Домбыраның бала тәрбиесіндегі орны қандай?
Түркістан қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында Ұлттық домбыра күніне орай кітапханамыздағы домбыра үйірмесінің қатысушылары және өнерлі оқырмандармен «Күмбірле, қоңыр домбыра!» атты мерекелік іс-шара өтті. Негізгі мақсаты ұлттық өнеріміздің алтын қазығы саналатын домбыраны дәріптеу, жас ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігін арттыру және дәстүрлі музыкалық мұрамызды насихаттау, елжандылыққа баулу болып саналады.
Тағылымды жиында Түркістан облыстық медиация кеңесінің төрағасы, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы, Түркістан қаласының құрметті азаматы Бейсембаев Бақытжан, №28 мектеп-лицейі басшылығынан Замира Базарбайқызы және ақын, ұстаз Арқалық Әмәлият қатысушыларды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады. Домбыраның қазақ руханиятындағы орны мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы жылы лебіздерін білдірді. Мерекелік кеш аясында домбыраның шығу тарихы, қазақ халқының рухани-мәдени өміріндегі орны мен маңызы, күй өнерінің қалыптасуы туралы құнды мәліметтерді қамтыған «Домбыра – ұлтымыздың асыл қазынасы» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандар назарына ұсынылды. Көрмеге ұлттық музыка өнері, қазақтың дәстүрлі күйлері, әйгілі күйші-композиторлар мен домбыра өнеріне арналған кітаптар, энциклопедиялық және танымдық басылымдар қойылды. Келушілер көрмемен танысып, ұлттық мұрамыз туралы тың ақпараттар алып, кітапхана қорындағы құнды әдебиеттерге ерекше қызығушылық танытты. Кеш барысында кітапхана оқырмандары мен Балалар мен жасөспірімдер орталығының «Домбыра» үйірмесінің өнерпаздары қазақтың халық күйлері мен әсем әндерін орындап, домбыраның қоңыр үнімен көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады.
Қорытынды кезеңде кітапхана директоры Летаев Рысбек қорытынды сөз сөйлеп, Ұлттық домбыра күнінің мәні мен маңызына тоқталды. Сондай-ақ мерекелік іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан қонақтар мен ұйымдастырушыларға, домбыра үйірмесінің жетекшілері мен қатысушыларына алғысын білдіріп, алғыс хаттар табыстады.

