Домбыра – ұлт рухының мәңгілік үні

Шілде айының алғашқы жексенбісінде Қазақстанда Ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Бұл – халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен мәдениетін, рухани құндылықтарын дәріптейтін ерекше мереке.
Домбыра – қазақ халқының болмысын, тарихын, қуанышы мен қайғысын, ерлігі мен елдігін бойына сіңірген қасиетті аспап. Оның қоңыр үні ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұлттық рухтың символына айналды. Ел басына күн туған шақта да, бейбіт кезеңде де домбыраның күмбірі халықтың жігерін жанитын рухани күш болды.
Күй өнері арқылы халқымыздың шежіресі сақталды. Ұлы күйшілердің мұрасы бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Домбыра – тек музыкалық аспап қана емес, ұлттық тәрбие мен мәдениеттің, салт-дәстүрдің алтын арқауы.
Ұлттық домбыра күні – жастардың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырып, төл мәдениетімізді кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретін маңызды мереке. Еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылатын концерттер, күй фестивальдері, шығармашылық кездесулер мен ұлттық өнер кештері халқымыздың рухани мұрасын дәріптеуге бағытталған.
Домбыраның күмбірі әр шаңырақтан естіліп, ұлттық өнеріміздің өрісі кеңейе берсін. Қасиетті қара домбыраның үні ешқашан үзілмей, ұлт рухын асқақтата бергей!
