Отандық вагон жасау саласының мәселелері талқыланды

Кеше мемлекеттік органдардың, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдерінің, Атырау вагон жасау зауыты, «ЗИКСТО» және «Семей машина жасау» АҚ басшыларының қатысуымен отандық вагон жасау саласының мәселелері талқыланған кеңес өткіздім.
Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Еуразия құрлығының дәл ортасында, негізгі транзиттік бағыттар тоғысқан аумақта орналасқан артықшылығымызды ел игілігіне айналдырудың маңызын атап өткен болатын. Қазақстанды Еуразияның көлік хабы ретінде қалыптастыру – бұл салада атқарылатын жұмыстың басты бағыты. Ал заманауи инженерлік шешімдер қолданып, жолаушыларға жайлы әрі қауіпсіз вагондар жасау – осы бағыттың маңызды тармағы.
Кеңесте кәсіпорын басшыларының өндірістің қазіргі жағдайы, өндірістік қуаттың жүктелуі және даму жоспары туралы баяндамаларын тыңдадық. Басты назар аударылатын мәселелер – тұрақты әрі ұзақмерзімді тапсырыспен қамтамасыз ету, өндірісті дамыту, қазақстандық қамту үлесін арттыру.
Отандық вагон жасау саласын өнеркәсіптік кооперация негізінде жүйелі дамыту үшін шикізат пен материал жеткізушілерден басталған өндірістік тізбек құрамдауыш өндірушілер мен сервистік компанияларға дейін тұрақты қалыптасуы керек. Вагон жасайтын кәсіпорындар айналасында өнеркәсіптік кластер құрылса, құрамдауыштар мен жартылай фабрикат өндірушілер, материал жеткізушілер, сервистік компаниялар, ғылым мен білім беру ұйымдары бірігеді. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өндіріс көлемінің ұлғаюына да оң ықпал етеді және бәсекеге қабілеті артады.
Өндіріс пен нарықты, өңірлерді күн сайын жалғайтын теміржол саласының қажеттіліктерін қазақстандық кәсіпорындар өндіруде, бұл ретте отандық өнімге басымдық берілуі керек. Сонда ғана импорттық өнімге тәуелділік азаяды, ең маңыздысы, еліміздің өндірістік базасы нығаяды.
Мәселелерді талқылай келе мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдарға саланы одан әрі дамыту, қазақстандық қамту үлесін арттыру және өндірістік кооперацияны кеңейтуге қатысты міндеттер жүктелді.