БІР ДӘУІРДІҢ АДАМДАРЫ ТУРАЛЫ ДАСТАН

Ақтөбеде Мақсот Құсайынов атындағы мектеп-интернат бар. Даңқы алысқа кеткенін ел біледі.
Оның орасан жетістігін, әдеттегідей, оқушыларға лайықты білім берген ұстаздар мен озат түлектерінің арқасы деп қысқа қайыра салуға болар еді.
Алайда, көзі қарақты халық мұндай көзқарасты облыс қана емес, республика деңгейінде жаңашылдығымен көзге түскен дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың даму тарихына жасалған қиянат деп қабылдауы ықтимал.
Сондықтан, еліміздің өткеніне де көз жүгіртіп, жекелеген адамдар тағдыры арқылы тұтас дәуірдің бет-бейнесін, түрлі қоғамдық қатынастарды зерделеу көп мағлұмат береді.
Атап айтқанда, автор педагогикалық қызметке жан-тәнімен берілген жоғары кәсіби ұстаздар туралы, оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізуге жағдай жасап, мұрындық болған бірегей басшы — мектеп директоры Мақсот ҚҰСАЙЫНҰЛЫ жайында арнайы деректі повесть жазды. Оның тұлғалық қасиетін, қызметтік әдебін, отбасылық ұстанымын, әкелік қадірін жан-жақты ашып көрсетуге тырысқан. Орта білім беру ісі, тәлім-тәрбие үрдісі, соны ізденістер салыстырмалы түрде шынайы баяндалады. Үлгілі басшы ретінде танылған Мақсот Құсайыновтың өмірі мен еңбек жолы, бастаған ісінен нәтиже шығарудағы табандылығы осы саладағы қызметкерлер үшін ғана емес, бүгінгі буын мен келер ұрпақ үшін өнеге-үлгі болары хақ. Ал, жалпы оқырман қауымды танымдық мән-мағынасымен қызықтырып, ұстаздың өмірдегі орнын білуге, қадірлеуге үйретеді. Өз мәртебесін ісімен дәлелдеген ұстаздың алдында кез келген адам бас иеді.
Өмірде кездесетін кедергілер, ұстаздықты шыңдайтын қиындықтар жайында шыншыл естеліктер әсерлі өрбиді. Одан да маңыздысы — ол өмір сүрген дәуірдің адамдары жайында етек-жеңі кең әңгімелер “ЛЮДИ ОДНОЙ ЭПОХИ” повесінің тұтас желісін құрайды.
Әр тарауда еліміздің өмір сүрген кезеңдерге тән құбылыстардың мәніне терең бойлайды. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы кезіндегі, одан кейінгі жылдардағы түрлі оқиғалардың, депортацияның барысы, елдің тұрмыс-тіршілігіне қатысты қызықты фактілер мен тартымды детальдар оқырманға ой салады. Кейіпкерлермен бірге мұңайып, солармен бірге қуанып, шаттанатын тұстары да жоқ емес. Автордың сол кезеңді басынан өткерген тірі куәлерден жинаған фактілері әңгімелердің шынайы, нанымды шығуына септігін тигізіпті. Әсіресе, 90 жастан асқан өз анасының жинаған архивтік құжаттары мен естеліктерін ұтымды пайдалануы повестің мазмұнын көркемдік жағынан байыта түскені де байқалады.
Жанрлық тұрғыдан гибридті деп атауға болатын туындының табиғатын да қазір ешкім түстеп жатпас. Бастысы — қаламгердің өзегін өртеп, жүрегін тербеп шыққан еңбегінде көп ізденісі, танымдық тұстары жетерлік.
Кітап авторы, М.В. Ломоносов атындағы МГУ түлегі, химия ғылымының кандидаты Қорлан Құсайынова өзінің тырнақалды туындысын өмір бойы ұстаздық еткен ата-анасына арнау арқылы мыңнан бір борышын өтегенін сезінетін сыңайлы.
Кім біледі, өзіне жарық дүние сыйлаған жандарға алып ескерткіш, зәулім кесене тұрғызуға да болатын шығар.
Кезінде Қожа Ахмет Ясауиге арнап ғаламда теңдесі жоқ бірегей кесенені салғызған атақты қолбасшы Әмір Темір:
“Жазылған нәрсе әулеттің жадында қайырлы істен де ұзағырақ жасай бермек” деп жазған екен.
Мұны Қорлан Мақсотқызы оқыды ма, оқымады ма, онысы бізге беймәлім. Бірақ, дұрыс шешім қабылдағаны сөзсіз!
Дархан МЫҢБАЙ facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/1F7mTBd8Hp/