Шал болып қартаю оңай, абыз болып қартаю қиын…
Жылдар адамның жасын ғана өсіреді.
Ал парасатты, даналықты, абыройды – уақыт емес, атқарған ісі өсіреді.
Кейде ойлаймын…
Қазақ неге бұрын қартын төріне шығарған?
Неге бір ауыз сөзін заңнан биік қойған?
Өйткені ол кезде жасы үлкеннің бәрі бірдей қарт емес еді. Олар елдің жүгін көтерген, ұрпақтың қамын жеген, халықтың аманатын арқалаған жандар болатын.
Бауыржан Момышұлы қарттарды төртке бөліпті: шал, қария, ақсақал, абыз.
Осы төрт сөздің арасында тұтас бір өмір жатыр.
Шал – жасына ғана сүйенеді.
Қария – әулетіне сүйенеді.
Ақсақал – ауылына сүйенеді.
Абыз – ұлтына сүйенеді.
Абыздың әр сөзі – аманат.
Әр ісі – өнеге.
Әр қадамы – ұрпаққа бағыт.
Бүгін өзімізге адал сұрақ қояйықшы…
Біз қай жолдамыз?
Жастың ұлғайғанына мәз болып жүрміз бе?
Әлде даналықтың биігіне көтеріліп келеміз бе?
Мен де алпыстан асып, жетпіске қарай қадам басып келемін.
Өзімді шал деуге намысым жібермейді.
Өзімді абыз деуге арым жібермейді.
Өйткені абыз деген атақты адам өзіне өзі бермейді.
Оны халық береді.
Оны уақыт береді.
Оны артында қалған із береді.
Сондықтан өмірдің қалған әр күні – өзімізді емес, өзгелерді ойлайтын күн болса екен.
Жастарға сын емес, бағыт айтайық.
Ұрпаққа өкпе емес, өсиет қалдырайық.
Бірлікке шақырайық.
Берекені көбейтейік.
Өйткені ертең бізден дүние емес, сөзіміз бен ісіміз ғана қалады.
Қадірлі ағайын!
Әр ауылда елге сүйеу болып жүрген ақсақалдар бар.
Әр өңірде халықтың батасын алып жүрген қариялар бар.
Әр қазақтың арасында көпшілікке көрінбей-ақ, бір ауыз сөзімен елді тоқтататын абыздар бар.
Соларды тірісінде ардақтайық.
Есімдерін елге танытайық.
Өйткені елдің байлығы – жерінде емес, елін ойлайтын азаматтарында.
Алла Тағала баршамызға ұзақ ғұмыр ғана емес, қадірлі ғұмыр нәсіп етсін.
Жасымыз ұлғайғанда «тағы бір шал келді» демей,
«Елге сөзі өтетін бір абыз ортамызға келді» дейтін күнге жеткізсін.
Аумин!
Адамның жасы емес, артында қалдырған ізі сөйлейді. Шал болып қартаю – табиғаттың заңы, абыз болып қартаю – адамның өз таңдауы.
Абыздарға деген құрметпен,

