Мәслихат депутаттары Сарысу ауданындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен нысандардың жай-күйін зерделеді

Аудандық мәслихаттың перспективалық жоспарында қарастырылған маңызды мәселелерге сәйкес, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, мәслихат депутаттары және аппарат басшысы мен жауапты мамандар Жаңатас қаласының әкімдігі, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде, сондай-ақ бірқатар ауылдық округтерде арнайы зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Сапар барысында Жаңатас қаласы әкімінің міндетін атқарушы Талғат Төлебаев пен аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дәурен Шалбаев халық қалаулыларына өңірде атқарылған және алдағы уақытта жоспарланған жұмыстардың барысын баяндап таныстырды. Өз кезегінде мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков пен депутаттар қала әкімінің міндетін атқарушыға бюджеттік жобалар аясында іске асырылатын шаралардың сапасына баса мән беру керектігін қадап айтты. Әсіресе, шаһар аумағындағы саябақтарды абаттандырып, балалар ойын алаңшаларын орнату және өзге де мердігерлер атқаратын жұмыстардың сапасы мен кепілдеме мерзімін қатаң бақылауға алу қажеттігі атап өтілді.

Жиында сонымен қатар қала ішінде қараусыз жүрген мал иелерін тиісті заңнама аясында жауапқа тарту жұмыстарын жандандыру, тұрғындар арасында санитарлық тазалықты сақтау бойынша түсіндіру шараларын жүргізу және қаланың келбетін көркейту бағытындағы жоспарларды жіті қадағалау жөнінде нақты ұсыныстар айтылды. Бұдан бөлек, тұрғындар үшін «109 қызметі» бірыңғай байланыс орталығының жұмысын барынша қолжетімді ету және басқа да өзекті мәселелер көтерілді.

Зерделеу жұмыстары ауылдық округтерде жалғасып, Түркістан ауылдық округінің әкімі Дүйсенәлі Борсықов атқарылған шаралар мен алдағы жоспарлар туралы есеп берді. Ол депутаттарды жаңадан салынған мал тоғыту арнайы орнының, күрделі жөндеуден өтіп жатқан балабақша ғимаратының және өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында қолданысқа берілген жаңа өрт сөндіру бекетінің жағдайымен таныстырды. Заманауи талаптарға сай жабдықталып, арнайы өрт сөндіру көлігімен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бұл жаңа бекет ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін сақтауға, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету тиімділігін арттыруға айтарлықтай үлес қоспақ.

Сапар соңында Жаңаарық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Р.Исаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, ауылдағы бірқатар маңызды нысандардың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Халық қалаулыларының бұл жұмыс сапары өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге, атқарылатын жұмыстардың сапасын арттыруға және тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жүйелі бақылаудың маңызды бір кезеңіне айналды.