Қылышынан қан тамған қызыл империяның қиянатын қазақ аз көрген жоқ.
Сондай-ақ зұлмат жылдардағы қуғын-сүргінді одақтас елдегі өзге ұлт өкілдері де бастан кешті. Ал жер аударылған жандарды қазақ бауырына басып, паналатты. Міне, сондай қуғын-сүргін құрбандарының бірі – орыс жазушысы Галина Серебрякова.
Поляк революционерлерінің отбасында дүниеге келіп, 14-15 жасында азамат соғысының майдандарында шайқасқан, жеке адамға табынуды өте зиянды деп қараған ғылыми коммунизмнің негізін қалаушы Карл Маркстің жастық шағы жайлы тамаша кітап жазған Г.Серебрякова сталиндік қуғын-сүргіннің алғашқы толқынында-ақ зардап шеккендердің бірі болды.
Артық-кемі жоқ тұп-тура жиырма жылға жуық созылған азапты өмірді бастан кешірген. 1937 жылғы 29 қарашада тұтқынға алынып, түрмеге түскен. Арада екі жыл өткенде, яғни 1939 жылғы 1 қыркүйекте КСРО Мемлекет қауіпсіздігі министрлігінің айрықша мәжілісі РСФСР қылмыстық істер кодексінің аты-шулы 58-бабымен еңбекпен түзеу лагеріне кесілген. Бұл жазаны 1943 жылы өтеп шыққанымен, Коми АССР-іне жер аударылған Серебрякова өзі өтініп Қазақстанды, Семей қаласын қалап алады.
Өз кітаптарында жазғанындай, Галина Серебрякова қазақ жерінде ұлтымыздың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенованың алғашқы ұстазы болып, өнерге баулыған. 1946 жылы Семей қаласында әуесқой әншілер байқауы өткенде әділқазылар алқасының мүшесі Галина Серебрякова ол кезде ет комбинатында жұмыс істеп жүрген балауса әншінің талантын бірден таниды. Ал Галинаның анасы Бронислава Сегизмундовна пианист болатын. Екеулеп Бибігүлдің өнерін ұштауға кіріседі. Жас қыз консерваторияға оқуға кеткенше жер аударылған жазушы әйелдің отбасының бір мүшесіндей болған.
Арада көп жыл өткен соң, 1970 жылы Бибігүл Төлегенова «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында: «Мені ән салуға тамаша педагогтер баулыды. Бірақ мен Галина Иосифовнамен өткен сол тамаша күндерді өмір бойы есімде сақтаймын», – деп жылы естелігін айтады.
Қайда жүрсе де «халық жауы» деген атақ соңынан қалмаған қайсар жазушы әйел Галина кемеңгер Абайдың елінде көп бола алған жоқ. 1949 жылдың мамыр айында оны тағы да тұтқындап, сол жылғы тамызда «Айрықша мәжілістің» шешімімен 10 жыл еңбекпен түзеу лагерінде болу жазасы беріледі. Бұл аз көрінсе керек, 1951 жылы лагерьді түрмеде отыру жазасына ауыстырады.
Түрмелердің бірінің карцерінде қылмыскер әйелдер Галина Иосифовнаның құрметіне ән шығарды. Қарапайым, бірақ шынайы ән еді:
«Была я стройная, веселая, красивая.
Попалась в руки опасному врагу;
Женой я стала наркома всем известного,
А за него я в тюрьме теперь сижу.
В семье партейной я девочкой родилася.
Отец партейный, партейная и мать,
А мне судьбою так, видно, предназначено,
Чтоб на тюремной постели погибать».
Шын мәнінде, Галина Иосифовна Серебрякова бұл текке өзінің алғашқы жұбайы, большевик Леонид Серебряковтың арқасында ие болған.
Бірақ бұл неке тек бірнеше айға ғана созылды. Көп ұзамай Серебрякова қаржы халық комиссары (наркомы) Григорий Сокольниковке тұрмысқа шықты. Дегенмен, бұл бақыт та тым ұзаққа бармады. 1936 жылы халық комиссары «Параллельного антисоветского троцкистского центра», ісі бойынша тұтқындалып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды, ал кейінірек түрмеде өлтірілді.
Григорий Сокольниковтің тұтқындалуы оның әйелінің де тағдырына әсер етті. Ең алдымен, Серебрякова «қырағылықты жоғалтқаны және халық жауымен байланысы үшін» партиядан шығарылды. «КГБ. Председатели органов госбезопасности. Рассекреченные судьбы» (» КГБ. Мемлекеттік қауіпсіздік органдарының төрағалары. Құпиясы ашылған тағдырлар») басылымының авторы Леонид Млечиннің мәлімдеуінше, Галина Иосифовна әділдік іздеп, Сталин мен Ежовқа ұзақ хат жазған.
Осыдан кейін оны бірнеше рет беттестіру жауаптарына Лубянкаға шақыртып, күйеуіне қарсы түсініктеме беруді талап еткен. Нәтижесінде Серебрякова шыдай алмай, өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Оны аман алып қалып, алдымен Кащенко атындағы психиатриялық ауруханаға, содан кейін Бутырка түрмесіне жапқан.
1937 жылдың маусымында НКВД жанындағы «Айрықша кеңестің» үкімімен Галина Иосифовна 5 жылға Семейге жер аударылды. Бірақ бәрі мұнымен аяқталған жоқ. «Карл Маркс и Фридрих Энгельс» басылымының авторы Анатолий Новойдың айтуынша, 1939 жылы Серебрякова қайтадан қамауға алынып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
1949 жылы оған тағы 10 жыл лагерь жазасы кесілді. Бостандыққа шыққаннан кейін жаңа жер аудару жазасы беріліп, бұл жолы Жамбылға жіберілді. Рас, бірнеше айдан кейін Галина Серебрякова босатылып, ал 1956 жылы мүлдем толықтай ақталды. Қаржы халық комиссарының бұрынғы әйелі жалпы алғанда тар қапаста (бас бостандығынан айыру орындарында) 18 жылға жуық уақытын өткізді.
1958 жылы «Простор» журналында Сәкен Сейфуллин туралы естелік басылды. Авторы – Галина Иосифовна Серебрякова. Қазақ әдебиеті мен өнерінің 1936 жылы Москвада өткен онкүндігі кезінде А. Фадеевтің кабинетінде кездесіп, саяжайға қонаққа шақырғанын тілге тиек етеді де, Сәкеннің көрік-келбетін суреттеп, ежелгі парсы жұртының батырларына ұқсайтын азамат екендігін баяндайды.
Сонымен қатар, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1957 жылғы 22 қарашадағы санын тауып алдым да, «Сәкеннің мінезі, қылығы туралы» деген үшінші тарауында «Сәкен әдемі нәрсені жақсы көруші еді. Советтік құрылыстың алғашқы кезінде финанс паркомы болған Сокольниковтың әйелі, белгілі жазушы Галина Серебрякова 1936 жылы Сәкенді Москвадағы үйіне қонаққа шақырып, әдемі қобдиша сыйлады. Сол үйден шыға бере Сәкен қағазға оралған қобдишаны ашып, толысқан айдың сәулесіне тосты да: «Осындай көркем нәрсені ұстаған әйелдің саусағына қол тию қандай рахат!, деді, Сәкен сол сияқты сәнді нәрсені көбірек жинауға тырысатын еді», деп естелігін жалғастырады.
«1936 жылдың он сегізінші маусымында Горький қайтыс болды. Алексей Максимовичті жерледі. Қуаңшылық әрі ыстық жаз адамдарды да, табиғатты да қажытып жіберді. Мен саяжайда тұрып жаттым, азамат соғысы жылдарындағы замандас әйел туралы жазып жүрдім, Мәскеуге сирек баратынмын.
Бір күні маған Фадеев телефон соғып, өз кабинетінде Мәскеудегі Қазақ өнерінің онкүндігіне (Декадасына) келген көрнекті ақын Сәкен Сейфуллин отырғанын айтты. Ол менің қазақ тіліне өзі аударған «Маркстің жастық шағы» («Юность Маркса») атты кітабымды ала келіпті. Мен Сейфуллинді Баковкадағы үйіме қонаққа келуін өтіндім. Көп ұзамай ол кітапты, әйгілі Алматы алмасының бір жәшігін және қазақ көркем өнерінің онкүндігіне келуге шақырған үкіметтік шақыруды ала келді. Алманың дәмі есімде жоқ, ал хош исі саяжайымызды кернеп кетті. Үйге келіп- кеткендерді былай қойғанда көрші- көлеңдеріміздің «Галя, француз духиін төгіп алған жоқсың ба?» деп сұрағаны бар.
Шақыру билетімен қазақ көркем өнерінің онкүндігінде «Қыз Жібек» спектаклін көріп, концерттерін тамашаладым. Күләш сынды сандуғаштың әні құлағымнан әлі кете қойған жоқ. Менің әнді де, әншіні де айыра алатындай жайым бар. Опера әншісі болуға мүмкіншілігім бар еді, – деп мақтаныш сөзін араластырып та жатыр. – Онан кейін талай естідім ғой Күләштің бұлбұл үнін, бірақ алғашқы әсердің аты алғашқы әсер ғой.
Осылай концерттерін көріп жүрген күндердің бірінде Сәкенді қонаққа шақырып ем, толасты бір шақта Сәбит екеуі саяжайға келді. Күтетін қыз-келіншектер барына қарамай дастарқан жабдығына анда-санда өзім араласып қоямын, әйелміз ғой енді, біздің табиғатымызға біткен мінезден қалай арылайын. Кіріп-шығып жүргенімде піл сүйегінен жасалған Тадж-Махалдың макетін Сәкен қолына алып, айрықша ыждаһатпен қарап тұрғанын байқап қалдым. Стол басында мен Сәкенге қарама-қарсы отырдым. Алғашқы әсерімді қайта бір тексермекпін. Сол кезде қырықтан сәл ғана асқан Сәкен Сейфуллиннің ер тұлғалы сұлу келбетіне мен тағы да қайран қалдым. Аққұба кесек жүзі құбыла құлпырып тұрады екен. Ұшқын атқан ақылды қара көздерін адамға тура қадап, адалдығын таныта қарайды екен. Табиғи сымбатына жан дүниесі сай. Орыс тілін емін-еркін игеріп, тіпті, әдеби орамдарды өте нәзік түсінеді екен. Өзінің тындырғанынан гөрі, халқы туралы көп ойланып жүретінін әр сөзінен аңғартып отырды. Ондай сезім көбіне-көп ел-жұртын жан-тәнімен сүйетін, тарихын жетік білетін шын патриоттарда ғана болады. «Ол әсіресе, Қазақстанның қазынасы мен сұлулығы турасында шабыттана, сүйсіне сөйледі. Сейфуллиннің қызулы да әсерлі әңгімесі мені қиырдағы бейтаныс өлкеге ғашық етті» (Г. Серебрякова, Өткен жылдарға саяхат. А., 1966, 146-бет. Аударған Хамит Хасенов).
Дастархан басындағы сұқбатымыз жаңа танысқан адамдардың ыздиюынан аса алмады. Сәкен тамақсау адам емес екен. Сонсын, арақ-шарапқа да зауқы шаппайтын көрінеді. Әшейін, қатардан қалмайын, өзіме көңіл аудармасын деп рюмкені қолына алғаны болмаса, құныға қылғытқанын байқамадым. Бұл да мәдениеттіліктің белгісі ғой. Сонымен не керек, күн еңкейе қонақтарым қопаңдай бастады. Қазақ рәсімімен сыйлай алмадық па, әлде өздерінің бір шаруасы болды ма, әйтеуір кетер адамның «рахмет, алғысын» көп жаудырды. Орындарынан тұра бергенде Сәкеннің көзі Тадж- Махалдың макетіне түсіп кеткендей болды. Мен жалма жан қобдишасына макетті салдым да, Сәкенге сыйға тарттым, Қолына ұстата алсамшы, «ұят болады, біз сізден сый-сияпат дәме етіп келгеніміз жоқ» деп маңайлатпай қойды. Сонда Сәбит «көңілін қалдырмаңыз» деді ме екен қазақшалап, әйтеуір ыңғайсыздана тұрып бір уақытта қол созды. Сәбең естелігінде айтылған қобдиша есіме түссе де, сөзге араласпай мен отырмын.
Сонымен не керек, қонағымызды риза қылдық па, жоқ па, әйтеуір аттандырып салдық. Міне, менің Сәкенді кездестіріп, дастарқандас болуымның бар сыр осы. Небәрі екі-ақ кездесу, бірақ оның жиырма жыл бойына естен кетпестей зардабы болды ғой, – дедіГалина Иосифовна.
Қазақстан үкіметінің ресми шақыруы мен Сәкеннің қолқасын орындау ұзаққа созылған жоқ. 1937 жылдың күзінде Алматыға семьяммен жер ауып келдім.
«Делегаттар үйі» аталған мейманханасының екі бөлмеден тұратын номеріне келіп жайғастым.
Алматының күзі Москваның жазынан да ыстық болады екен, Күннің тыншуынан ба, әлде көңілдің қобалжуынан ба, тегінде мұндай ауаға үйренбегендіктен болар, әйтеуір, тынысым тарылып бара жатқандай сезінемін. Көк базардан көкөністің түр-түрін, тіпті тегін бағаға алып келіп, байғұс шешем мен екі қызымды риза қылсам да, қабағым ашылып, көңілдегі бір түйін тарамай қойды. Әрине, жер ауып келді деген оңай емес, ал бірақ мынадай жайға кезіккен соң ең болмаса поезд үстіндегі тәни қажудан, аптабы мен шыжғырған күн дабынан арылуға тиіс ем.
Уақыт өтіп жатыр. Алматының басы абыр-сабыр. Газет-журналдардағы сөздерден зәрең ұшады. Сәкеннің атына лағнет айтылғанына біраз болған сияқты, өйткені, Сәкендер – «жапон шпиондарының құйыршығы» деген күйелегіш сөздер анаған да, мынаған да айтылып-жазылып жатыр. Әсіресе «Социалистическая Алма-Ата» деген газетті оқу өте қиын. Толып жатқан адамдардың аты аталды. Шынымды айтайын, «Алматыға келдім» деп ешкімге де хабар бере алмаймын, өйткені «пәлем» жұғады.
1936 жылғы троцкистер сотында менің күйеуім Сокольников «әшкерленген» болатын, ел-жұртқа қарайтын бет жоқ. Не деп хабарласпақпын? Қастығы жоқ қой басқалардың, – деп ешкімнің көзіне түспей күн кешіп жатырмын. «Троцистің әйелі» десе, сатып жатқан нәрсесін тыға қойғандар да кездесті.
Қайтесің, кеудеңде жаның барда тіршіліктің машақаты өз дегенін істетеді екен. Алматыда алғашқы қар түскен күні мені ай-түй жоқ, семьяммен дұрыстап қоштасуға мұрша бермей, алды да кетті. Ондайға Москвада үйренгенбіз, бірақ шындық жеңген болатын. «Оның троцкист болатын білсем, маңынан жүрем бе? Әкем де, шешем де – революционерлер. Шешем Ф. Э. Дзержинскиймен, оның жары Софья Сигизмундовнамен Польшаның жастар қозғалысына қатысып жүргенде, менің әкеме кездесіпті. Кезекті тұтқындаудың бірінде аяғы ауыр шешемді Варшава түрмесінен Украинаға жер аударыпты. Мен Киевте туыппын. 1919 жылдан коммуниспін» деп өз бетіммен жасаған еңбектерім мен қызметтерімді айтып құтылып шыққанмын. Соның ең соңғы жазасы жер аудару болар деп шамалағанмын. Алматыда түрмеге қамаламын деп еш ойлаған емен. Түнде әкеліп бір камераға кіргізіп жіберген. Қап-қараңғы. Түн болған соң қараңғы шығар десем, олай емес. Анау-мынау саңлаулардан өткен сәулелер камерада терезе жоқтығын аңғартты.
Жалғызбын. Хабар-ошар білетін тірі жан жоқ, Қанша уақыт өткенін әлі күнге дейін білмеймін, қаталап бара жатқан соң есікті тарсылдатып ем, арғыжақтан тықыр естілді. «Су, су» деп айғайладым. Екі-үш күннен кейін болар деймін, жылмаңдаған біреу келіп, тексере бастады. Мәдениетті болуға тырысқанымен, сұмырайлығы көрініп-ақ тұр. «Бірнеше күн жападан-жалғыз қараңғы камерада неге ұстадыңыздар? – деп шаптыққаныма миығынан күліп жауап берді. Адамға тіке қарамайды, көз жанары бір орында тұрмайтын ысқаяқтың өзі екен.
Жалпы жай-күйімді білгеннен кейін «Қазақстанда кіммен таныссыз, кімді білесіз? Жора-жолдастарыңыз бар ма? Бұл жақта бұрын болып па едіңіз? Ұлт республикасынан Москваға талайлар барып жүреді ғой, мүмкін, сонда танысқандарыңыз болған шығар» деп жанамалатып, сұрақ үстіне сауал жалғап мазамды алды. «Анау тар қапастан гөрі, мынамен сөйлесіп отырғаным жөн ғой» деген ой қылаң бергенімен, тез кеткім келіп, асығып отырғанмын. Көмекейінің арғы жағында айтпай отырған бір зілі бар сияқты.
— Азаматша Серебрякова, сіз қазақстандықтармен байланысыңызды айтпай-ақ қойдыңыз ғой. Оныңыз өзіңізге сор боларын сезбей отырсыз. Онан да бар шындықты айтып, азаптан құтылмайсыз ба?! – Білмесем немді айтпақпын? – Білесіз, білгенде қандай?! Есіңізге салайын ба? Өзіңіз мойындағандай болмайды ғой. Жазаңызды ауырлата бересіз текке. – Өткен жылы қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқановпен танысқанмын. Спектакль, концерттерін көргенмін. – Е, е, енді жөнге жүре бастадыңыз. Манадан бері осыны айтпайсыз ба?! Иә, иә, содан кейін. – Бар болғаны осы, онда тұрған не бар екен? – Ойланыңыз, «а» деп ауыз ашқан соң, «б-сын» жасырмаңыз. Сонымен, декадада Сәкен, Сәбитпен таныстыңыз, есіңізге түспесе, мен түсірейін, саяжайға қонаққа шақырдыңыз. Оны неге айтпайсыз? Театр, кабинетте кездесу мен саяжайда кездесу бірдей деп кім ойламақ? Кездесуге Москвадағы пәтеріңіз жарамады ма? Жоқ, онда көзге түсіп қалармыз деп қауіптендіңіз бе? Әрине, троцистердің әйелдері қай жерде кіммен кездесуді біледі. Оған біз де қанықпыз. Көрдіңіз ғой әңгіменің төркінін, иә, сонымен… – Рас, қонаққа шақырғаным бар, бірақ онда Қазақстанның жай-күйі, әсіресе әдебиеті жайлы ғана әңгіме болды. Оның қандай әбестігі бар? – Онда не жайында сөйлескендеріңізді білейін деп әдейі әңгіме қозғап отырмын ғой. Сіз шыныңызды айтпай отырсыз.
Сіз шыныңызды айтпай отырсыз. Істеген істі мойыныңызбен көтере алмайтын болған соң, неменеге араласқансыз, азаматша Серебрякова, – деп ызғарлана түсін суытты. – Өз ақымақтықтарыңды бәрімізге жұқтыру үшін босқа әлектендіңдер ғой. Еліміздің дәм-тұзын татып, машинасына шалқая отырып: Россияда социализм орнатуға болмайды, шамасы жетпейді, дайындығы жоқ» деп көкігенде ғой алдарыңа жан салмадыңдар. Тілектерің болмаған соң, іштен жегідей жемек болдыңдар. Әртүрлі сілімтіктермен жең үшінен жалғастыңдар… Бүгінгі кездесу осымен аяқталсын, болашақ жауаптың сүрлеуіне салып жібердім ғой деп ойлаймын. Ақылыңыз болса ойланарсыз, толғанарсыз, есіңізге түсірерсіз, шындықты айтарсыз. Өз аузыңыздан шықса ғана жеңілдік боларын ұмытпассыз, – дегенде есік ашылды.
Жан алатын әзірейілдей екі жігіт жетіп келіп, мені таныс камерама қайтадан сүңгітіп жіберді. Екі күн өтті. Кешке қарай есігім қаңғыр-күңгір ашылып, тағы да дедектей жөнелдім. Мен кіргенде төртбақ қара маған тесіле қарап біраз тұрды да, иығын қиқаң еткізіп шығып кетті.
Тергеуші: – Әбден ойлансын деп мазаламадық. Айта беріңіз, мен жазып отырайын, – деп керіле көсілді. Астындағы орындығы сықыр-сықыр етеді. Мен үндемедім. – Ойыңызды неден бастауды білмей отырсыз ба, әлде ауыр-жеңілін безбендеп отырсыз ба, құлағым сізде.
Тағы да үнсіздік орнады, көзінің астымен менің өне бойымды тінте қарап отыр. Көзін көзіме қадауға дәті бармай ма, әлде төмен қарауға дағдыланған ба, әйтеуір тіке арбасудан қашқалақтайды. – Ия, сонымен айтыңыз шыныңызды, тосып отырмыз ғой. Әжептәуір көрікті әйел екенсіз, биыл отыз екідесіз, дүниенің рахатын түсінген, әбден піскен шақ қой бұл. Ал қайдағы бір сілімтіктердің сөзін, ойын жасырмақ боласыз. Мәдениеттілікті де түсінбейсіз. Неткен ақылсыз жан едіңіз. Айтасыз ба, әлде айтпайсыз ба? Өткенде айтылған ойдың желісін түсініп пе едіңіз, әлде бір құлағыңнан кіріп, екіншісінен шығып кетті ме? Сөйлейсіз бе, жоқ па, адамның төзімін тауысып барасың ғой, қаншық! Сөйле, айт шындықты! Бәрібір айтасың, мойындайсың, – деп зәрін сұп-сұр бетіне жинап, «сен мен сізді» араластыра бастады. – Нені сұрағаныңызды түсінбей отырмын. Күйеуім троцкист болып айыпталды, сотталды, жазасын тартты. Сонда мен немді мойындауым керек? Одан тапқан екі қызым бар. Революционер шешеммен Алматыға жер ауып келдік. Осыдан басқа нені айтуым керек.
… Бұлғаңдама, бұлғаңдатпа, троцкийшіл қаншық, білеміз сендердің тілменен де, денемнен де қалай бұлғаңдайтындарыңды. Саяжайда не үшін кездестің Сәкен Сейфуллинмен? Ол сенің соңына түскелі біраз жыл болған, бірак ұятсыздар, арсыздар, араларыңа «Маркстің жастық шағын» салып танысуға ұялсаңдар еді. Соған ризашылық көңіл білдірген болып, оңаша не сөйлестіңдер? Сендей сайқалдардың таппайтыны жоқ қой, талайлардың көз жасына қалған анау Сәкеннің Дон-жуандығына қызыққан болып не сөйлестіңдер, недей байламға келдіңдер? Осыны айт, осыған жауап бер. Саяжайдың әсем бағында өскен гүлді сол күні ғана көргендей, Сәкенмен неге соншама ұзақ серуен құрдың? Қандай ләззат таптың сен сорлы, қандай хабар жеткіздің сен делдалшы, қаншық, – деп аузына келгенді ағытты. Мәдениетті болмаққа тырысқан тергеушінің шын келбеті осылай көрінді. Бұлардың бәрі демейін, әй, әй, басым көпшілігінің білім деңгейі төмен еді ғой. Білімсіз адам – қолшоқпар ғой, тапсырманы ғана орындауды біледі. Мұрнының астындағыдан басқаны көре алмайды. Осындай ұрда-жықтардың қолына тап болдық қой, – деп Галина Иосифовна қамыға сөйледі.
Ол надан менің аузымнан ештеңе шықпайтынын сезген соң, қасыма жақындап келді де шапалағымен бетімнен тартып кеп жіберді. Көзімнің оты жарқ ете түсті. «Мен сенің қатының емеспін ғой» дей бергенімде, «қатындықтан садақа кет, сен сволочь» деп жұдырығымен періп жібергенде, орындықтан ұшып түстім. Сол кезде аяғына ерік берді. Еденде домалап жатқанымда жендеттің екі көмекшісі алып кетті. Сол баяғы таныс камера. Неше күн ұстағанын білмеймін, әйтеуір қара су мен бір түйір нан әзер келеді. Тұщы етіме ащы таяқтың осыншама қатты тигенінен бе, әлде оған қоса жанымның жаман жарақаттанғанынан ба, әйтеуір орнымнан тұрмай жата бердім, жата бердім.
Кезекті тексеру «иманжүзді» өтті. Аузымды ашпай қойғаныма қарамай, тексерушінің көңіл-күйі көтеріңкі көрінді. Оның себебін ойлап жатайын ба, өйткені мұндай доңыздар тойып жеген дәмді тағамы үшін ар-ұжданың оп-оңай сатып кете береді. Арсыздардың әдеті ғой ол. Сондықтан олардың қасы мен қабағын бағу – өнбейтін еңбек, психологиялық жағынан талай опық жегізетін көрініс. Оларда логикалық ойлау болмайды, сәтті-сәтсіз кез, яғни мынау ақ, анау қара деген түсінік болады да, біріне-бірі ауысар сәттегі толып жатқан өзгеріс-өткелдерді мүлде ескермейді.
— Әлгі доңыз орнынан тұрып: «Ия, сонымен не дейсіз? Қылмысыңды неге мойныңа алмайсың. Бізге бәрі де аян ғой», – деп «сен мен сізді» араластыруынан сескене бастадым. Тағы да ұра ма деп қорқып отырмын. Бірақ білмегенімді, естімегенімді, істемегенімді қалай мойныма алайын. Өйтіп өзімді де, өзгені де тамұқтың отына қалай тастайын, – деп ойланып отырғанымда тергеуші: – Жарайды, айтпасаң айтпай-ақ қой, ұятсыз, – деп орнына оралып, бір парақ қағазды менің мұрнымның астына тосты. – Міне, мынау сенің тағдырың, көріп қой. Сәкен азамат екен, сенің бар сырыңды ашып берді, – деп масаттанған адамның кейпін байқатты. Орнына қайтып барды. – Біздің кездесуіміз осымен аяқталады. Сендей қаншық үшін осынша күнді шығындауымның өзі ерсі. Сонымен сен буржуазияшыл ұлтшылдар мен троцкистердің связнойы болғансың. Міне, Сәкен соны растап отыр, ашықтан- ашық мойнына алып отыр. Әрине, сендей сұлу қаншықтар кімнің болса да басын оп-оңай айналдырып алады ғой, бірақ дегендеріңе жете алмадыңдар. Сендердің айла-амалмен құрған одақтарыңның күлі аспанға ұшты. Сәкен сияқты иттерден таяныш іздеген сендер ақымақ, көзсіз соқырсыңдар, – деп біраз көкіді. – Мына протоколға қол қой. Қоймайсың ба?! Қоясың, сен қарғаш-қаншық, қойдырамыз! Сенің қолың бізге тіпті дәрі емес. Міне, Сәкен Сейфуллиннің қолы бар. Сол жетеді сен қаншыққа.
…Беттестір сол Сәкеніңмен. Сонда ғана шындық сыры ашылады, әйтпесе, өз долбарыңды өзің протокол етіп отырсың, – деп ем. – Сенімен тәжікелесіп отыратын уақыт жоқ, – деп солдаттарға мені тапсырды. Осы жолы ұзақтау жүрдім, басқа камераға әкеп қамады. Мұның торлы терезесінің әйтеуір сәуле түсетін тесігі бар. Ешкіммен хабарласпағаныма он шақты күн болып қалған еді. Міне, анам байғұстан сәлемдеме де келді. Москвада да солай болған. Революционерлік жолға түскен кезін қартайғанда қайтадан есіне түсіріп, сәлем-сауқатпен аман-саулығын білдіріп отыр. «Сот» болды. Үш адам келді де небәрі жиырма минут ішінде менің тағдырымды шешті. Кінәнің ең үлкені Сәкеннің көрсетуі, яғни «буржуазияшыл ұлтшылдар мен троцкистердің арасында связной болып, талай тапсырманы орындады. Жапониямен байланысуға мүмкіндік жасады» деген сөз болды. Мені он жылға соттады. Міне, Сәкеннің «шапағаты» маған осылай тиген!
– Он жылға кесіліп, Семейге айдалдым. Реті түскенде анама хабар беріп ем, соғыстың алғашқы айларында сәлемдеме алдым. Семейге көшіп келгенін білдім. Қара түнек күндер созыла берді. Еліміздің суық жағына қуды. Жоғарыға арыз жаздым. Қайтадан қарады. Алдынан Сәкеннің көрсетуі тағы да шыға келді.
Өз күйеуімнің айыбынан құтыламын да, Сәкенге келгенде тұтыламын. Тауым шағылып, камераға қайтып келген соң, «осындай итті құдай менің жолыма қайдан кездестіріп еді?! Не деген қарғыс атқан адам еді бұл Сәкен!» деп бірнеше күн қарғап-сілеймін, көзімнен сорам ағып, ашу-ызадан не істерімді білмеймін. Өмір емес пе, біраздан кейін ол күйден де арылып, толқынның айдауымен жүре беремін. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін жақсылықтан үміт етіп, жеңістен кейін жеңілдік жасар деп ойлап, арыз жаздым. «Баяғы жартас, бір жартас». Қайтадан Сәкенді қарғап-сілеу, көз жасын ағызу. Не керек, 1947 жылдың күзінде абақтының есігінен аман-есен шықтым-ау. Есімізді жинап алайық деп тіршілік қамына кірістім. Анам байғұс консерваторияда фортепьяно класында оқығанын нан табудың амалына айналдырып, корек қылып жүр екен. Мен осы салаға ұмтылдым, өйткені Лондонда Манлио Дивероли, Римде Ванци, Москвада Нежданова мен Голованов сынды атақты әнші, дирижерлерден вокал үйренгенім пайдаға асты. Шешем қызмет істеп жүрген Семейдің ет комбинатының өнерпаздарын әнге үйретіп, хорын басқардым, Сендерде әлі таныла қоймаған Бибігүл Төлегенова деген әнші бар. Ол – менің шәкіртім. Қазір даусын анда-санда радиодан естіп қаламын. Ол ұлы әнші болуға тиіс, ептеп бабы жетпейтін сияқты, бірақ тәжірибе молайған сайын оның кереметі ашыла түсуге тиіс, егер талмай-жалықпай жұмыс істесе.
Қандай құйын соққанын білмеймін, мені тағы да дедектетіп ала жөнелді. Ақмола қаласының іргесіндегі № 26 точкадан бір-ақ шықтым. Бұл әйелдер лагері екен, талай ардагерлердің жарлары осында қиямет-қайымды басынан кешірген болатын. Аз күнгі бостандықта қоңданып, ажарым кіре бастаса керек, келген күннің ертеңінде-ақ лагерьдің бастығы өзіне шақырып алып танысты. Әдеттері солай шығар деп бір қойдым, бірақ шақыру көбейе берді. Тексеруден гөрі кездесу реңі басым. Біраздан кейін әлгі майор көңіл білдіре бастады.
Қыңқылдауды шығарды. Жай-күйім жаман емес. Тұтқын атым болмаса сол лагерьдің ерке бойжеткені сияқтымын. Азап-бейнет шегіп жүргендерге ән үйретуші болып та қалдым. Ара-арасында өзім де ән салып, сахнаға шығып қоямын. Майор Семен Семенович өзінің нөкерімен ондай концерттен қалмайды. Адам емеспіз бе…
«1949 жылдың тамыз айы болатын. Мен Совет Одағының ең әдемі қалаларының бірі Алматыда тұтқында, жалғыз кісілік бөлмеде қамауда отырмын. Менің камерамда терезе жоқ. Күні-түні жанып тұратын электр шамы менің миымды қайнатып жатқандай. Уақыт деген азапқа айналды. Мен тірілей көрге көмілдім. Тағдыр мені қараңғы қапас шыңырау түбіне тастағалы он үш жыл өтсе де, мені әлі де құлдырап төмен қарай құлай берудемін… Саяси қарғысқа ұшыраған менімен мен сияқтыларға іш тарту зор қырсыққа ұшыратып, қуғынға түсіретің еді. Жұрттың бәріне өзімнің алапестей болғанымды түсінетінмін. Ішкі түрменің есігіне келгенде мені «қолхатпен» екінші біреуге тапсырды да, министрліктің үйіне кіргізіп жіберді. Сөйткенше есік ашылып кетті. Буын-буыным қалтырап, шкафтан әрі өттім де, көп терезесі, ұзынша кілем төсеніштері бар айнадай жарқыраған тап-таза кабинетке келіп кірдім. Үлкен жазу столының ар жағында басы бильярд тасындай жып-жылтыр тақыр, жүзі суық, көзі жыртқыш құстың көзіндей өңсіз жылтырайды. Көзін сығырайта қарап, кенет: – Сіз Борис Горбатов жайында не білесіз? Ол екеуіңіздің қандай контрреволюциялық істеріңіз бар? – деді (138 42). «Әлгінде ғана майор, одан Алматы, енді міне Борис Горбатов дегені қалай?» деп ойлана бергенде Галина Иосифовна: – Артынан білдім, әлгі дөкей Вызов деген екен, – деп бір қойды. Серебрякованың Горбатовқа арналған новелласы әуелгі кітаптарында жарияланып жүрді де соңғы таңдамалы шығармаларының 1975 жылы шығарған екі томдығынан сылынып қалыпты. Қазір оны түсіну қиын емес, өйткені отыз жетінші жылдың ауыртпалығын ашына суреттегені осы новелла болатын. Тағдырының осындай күрт өзгеріске ұшырауына Борис Горбатовтың адамгершілігі себепкер болыпты.
1949 жылы Қазақстан Жазушылар одағының пленумын өткізуге келген Борис Горбатов «Серебрякова Қазақстанда» дегенді естіп, тағдырын жеңілдетейін деп жанашырлық жасаған көрінеді. Тіпті әлгі кабинет иесіне жолыққан да сияқты. Кабинетіне шақырып алғанда ол тауқыметті жеңілдетпепті, қайта «тірі екеніңді неге білдіресің» деп тексеруді ауырлата түсіпті. – Әлгіге барып шыққаннан кейін сорым қайнады. Тергеуден тергеу күшейіп, бір күні мені тар қапасқа кіргізіп жіберді. Тек тік тұруға ғана мұршам келеді. Қабырғасы да, едені де күйіп тұрған бір пәле. Ұзақ тұра алмайсың, ыстығы миыңнан өтеді. Сондықтан солдат сияқты бір орында адымдайсың да тұрасың. Қаншаға шыдағанымды бір құдай білсін, көзімді ашсам, баяғы тар қапаста жатқанымды білдім. Сонымен, не керек Сәкеннің баяғы көрсетуіне Семен Семеновичтің махаббаты араласып, Жамбыл түрмесіне аударылдым. Перзентті болдым. Сол ма, әлде басқа бірдеме болды ма, әйтеуір мен милицияның бақылауында тұратын болып сыртқа шықтым-ау.
Шешем мен қыздарымды Семен Семенович осында көшіріп алдырып, баспанаға ұқсас бірдемеге кіргізіп қойыпты. Өзі иықтағы погоннан, қалтадағы билеттен айрылып, менің соңымда жүр екен. Басқа жерді паналап, қара жұмыспен күн көріп жүрген көрінеді.
Оңтүстіктің күні жылы болмағанда, бұл күнге жетер ме едік, жетпес пе едік. Түрмеде туған Татьяна аурушаң болды, Оның көрген рахаты, «бақытты» сәті – жұқпалы аурулар жататын оңаша изолятор болды. Таза керуетке жатып, күнде кисель ішкен баламды ауруханадан әкете алмағаным әлі есімде. Өз «үйінен» безу үшін қаншама жайсыздықтың болуын шамалайтын шығарсыңдар.
– Сонымен, не керек, 1956 жыл жетті-ау. КПСС XX съезінен үлкен жақсылық күттік.
Ретін тауып, Москваға кетіп бара жатқан бір адамнан ескі танысыма хат жолдадым. Ол Кремльдің ішіне кіріп, съездің почта жәшігіне менің хатымды салуға тиіс. Ол хатта менің бар тақсыретім жазылып, көргенім баяндалды. Съезд өтті, қаулы-қарарлары біздейлерге үміт отын жағардай ұнамды. Тамыздың шуақты күндерінің бірінде Жамбыл облыстық партия комитетіне шақырылдым. «Хатым жеткен екен, обкомға шақырылу бір жақсылықтың басы ғой» – деп «барымды киіп, байлауышымды байлап» дегендей, ернімді бояп, шашымды тарап шақырған мезгілінен әлдеқайда ерте келдім. Ешкімді танымаймын, еміс-еміс әңгімеге қарағанда әркімнің арыз-шағымын қарап жатқан сияқты. Жүрек ұясынан шығып кетерліктей бұлқынады, дүрсілдейді. Кезегім жетті. Мәжіліс залының кіреберісіндегі орындыққа отыра бергенімде, қолының кемістігі бар-ау деймін, бір адам орнынан тұра берді. – Кезекті іс Галина Иосифовна Серебрякова жолдастың ХХ съезд Президиумына жазған хаты жайында болмақ, – деп бастағаннан-ақ үміт оты күшейе түсті.
Жиырма жылдай естімей келген «жолдас» деген сөзді естігенде көзімнен жас ытқып кетті. Хатшы жаралы қолын оқып тұрған қағаздың астына тосып, менің қиямет-қайымымды тізіп өтті. – Рас, – деді ол, осы уақытқа шейін ішкі істер тергеушілері мен сот адамдары Серебрякова жолдасты Сәкеннің куәлігімен айыптап, жазалы тауыпты. Бірақ олар мәнді бір документті, яғни, Сәкен Сейфуллиннің 1938 жылғы 25 февральдағы сот мәжілісінде сөйлеген соңғы сөзін ескермей келіпті. Онда Сәкен Сейфуллин: «Мен бұл жарық дүниемен қоштасар шағымда орыстың тамаша жазушысы Галина Серебрякованың арына дақ салмай өлуді қалаймын. Тергеу кезінде маған зорлық-зомбылықпен қол қойдырған куәлік бар. Онда: «буржуазияшыл ұлтшылдар мен троцкистердің арасында байланыс орнату үшін Серебрякова арада жүрді» деп жазылса керек. Ондай оқиға өмірде болған емес. Мен ол куәлігімнен бас тартамын.
Зорлық-зомбылықпен қол қойғызған куәліктің жалған екендігін ашып және анықтап айтамын. Тағы да қайталаймын: мен мына дүниеден өтер шағымда өзімнің де арыма, атақты орыс жазушысы Галина Серебрякованың арына да дақ салмай, адал өлуді қалаймын, Жалған куәліктен бас тартамын» деген екен. Соны біздің жігіттер көрмей қалған ба, әлде елемеген бе, әйтеуір осы уақытқа дейін санатқа алынбай келіпті», – деп, Шолақ Артығалиев, Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы сөзін аяқтағанда менің ойым әлемді шарлап кеткен еді.
Көзімнен жас ағып, өз ойыммен өзім болып отырғанда «құттықтаймын» деп біреу қолымды алғанын ғана білемін, есеңгіреген адамша не істеп, не қойғанымды, есіктен қалай шыққанымды білмеймін. Тіпті, бұрынғы 1919 жылғы стажыммен ақтады ма, жоқ болмаса азаматтық ақтау ма, оны да айыра алмадым. Жиырма жыл бойына менің сорыма, перғауыныма айналған, жиырма жыл қарғап- сілеумен лағнет айтумен келе жатқан Сәкеннің мұндай ерлігін адамның адамы ғана жасай алады. Кім көрінгеннің қолынан келмейді.
Өзімді-өзім билей алмай отырғанда қатқыл үн саңқ етті.
– Сен соттағы соңғы сөздің не екенін білесің бе? Ол нағыз дозақтың өзі ғой. Жан беріп, жан алатын жер – ардың қыл көпірі сол жер. Адам өліп бара жатқанда ең қымбаттысын, ең қажеттісін айтады дейді ғой. Осындай сәтте Сәкеннің үлкен адамгершілік танытуы тек ұлыларға, жүректілерге, шын лениншіл большевиктерге тән қасиет. Олар ар-ұжданды аспандағы жұлдыздай қадірлеген жандар ғой. Мұндай адамдар бір халықтың ғана емес, бүкіл елдің, советтік ұлы Отанымыздың мақтанышы. Жамбасым жерге тигенше Сәкендердей азаматтардың рухына табынумен өтемін, қолымнан келгеннің бәрін жасаймын! – деп Галина Йосифовна ант сөзін айтып отырғандай жігерлене айтады.
Тұрсынбек Кәкішевтің естелігінен:
Сәкен Сейфуллиннің жесірі Гүлбаһраммен 1948 жылдан бері таныс ем. Менің келіншегім ол кісіге құдаша болғандықтан, 1950 жылы біздің некелесу дастарқанымыздан дәм татқан-ды. Сәкен ақталғаннан кейін қарым-қатынасымыз бұрынғыдан да жиілене түсуіне институттың тапсырмасы бір жағынан себеп болды. Осы жолы өз қалауыммен арнайы келдім. Шынылы кітап шкафында Сәкен ұстаған бұйымдар, асықтар, алтын сағат, қасық, оймақтай дүниеліктер жататын. Мінезі ашық, ойындағысын бұқпантайламай бірден айтатын, тамаша ақжарқын Гүлбаһрам тәтей әзіл-қалжыңды еркін борататын, ара сақтау, ірілік таныту, кісімсу деген ол кісіде атымен болмайтын. – Ә, жаман күйеу, Галинамен танысып келіпсің, ұзағынан болсын! Қалай екен байғұс, теперішті көп көрді ғой, – деп аяныш-мұңын араластыра сөйледі. Көрген-білгенімді, естігенімді айтқанымда «Сәкеннің екі кездесуі екі он жылға азық болған екен ғой байғұсқа» деп өкіне түйді.
Онан әріге бармады. Шай қамына айналысып кетті. Мен шкафқа жақындап келіп, шынашақтай әдемі піл сүйегінен жасалған бағананы көргенде қуанғаным соншама, даусым шығып кетсе керек. Тәтей бөлмеде жүр екен: «О не?» деп қалды. Мен сыр бермеген адамша, «ана кітаптарды көрейін бе?» деп өтініш жасап ем, «қолыңды жуып кел!» – деген қалжың-расы аралас үн естідім. Менімен қалжыңдаса беретін тәтей: «бар, бар қолыңды жуып кел» деген соң «рас екен ғой» деп қолжуғышқа кіре бергенімде қарқылдап күлушілер көбейіп кетті. Қайтып келдім. Шкафтың есігі ашылды. Ана-мына кітапты ақтара қарап, енді «мынау кімдікі?» деп қызыл түске боялған, керуен сияқты тізілген үлкен-кішілі асықты нұсқадым. Алтын сағатты қолға алдым. Әлден уақытта «мынау не?!» деп Тадж-Махалдың бағанасын қолға алып, айналдыра қарап, тамашаладым.
– Бұл керемет бір әдемі сарайдың төрт бағанасының біреуі. Үнді елінің сарайы болса керек. Оны тамашалағандарға «Галинадан сыйға алдым» деп айтып отыратын Сәкен. Көздің жауын алғандай әдемі еді, онда-мұнда көшіп жүргенде біреуі ұшып кетіп еді. Сарайдың өзі жоғалып, мұнысы ғана қалыпты, – деп Гүлбаһрам тәтей толғана айтты. Әзіл араластырмады.
Мен Сәбит пен Галина Иосифовна айтқан деректі үшінші адам арқылы осылай анықтап ем. Уақыт өтіп жатыр. Мереке-той кезінде телеграмма соғып, хатпен құттықтап жүрген күндердің бірінде Йосифовнадан «Тов. Турсунбек Какишеву на память. Галина Серебрякова, 04.10.61», деген автографы бар «От берген» романының екінші кітабы келді. Европада 1848-1849 жылдары болған революция кезіндегі К. Маркс пен Ф. Энгельстің қайраткерлігін 1864 жылға дейін суреттейтін тамаша романды жалма жан оқып шықтым.
Марксизмнің негізін қалаған данышпандардың адами өмірі, пенделік тірлігі кәдімгідей көз алдымнан өтіп, жанданып сала берді. Сол кезде көркем шығармаларды Лениндік сыйлыққа ұсыну науқаны жүріп жатқан. Е. Ысмайыловқа айтып ем: «мынауың бір табылған ақыл екен» деп Қазақ ССР Ғылым академиясының М. О. Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институты коллективінде талқылау өткізіп, Лениндік сыйлыққа ресми ұсынған мекемелердің алды болдық. Бұл ұсынысымызды тиісті орындар мен газет-журналдар қолдады. 1962 жылы 4 сәуірде «Социалистік Қазақстан» газетінде Е. Ысмайылов екеуміздің, 16 сәуірде Мұрат Хамраев үшеуміздің мақаламыз жарияланды. Онда 1934-35 жылы «Маркстің жастық шағы» болып жазылған алғашқы көркем шығарма 1958 жылы «От берген» («Похищение огня», екі кітап, 1958, 1960) романы болып жалғасқанын айтып, ұлы көсемдердің жанды бейнесін көргенімізге қуанып, «Прометей» есімді эпопеяға айналса екен деген тілек-қуанышымызды Лениндік сыйлық комитетіне жолдап жаттық. Осындай аз-мұз әрекетімізді тілге тиек етіп, Галина Иосифовнаға Сәкеннің «Тар жол, тай-ғақ кешуін» орыс тіліне аударып беруді өтіндік.
1962 жылы 23 сәуірде жазылған хатты оқысақ, біраз сыр ашылар. «Дорогой тов. Турсунбек! Конечно, ни при каких условиях я не взялась бы за роль переводчика, но для Сакена, с которым судьба меня так тесно сплела, я не могу не сделать исключения, Поэтому в принципе я согласна, но при одной обязательной оговорке – подстрочный перевод должен быть первоклассным, сделан очень грамотными людьми, так как обращаться к казахским подлинником я не смогу. Спасибо за Ваше умное доброе письмо. Я понимаю, как хочется Вам поддержат мой дух, творческий накал. Спасибо! Никогда еще, как писал мне Шостакович, не было столь сенсационно несправидливого решения в Комитете. За меня дрались жестоко. Вы читали статью Тихонова за 22 апреля в «Правде», где он вынужден писать обо мне? Прочтите обязательно. Это вынужденное сообщение. Надеюсь, казахские друзья выставят всю мою трилогию, как только «Вершины жизни» пройдут журнал. Я уже писала Вам, что верность и дружба заставили меня дать его не «Октябрю» и «Знамени», а «Дону». Теперь дело за «Роман-газетой», но там те же снобы, что и в Комитете. Благодарю Вас за пропаганду моих книг и тем самым Маркса и Энгельса. Очень рада была читать Ваш «отчет» об обсуждении. Это то, ради чего отдаешь себя творчеству. Основное – читатель, его тепло, его ласка. И в этом я вознаграждена. 12 зарубежных стран, в том числе три буржуазных, перевели уже «Юность Маркса» (только что вышла опа в Греции и Югославии) и объявили о выхода «Похищания огня». Крепко жму Вам руку. Сердечно кланяюсь дорогому другу Исмаилову и Сабиту Муканову. Ваша Галина Серебрякова. Здесь я до 30 апреля – сообщу телеграммой, куда поеду дальше, Г. С.».
Әрине, келесі 1964 жылы берілетін сыйлық үшін де күрес жалғасып жатты. Сәкеннің 70 жылдығына дайындалу кезінде біреу әрі тартып, біреуі бері тартып, аяқтан шалып әкіреңдеген шақта өз «эпопеямыз» да аз болған жоқ. Галина Серебрякованың Қазақстанда демей-ақ қояйын, Алматыдағы «жансызы» мен болғанымды әлі күнге дейін мақтан тұтамын. Өзім білетіндерді түгел жазып жаттым. Менің қолымдағы ол кісінің 40 шақты хаты мен екі фото-карточкасы әлі күнге дейін апалы-інілі бауырлардың жан сырындай болғанына оқыған сайын қуанамын. Оның қандай дәрежеде екенін білу үшін бүгінгі күнге де қатысы бар біреуін тугел келтірейін. Сонда Сәкен арқылы жалғасқан достықтың не екенін анық аңғарғандай болармыз.
«Дорогой Турсынбек. Спасибо от души за присылку газеты – очень хотелось бы прочесть ее, понять содержание. Спасибо и Есмагамбету за газеты. Письмо он не прислал. Прочла с большим интересом и удовольствием номер «Казправды», статьи Есмагамбетовой, Мусрепова и других. Как прошло торжественное заседание Сакена? Напишите, прошу Вас. Крепко обнимаю всех» деп өзінің аты мен фамилиясын тұтастыра қоятын әдетімен кезекті хатын жолдап, мұндағы бізге қаншама рух-жігер дарытып жатты. 1965 жылы семьяммен Москвада болғанымда өзінің Переделкинодағы жайлы саяжайына қонаққа шақырды. Қазақ емеспін бе, үш баламды, жарымды ертіп бардым. Өзі «түгел келіңдер және Москвада жүрген Бибігүл Төлегенованы тауып ал да, бірге ала кел» деп тапсырғаны қамшы болған еді. Және балаларым көрсін, ғибрат алсын деп те ойладым. Өйткені Галина Иосифовнадан хат келген сайын балаларым «сенің апаңнан хат келді» деп айғайлай қуанып әкеп беріп жүретін. Бұл жүзбе-жүз екінші және соңғы дидарласуымыз болды. Әрине, айтар, баяндар қызықтар көп қой, соның екі жайына ғана назар аударайын.
Бірінші.
Ауылдағы туған бауыры бала-шағасымен келгендей зор қуанышпен қарсы алды. Бірнеше минуттен кейін балаларымның үйірсектенгені сонша, тіпті тайыншадай итінің үстіне мініп алды. Бәріміз мәре-сәре болдық. Галина Иосифовна өмір бойы ит асырап, оның психологиясын жақсы білетінін әр шығармасында аңғартып отырады. Осы жолы «мынау ит дегенің үйіңе дос келгенін, қас келгенін бірден сезеді. Көрмейсің бе менің Қазақстандағы бауырымның балаларын жатқырқамай ойнауын» деп ақылды итіне риза болған еді. Адамға көп дүние керек емес, көңіл хошын табатын осындай штрихтардың өзі-ақ жетіп жатады. Дастарқан жабдығына жұбайым араласайын деп еді, «сен нағыз қонақсың, ендігі келгенде келінім болып көмектесерсің» деп аяқ-табаққа жақындатпады.
Сонымен, дастарқан басында мәре-сәре әңгіме-дүкен құрып отырмыз. Ол кезде істік өкшелі туфли мода болды ғой деймін, әйтпесе өзінің машығы солай ма, әйтеуір өзінің сұлу денесіне тамаша қонған қызғылт күрең көйлек пен біз өкшелі қызыл туфли әлі көз алдымда. Қандай дәрежедегі әйел болмасын өз міндетін атқармай отыра алмайды ғой деймін. Атақты жазушы, том-томдап кітаптары өзімізде де, шет елдерде де шығып жатқан дарын ең болмаса бір қыз бала ұстауына болады ғой. Ондай «қанаушы» болудан Галина Йосифовна өз еркімен бас тартыпты. Сондықтан қонақ қабылдау әлегін өзі атқаруда. Әйелдің ас үй мен дастарқан арасына қатынауы соншама көп болатынын осы жолы анық білдім. Сәбеңше айтсақ, анық білмес ем, аңғармас ем, егерде Галина Иосифовна осы жолы біз өкше кимей, басқа бір жайлы да «айғайсыз» аяқ киім кисе. Қонақ қабылдап жүрген Галина Иосифовнаға ең әрі дегенде қырық-қырық бес жасты әзер берерліктей. Отыздың ішіндегі келіншегімнің таңдануы мен ризалығы бірдей болып, күні бүгінге шейін жыр қылып шертеді. Галина Иосифовна кіріп-шығып жүргенде Семен Семенович «алып қояйық» деп өзі қағып жіберіп, қайтадан толтырып қойып отырғаны да бізге ақжарқын, қонақжай қызықты адамдардың келбетін танытты.
Екінші.
Баспаға беруге дайындап жатқан «Қара құйын» («Смерч») романының қолжазбасынан Сәкенге қатысы бар тарауларды қолыма ұстатты. Мен құныға оқи бастағанда дастарқан мәзірі дайын болып, жаңа дәмін алып, бар тәбетіңмен енді кірісе бергенде, алдыңнан тағамыңды алып кеткендей әсерде қалдым. Галина Иосифовна «кітап болып шыққаннан соң оқисың ғой. Сәкен ағаң осының негізгі кейіпкерлерінің бірі» деп дастарқан қамымен кетті. Осы уақытқа дейін ол кітаптың қолға тимейтінін білсем ғой, сөз жоқ, ретін тауып оқып алатын едім сол күні. Бірақ адам ондай көрегендіктен ада, әрқашан үмітпен өмір сүреді ғой. Аз ғана оқыған беттердегі оқиға дамуы Сәкен сынды «буржуазияшыл-ұлтшылдың» троцкистермен қалай жанасу, байланыс жасау жолын іздеуіне құрылып, шытырман штрихтармен тарамдала бастаған еді. (1988 жылы «Подъем» журналында, Қазақстанда «Дело №… «жинағында 1989 жылы жарияланды). Колонна залында Сәкеннің жан жолдасы, атаман Анненковтың ажал вагонында бірге болған Захар Петрович Катченко мен Г. Серебрякова 1964 жылы «Сәкен Сейфуллин – бүкіл Совет елінің мақтанышы» деп әлемге жар салған сөздері, міне, В. И. Ленин, Ф. Э. Дзержинский, C. М. Киров, Г. М. Дмитров, Максим Горький, Бернард Шоу, Ромен Роллан суреттелетін «Өткен жылдарға саяхат» новеллалар жинағы арқылы 1965 жылы жарқырап Алматыға жетті. Сәкен десе ішкен асын алдына қоятын Хамит Хасенов ешкіммен келіспей аударуға кірісті. «Жазушы» баспасы айрықша ыждаһат танытып, 1966 жылдың жазында тездетіп басып шығарды.
Араға үш жыл салып Г. Серебрякованың «Өзгелер мен өзім туралы» деген кітабы шықты. Сәкен жайлы новелла бұрынғысынан толыға түскенін көрдік. 1967-69 жылдары әуелі төрт том болып «Прометей» эпопеясы, сәл кейінірек 5 том болып шығармалар жинағы шықты. 1975 жылы Москваның «Көркем әдебиет» баспасынан таңдамалы очерктері мен новеллаларының екі томдығы шыққанда қазақ мәдениетінің үлкен өкілдері – Сәбит Мұқанов пен Бибігүл Төлегенова жайындағы суреттемелері жарияланды. Дос көңілдің сыры таусылған ба, Бибігүл 1970 жылы «Комсомольская правда» газетінде «Мен Галина Йосифовнадан небәрі төрт ай ғана сабақ алдым. Ол кісінің әдісі бойынша ең аз дегенде бір жыл ән салуға дағдылануым керек еді, оған уақыт мұрша бермеді. Мені тамаша ұстаздар оқытты. Солардың ішінде Галина Иосифовнадан оқыған күндерді ешуақытта ұмыта алмаймын» деп жазуының өзі Сәкеннен тараған күн нұры екендігін Галина Иосифовна әрі қарай былай жалғастырады.
«О Муканове я услыхала около сорок лет тому назад от великого зачинателя советской казахской литературы Сакена Сейфуллина. Мы гуляли по переделкинскому лесу, и вдруг он как бы перенес меня своим рассказом к подножию сказочного Алатау. Сейфуллин назвал Сабита другом, предсказал ему большое будущее, мастерски в нескольких словах набросал портрет молодого писателя, могучего физически и духовно, отважного, мечтательного самородка. С. Сейфуллин соединил нас с Сабитом в нерасторжимой дружбе» (459-бет). Достық көңілдің қарлығаштары осылай әрлі-берлі ұшып, толассыз жаңалық пен өлшеусіз жылылық жеткізіп жатты, Сәбең жөніндегі ой-пікірі шет елдердің алты тілінде шығатын «Культура и жизнь» журналында жарияланып жатса, мен жөніндегісі «послала тов. Шарипову свое выступление для племума, где говорю и о Вас. Мечтаю поехать в Алма-Ату, но врачи рычат» деп хатқа түсіп «не понимаю почему Ади Шарипов так странно поступил с моим выступлением, но не обижаюсь» деп дариядай көңілі барлығын білдіріп жатты. Творчестволық еңбекке әбден берілген адам анау-мынау ұсақ-түйекті ескере бермейді, өзін де ұмытып кетеді. Толас тапқан аз ғана сәтте көзі сенген жанға хат арқылы көп нәрсені хабарлап тастауы да ғажап емес. Оған себеп-сылтау табылады.
Ондай сыр ашуға біздің де әрекетіміз себеп болған шығар. Қазақстанның орыс, қазақ газеттерінде Г. Серебрякова жайында оннан астам мақалаларым жарияланып, 1985 жылғы «Дәуір дидары» атты жинағымда «Айнымас дос» деген естелігім жарияланғанына да қуанамын. Осының бәрі де Сәкен шапағатынан екенін айқын түсінеміз. Еңбекшіл адамдар үлкен-кішілігіне қарамай сырлас келеді дегенді Галина Иосифовнаның хаттары дәлелдеп, әрқашан Сәкеннің қаспетті атымен әдіптеліп жатады.
*1963 жылы Галина Иосифовна Мәскеуге оралды. Ол лагерьлерді басынан өткере отырып, партияға деген адалдығын сақтап қалғаны үшін жазушылар иерархиясы мен кеңестік лауазымдар тізбегінен (табель о рангах) жоғары орынға әбден лайықтымын деген сенімде болды.
Ол «Прометей» трилогиясын шығарып, Маркс тақырыбымен айналысуды одан әрі жалғастырды, Энгельстің өмірбаянын, физиктер туралы «Предшествие» («Алдыңғы толқын») романын жазды және бір кездері өзі кездескен тұлғалардың портреттері енген бірнеше мемуарлық кітаптарын басып шығарды.
Корней Чуковский 1964 жылдың желтоқсанында былай деп атап өткен: «Похищение огня» («Отты ұрлау») кітабын басып шығарған соң, «Серебрякова Хрущева ханымға (m-me Хрущеваға) шығар жол тапты, ал Нина Петровна күйеуінен С-ованың өз кітабын оған бағыштауына келісімін алып берді. Ол кітабын бағыштады. Хр. бұл кітапты мақтай бастады».
Галина Иосифовна өзінің мінезін (қызуқандылығын) тізгіндей алмайтын. Және ол көпшіліктің есінде қоғамдық айыптаулар мен соққы беру науқандарына белсене қатысқандығымен қалды.
1957 жылдың наурызында-ақ ол «Не хлебом единым» («Жалғыз нанмен ғана емес») романына қарсы науқанға қатысып, бұл туралы былай деп еске алған:
«Төралқа (Президиум) мені тоқтатқысы келді: “Қайда барасыз, талап тастар”, — десті. “Ештеңе етпейді, — дедім мен, — мен ескі майдангермін”. Содан кейін мен мінберге шықтым. “Мен бұл жерде Магадан мен Қарағандыдан қайтпай қалғандардың атынан сөз сөйлеп тұрмын”, — дедім, сол сәтте бәрі аң-таң болып, жым-жырт орнады. “Мен он жеті жыл отырып, оның үш жылын жалғыз адамдық камерада өткізіп оралдым… ” — деп оларды мүлдем есеңгіретіп тастадым. Енді сендерге көрсетейін деп ойладым. Көрсеттім де: “Біздің әдебиетіміз жасаған барлық тамаша дүниелердің үстінен сызық тартатын бұл жиіркенішті нәрсе…”».
1963 жылдың жазында Серебрякова өзінің тұтқындалуы, тергеу амалдары және түрме мен лагерь азаптары туралы «Смерч» («Құйын») романын аяқтады. Жексұрын сыншы Владимир Ермилов өзінің ішкі рецензиясында бұл шығармада «біздің әдебиетімізде алғаш рет Сталиннің жеке басына табыну кезеңінің қасіретті сәттері лениндік партиялық бастауға тікелей қарсы қойылып бейнеленген» деп жазды.
Дегенмен, бұл уақытқа қарай биліктің лагерь тақырыбына деген ықыласы айтарлықтай суып кеткен еді, ал Главлит (бас цензура органы) Серебрякова жағдайды тым асыра сілтеп, бояуын қалыңдатып жіберді деп шешіп, шығарманың жарық көруіне тыйым салды.
Галина Иосифовна күресуге тырысып, «аса қадірлі Никита Сергеевичке» хат жолдады. Ал 1963 жылдың соңында күнделігіне былай деп жазып қалдырады:
«Ол [Хрущева] хаттар мен “Смерч” («Құйын») қолжазбасын алып кетуге арнайы шабарман жіберді. Содан кейін болған әңгіме: “Керемет, өте керемет жазылған, отырған бойда бәрін оқып шыққанша тұрмадым. Қашан бітіресіз? Басып шығаруды сәл қоя тұрыңыз. Иван Степанович (бұл жерде ол Солженицынның “Иван Денисовичін” меңзеп, байқаусызда шатасып кетті) бізге көп қолайсыздық тудырды, әлі күнге дейін соның мән-жайын толық айыра алмай жатырмыз”».
Дегенмен, Серебрякова «Смерч» («Құйын») романын бірнеше редакцияға беріп үлгерген еді, ол қолдан-қолға өтіп, 1917 жылы Парижде — белгісіз себептермен поляк тілінде жарық көрді. Галина Иосифовна дереу наразылық білдіруге асықты: бірнеше редакцияға бұл басылымнан бас тартатыны туралы хат жолдады. Ал қыздарына: «Жүктеріңді жинаңдар. Бізді тағы да жер аударады», — деді. Ол өмірде бәрінен де үшінші рет сотталып, жаза арқалаудан қорықты.
Таңғаларлығы сол, Серебрякованы бәрі бірдей жек көрген сияқты. Тек қаламдас ағайындар ғана емес (Чуковский оны «черносотенка» (реакционер, шовинист) деп атаған). Сонымен қатар Хрущевтің мәдениет жөніндегі көмекшісі, «Один день Ивана Денисовича» («Иван Денисовичтің бір күні») мен «Теркин на том свете» («Төркін о дүниеде») шығармаларының жарық көруіне мұрындық болған Владимир Лебедев пен Пастернакты қуғындауды ұйымдастырушы әрі КОКП Орталық Комитетінің Мәдениет бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Поликарпов сияқты бір-біріне мүлдем ұқсамайтын адамдар да оны ұнатпаған.
Бұған оның шектен тыс жалындап тұратын қызуқандылығы себеп болды ма, әлде жағдайға байланысты құбыла кететін жылпостығы (конъюнктурность) мен басшылыққа жағынуды жақсы көретіндігі ме, әлде бойына әуелден тән иірімді ипохондриясы мен истерік мінезі ме, кім білсін. Оны, әрине, қолдап, шығармаларын басып шығарып тұрды, бірақ үнемі оның туындыларынан «бейнелердің схемалылығын, очерктік сипаты мен опереттаға тән жеңілтектеу екенін» (Шыңғыс Айтматов) атап өтетін.
Галина Иосифовнаның соңғы күйеуі Степанов тегіндегі адам, дипломат әрі барлаушы болды. Ол асылып өлді. Серебрякова бұл туралы достарына — журналист Семен Индурскийдің отбасына — хабарлау үшін телефон соғып, олар жетіп келгенде, бөлмесіндегі үстел үстінде Есениннің «До свиданья, друг мой, до свиданья» («Қош бол, досым, қош бол») өлеңі ашылған кітабы жатты. Ол жерде не болғанын — бір Құдай біледі.
Осыдан кейін Галина Иосифовна Венгрияға барып, бетіне пластикалық ота (подтяжка) жасатты. Ол жақтан жасарып, күш-қуатқа толып оралды.
Ол мүсіншілер Кербельмен және Вучетичпен дос болды, үйіне Орталық Комитеттің (ЦК) қызметкерлері келіп тұратын. Көп ұзамай, 1970-жылдары Серебряковамен Горбачевтің болашақ көмекшісі Анатолий Черняев кездесті. Ол өз естелігінде былай деп жазады:
«Ол жасы келіп қалған әйел еді, бірақ өзінің ерекше, таңғажайып сұлулығы мен әйелдік қуатын (бәлкім, оған лагерьлерде аман қалуға көмектескен де осы шығар) әлі де сақтап қалған екен».
Галина Иосифовна өмірінің соңғы бес жылын ол тауқыметпен өткізді. Мемуаршылардың айтуынша, көп ішімдік ішкен. Бір кездері Галина Иосифовнамен бір саяжайда тұрған Андрей Вознесенский оның кейде егіліп, ысқырынып жылайтынын айтып берген. Гелиана Григорьевнаның сөзіне қарағанда: «Құдай оған бәрін берді: сұлулықты да, талантты да, бірақ қартайған шағында әйел бақыты бұйырмады. Ол жалғыз қалды, оның үстіне кінәлісі табылмаған көлік апаты оны мүгедек етіп кетті.Жасы ұлғайған және өзі туралы тараған өсек-аяң мен қауесеттер үшін Жазушылар одағына өкпелі болған ол рухани тұрғыдан да, тән жағынан да өте ауыр өмір сүрді».
Галина Иосифовна Серебрякова 1980 жылы 74 жасында дүниеден өтті. Қоштасу рәсімі Орталық жазушылар үйінде (ЦДЛ) өтті. #тарихи_сана
Мәліметтер:
1./Москвич MAG сайты»Московская красавица: Галина Серебрякова» мақаласынан қазақшаға аударылды.
2. «Жазушы» порталына жарияланған Тұрсынбек Кәкішевтің естелігінен.
Есбол Асылбеков facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/1BPjp3doad/

