Кооператив жаңбырлатып суару технологиясын енгізіп, 12 отбасын жұмыспен қамтыды

Қазіргі ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану мәселесі ерекше маңызға ие. Осы бағытта Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылдық округіндегі «NUR TLEU» АШК-і ауданда суды үнемдеу және жаңбырлатып суару технологиясын енгізіп отырған алғашқы шаруашылықтардың бірі ретінде ерекшеленеді. Жаңбырлатып суару жүйесі арқылы су егістік алқаптарына қажетті мөлшерде әрі біркелкі жеткізіледі. Бұл суды ысырап етпей, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде шаруашылықта 100 гектардан астам жер игерілуде. Заманауи технологияларды енгізу арқылы кооператив ауыл шаруашылығын дәстүрлі тәсілдермен ғана емес, жаңа мүмкіндіктермен ұштастыруда.

Бұл бастама ауылдағы өзге де шаруалар үшін тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналуы мүмкін. Себебі су тапшылығы мәселесі күшейіп отырған кезеңде әр тамшы суды тиімді пайдалану – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін маңызды шарт. Сонымен қатар, кооперативтің тағы бір маңызды жетістігі – ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуы. Бүгінде шаруашылықта 12 жанұяның азаматтары еңбек етіп жатыр. Яғни кооперативтің жұмысы тек жер игеріп, өнім өндірумен шектелмей, ауылдағы еңбекпен қамтуға да үлкен үлес қосып отыр.

Ауылдағы әрбір жұмыс орны – отбасының тұрақты табысы, елді мекеннің әлеуметтік тұрақтылығының негізі. Сондықтан осындай шаруашылықтардың дамуы Сарысу ауданы экономикасының нығаюына тікелей ықпал етеді. «NUR TLEU» кооперативінің бүгінгі жұмысы – мемлекеттік бағдарламалардың ауылдағы нақты еңбекпен ұштасқанын көрсететін жарқын үлгі.