КІТАПҚА ДЕГЕН ҚҰРМЕТТІҢ СЫРЫ

Мемлекет басшысының “Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі
шаралар туралы” Жарлығы көпшілік көңілінен шықты. Көзі ашық замандастарымыз жарыса сүйіншілеп, халықпен бірге қуанды.
Енді оны орындау — баршаға абыройлы міндет екенін ұқтырған жөн.
Мемлекеттің дамуына ықпал ететін Жарлықтың дәл уақытында жариялануында үлкен мән жатыр. Мұндай қамқорлық ұлт қамын ойлаған зерделі қауымның үмітін жаққандай болды. Өйткені, кітап оқудан қол үзудің кесірі көпке тиюі мүмкін. Көптен бері қоғамның
интеллектуалдық жағынан дамуына серпіліс қажет еді.
Айталық, Президенттің келесі жылға дейін “Кітапхана және кітап шығару ісі туралы” заң жобасын әзірлеу женіндегі тапсырмасы көпшіліктің цифрлық ресурстарды жаппай игеруіне мол мүмкіндік туғызады леп санаймыз. Әлеуметтік маңызы бар салаға заманауи технологияларды батыл енгізу адамзатқа ортақ құндылықтарды оқып-тануға, насихаттап, зерделеуге, асыл мұраны игеруге жаңа жол ашады.
Оны қолдану құқығына, пайдасын көру мүмкіндігіне әрбір адам ие болады. Бұл — кітап оқитын қоғам қалыптастырудың басты алғышарты, халықтық санасының қозғаушы күші.
Сондықтан, кітапқа деген құрмет заманға сай, кітапханаға деген көзқарас озық мәдениеттің, өрісті өркениеттің үлгісі болуға тиіс.
Оның сырын аты әлемге әйгілі адамдар, ойшыл тұлғалар төмендегіше шерткен екен:
“Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады”.
Мұхтар ӘУЕЗОВ
“Зады, бірегей тұлғаларға, бірегей кітаптарға сын есім жүрмейді”.
Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ
«Кітап — бұл бір ұрпақтың екінші ұрпаққа деген рухани өсиеті… Өйткені адамзаттың бүкіл өмірі кітапқа дәйекті түрде еніп келеді: тайпалар, адамдар, мемлекеттер жойылып кетсе де кітап адамзатпен бірге өсті, оған ақыл-ойды дүр сілкіндірген барлық ілімдер мен жүректерді дүр сілкіндірген барлық құштарлық сезімдер таза күйінде сіңіп қалды. Бірақ, кітап өткен дүние ғана емес: ол құжат жасайды, оған сәйкес біз қазіргі уақытқа, кейде қан мен тер төгілетін азаптан туындайтын ақиқатқа және күш-жігердің баршасына иелік етеміз; ол — болашақтың бағдарламасы. Сондықтан, кітапты құрмет тұтайық.”
(“Книга — это духовное завещание одного поколения другому… Вся жизнь человечества последовательно оседала в книге: племена, люди, государства исчезали, а книга оставалась она росла вместе с человечеством, в нее кристаллизовались все учения, потрясавшие умы, и все страсти, потрясавшие сердца… Но в книге не одно прошедшее: она составляет документ, по которому мы вводимся во владение настоящим, во владение всей суммой истин и усилий, найденных страданиями, облитыми иногда кровавым потом; она — программа будущего. Итак, будем уважать книгу.”)
Александр ГЕРЦЕН
“Кітапты жақсы көріңіз, ол дос ретінде өміріңізді жеңілдетеді, алуан ойлардың, сезімдердің, оқиғалардың құбылған және буырқанған шытырманынан жол табуға көмектеседі, ол сізге адамды және өзіңізді өзіңіз құрметтеуге үйретеді, ол бейбіт өмірге, адамға деген махаббат сезімімен әлемді және жүректі қанаттандырады”.
(“Любите книгу, она облегчит вам жизнь, дружески поможет разобраться в пестрой и бурной путанице мыслей, чувств, событий, она научит вас уважать человека и самих себя, она окрыляет мир и сердце чувством любви к миру, к человеку.”)
Максим ГОРЬКИЙ
Кезінде аты әлемге әйгілі адамдар, ойшыл тұлғалар осылай ой толғап, сыр шерткен екен. Жоғары мәртебелі оқырман қауым қазіргі игі жақсылардың, жазушылардың, қаламгерлердің пайымын да білуге құштар. Әлеумет, кітапсүйер қауым жарықтан жүйрік, теңізден терең, қысқа-нұсқа ойларыңызды асыға күтеді. Олай болса, руханият кеңістігінің егесін танытып, қоғамдық пікірге үн қатыңыздар! Сөз өнерін ұстанған азаматтар ұлт санасын өзгертуге үлес қосыңыздар!
P.S. Дәйексөздерді өзге тілден қазақ тіліне аударған автор.
Дархан МЫҢБАЙ