әсіресе әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту басымдыққа ие.
Салаларға бөліп нақтырақ айтсақ, денсаулық сақтау саласында 344 млрд теңгенің 41 жобасы жүзеге асырылады. Бұл қаражатқа жаңа ауруханалар, емханалар, перинаталдық орталықтар мен перзентханалар салынады.
Мәдениет, туризм және спорт салаларына 266 млрд теңге бағытталып, 23 нысан бой көтереді. Олардың қатарында спорт кешендері, мәдениет сарайлары, театрлар және басқа да әлеуметтік маңызды нысандар бар.
Білім беру саласында мектептер мен көпфункционалды кешендердің құрылысын қоса алғанда 101 млрд теңгеге 28 жоба жоспарланған.
Көлік инфрақұрылымын дамытуға 369 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа күре жолдар қайта жаңғыртудан өтеді, жаңа автомобиль жолдары, көпірлер салынып, 48 жоба жүзеге асырылады.
Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға 284 млрд теңге бағытталады. Магистральдық су құбырлары, тазарту құрылыстары, қорғаныс бөгеттері мен су бөгеттері қамтылып, 55 нысанда жұмыс жүргізіледі.
Жылумен және газбен жабдықтау саласындағы 67 жобаға 136 млрд теңге қаралған.
Бұл қағаз бетіндегі ғана жоспар емес, 122 жобаны жүзеге асыруға қазірдің өзінде нақты 497 млрд теңге қаржы бөлінді. Инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталатын қаржы Үкіметтің қатаң бақылауында болады.
Бүгінде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын әзірлеуге кірістік. Бұл бағдарлама аясында елімізде құрылыс көлемі одан әрі арта түседі. Нысандардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Қаражаттың жұмсалуын қоғамдық бақылау мақсатында «Халықтық құрылыс» жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылады.
Мемлекет басшымыздың жол сапасына қатысты орынды сыны бұл саладағы жұмысты ширатуға негіз болды. Еліміздегі барлық автомобиль жолдарына жауапты орган ретінде Көлік министрлігі айқындалды. Жол құрылысына қатысушылардың жауапкершілігін күшейту мақсатында менің төрағалығыммен автомобиль жолдары саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
Жыл соңына дейін «Рахман қайнары», «Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы», «Қызылорда – Жезқазған» және «Ақтөбе – Ұлғайсын» жолдары ашылады. Транзиттік автомобиль жолдарын дамыту аясында «Орталық – Батыс»,«Қарағанды – Жезқазған», «Ақтөбе – Ұлғайсын» бағыттарында, Сарыағаш қаласының айналма жолында құрылыс және реконструкциялау жұмыстары басталды.
Тамыз айында Президентіміз «Арал – Каспий» магистралінің құрылысын ресми түрде бастап берді. Бұл жұмыстарды 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Мемлекет басшымыздың елімізді Еуразияның көлік-логистика хабына айналдыру жөніндегі нақты тапсырмасын жүзеге асыруда көлік инфрақұрылымын дамытуға басымдық береміз. Қазіргі уақытта 37 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайларының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қолданыстағы Алматы және Үржар әуежайлары жаңғыртылып, Шымкентте екінші ұшу-қону жолағы салынуда.
Мемлекет басшымыз «Еліміз 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіретіндей деңгейге жету керек» деген стратегиялық міндет жүктеді. Ол үшін жаңа электр станциялары салынып, қолданыстағы нысандар мен электр желілері жаңғыртылады.
Біздің басты бағытымыз – импортқа тәуелді болмай, өзіміздің өндірістік мүмкіндіктерімізге сүйену. Осы ретте биыл 200-ге жуық жаңа кәсіпорын іске қосылады.
Алдағы ауқымды жұмыстың бағдары жоғары жауапкершілік және нақты іс-қимылға негізделеді.
Нұрлыбек Нәлібаев facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/1QbwsYC53Y/