Әке – отбасының тірегі, қоғамның негізі
Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» Жамбыл облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығында Әкелер күніне орай «Әкем – бәйтерегім» облыстық әкелер фестивалі аясында «Әкенің қоғамдағы және отбасы тәрбиесіндегі рөлі» тақырыбында конференция өтті.
Іс-шараның мақсаты – әкенің отбасы мен қоғамдағы орны мен жауапкершілігін дәріптеу, әке мен бала арасындағы рухани байланысты нығайту, жауапты әкелік мәдениетті қалыптастыру және ұлттық отбасылық құндылықтарды насихаттау.
Конференция алдында қонақтарға мәдени-танымдық бағдарламалар ұсынылды. «Ерке өнер» орталығының жас күйшілері күй орындаса, қолөнер шеберлері Қуантай Жүнісбеков, Берік Халиев және Мақсат Айдарқұлов шеберлік сабақтарын өткізді. Сондай-ақ, Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана «Әке – тіршілік негізі» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.
Конференцияны «Анаға тағзым» орталығының директоры Дамира Сүгірбай жүргізді. Жиында Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Төрегелдиев пен облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы құттықтау сөз сөйлеп, отбасы институтын нығайтудағы әкенің рөлін ерекше атап өтті.
Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы Әкелер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрдің маңызына тоқталып, бала тәрбиесінің негізі отбасы екенін айтты. Оның пікірінше, тәрбиенің үш тірегі – отбасы, мектеп және қоғам. Сонымен қатар жастарды діни экстремизм, нашақорлық, лудомания, буллинг секілді келеңсіз құбылыстардан сақтандыруда әкенің жауапкершілігі ерекше.
Ал «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының төрағасы, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы Бақыт Әлмұратов қазіргі қоғамдағы отбасы институтының өзекті мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, ажырасу деңгейінің артуы, кеш некеге тұру, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі секілді мәселелер қоғам үшін маңызды сын-қатерге айналып отыр. Сонымен бірге ол жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, тұрғындардың басым бөлігі үшін отбасы өмірдегі ең басты құндылық болып қала беретінін атап өтті.
Жиында Ринат Нұрақбаев пен PhD докторы Айнұр Кембаева да баяндама жасап, ұлттық тәрбие, әдебиеттің тәрбиелік күші және әкенің тұлға қалыптастырудағы орны туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Конференция аясында мәдени бағдарлама ұйымдастырылып, әнші Нұргүл Абдрашова мен «Жамбыл» триосы өнер көрсетті.
Фестивальдің маңызды бөлігі – облыстың барлық аудан-қалаларынан ұсынылған үлгілі әкелерді марапаттау рәсімі болды. Отбасында өнегелі тәрбие беріп, қоғамдық өмірге белсенді араласып жүрген әкелер «Үлгілі әке», «Парасатты әке», «Қамқор әке», «Мейірімді әке», «Өнегелі әке», «Еңбекқор әке» және өзге де номинациялар бойынша алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
Іс-шараға облыстық басқармалар мен мекемелердің өкілдері, ардагерлер, қоғамдық ұйым мүшелері, білім саласының мамандары, аудандық және қалалық Отбасын қолдау орталықтарының қызметкерлері, Әкелер кеңесінің төрағалары, көпбалалы отбасылар, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Конференция барысында көтерілген негізгі ой – берік отбасы мен саналы ұрпақ тәрбиесінің бастауы жауапты әкелік мәдениет пен ұлттық құндылықтарды сақтау екендігі кеңінен айтылды.




