Түркістанда бірлік пен болашаққа бастаған жастар лагері қорытындыланды

Түркістан облысында өткен үш күндік халықаралық «Бірлік – 2026» жастар лагері өз мәресіне жетті. Үш күн бойы еліміздің барлық өңірлерінен және Өзбекстан Республикасынан келген белсенді жастар бір алаңда бас қосып, білім, тәжірибе және достық кеңістігінде өзара байланыстарын нығайтты. Қатысушылар дипломатия, мемлекеттік басқару, көпшілік алдында сөйлеу шеберлігі, цифрлық трансформация және жасанды интеллект бағыттарындағы білікті сарапшылардың тренингтеріне қатысып, жаңа білім мен тәжірибе жинақтады.

Лагерь бағдарламасы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік құндылықтарын дәріптеуге, жастардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға және азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталды. Ұлттық және зияткерлік спорт түрлері бойынша ұйымдастырылған сайыстар жастардың ұйымшылдығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттады. Ал мәдени-танымдық бағдарламалар мен «Достық кеші» түрлі өңірлер мен этностардан келген жастарды жақындастырып, шынайы достық пен өзара құрметтің жарқын үлгісін көрсетті.

Лагерь аясында өткен ашық диалог алаңдары жастарға өз ойларын еркін білдіруге, жаңа бастамалар ұсынуға және қоғамдағы өз рөлін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. «Бірлік – 2026» – бұл тек жастар лагері емес, бірлік пен татулықты нығайтқан, жаңа идеялар мен мүмкіндіктерге жол ашқан, болашақ көшбасшыларды қалыптастыруға бағытталған маңызды алаң болды. Қазақстан халқы Ассамблеясының басты құндылықтары – қоғамдық келісім, өзара құрмет және достық рухы лагерьдің әр сәтінен көрініс тапты. Жастар «Бірлігіміз бекем, достығымыз мәңгі болсын!» деп көңілді тарқасты.