САПОЖНИК

Желінің бетін кейбір су жаңа Құрылтай депутаттарының Ант қабылдау рәсімінен түсірілген бейне жазбалар жайлап кетті. Сөйтіп жатқан соң амал жоқ, көрдік. Ұят-ай! Бәрі емес әрине, бірақ араларында «ыңқ», «мыңқ», «қыңқ» еткен маңқалар, «ң-ның» сірісін сындырып, қонышын басып, «н»-датып тұрған қалқалар, екі ауыз сөзді қағаздан қарап оқып, соның өзінен төрт ауыз қате жіберіп қасқайып тұратын өтпес «балталар» бар екен. Ойланып әрі қиналып қалдық, қайта-қайта құлақ-шекеміздің тұсын қасып, мұрнымыздың ұшы тершіп. Керісінше, қатарларында қазақша сайрап тұрған кейбір өзге ұлт өкілдерін көргенде, негізінен, мәселе кімдерге қатысты екенінің шет-шепірін түсінгендей болдық. Ана тіліңді, ұлттық діліңді өзге емес, алдымен өзің сыйлай алмай жүр екенсің ғой, Қазақия! Негізі, дүйім елдің алдында «адал ниетіне салтанатты түрде сендіру арқылы уәде беріп, куәлік етілетін» қасиетті жиынға сәл-пәл дайындалып, тіл сындырып келсе де болар еді. Әлде, ондай талап қойылмады ма екен? Түсінбедік. Ешкім оларға «көркем шығармадан үзінді оқып бер» деп қинап, мойындарына тым ауыр жүк артып жатқан жоқ. Е, біле білсеңдер «мешкей» деген жақсы ат емес. Тіліңнің тазалығы қайда, ал ана тіліне деген қарапайым құрмет ше? Оу, жап-жас «көкелер» мен «тәтелер», бұларың қалай, шүлдірлеп?! Көбің меңгере алмаған тіл мәдениетінің мүшкіл деңгейіне еш қатысымыз болмаса да, үйде отырып, ұялғаннан қысылып-қымтырылып, жер шұқып, шұлығымыздың басына қарап қалдық қой ақыр аяғында. Сендер енді «кино»басталмай жатып сөйтесіңдер ғой, «кинотеатрдың» берекесін алып, «жарықты» өшірмейтін жерде өшіріп, жақпайтын дерде жағып, қылтың-сылтың, жылтың-жылтың еткізіп. Осыдан кейін өздеріңнен көз алмай, көгілдір экрандарға үкілі үмітпен телміре үңіліп отырған көрермен жұрт «сапожник» деп айғайласа, ренжисіңдер, бұртаң, тыртаң етіп, қол-аяқтарыңды бауырға алып, асау тайша тулап, тайлақша тапырақтап. Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзды деген — осы. Өзі шақ тұрған шарық шолтаң ете қалды. Әттеген-ай!
Берік ЖҮСІПОВ facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/1DgoQA8z2i/