Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңғырту жұмыстарын тексерді
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһар аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін (фасадтарын) заман талабына сай жаңғырту және жөндеу жұмыстарының барысымен арнайы барып танысты. Соңғы жылдары Тараздың орталық даңғылдары мен көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік стилі мен эстетикалық келбетін қалыптастыру бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Осы бағыттағы сәтті қадамдардың нәтижесінде бұған дейін, дәлірек айтқанда 2024 жылы Төле би даңғылы бойында орналасқан 12 көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы келбеті толық жаңартылған болатын. Ал өткен 2025 жылы бұл жұмыстар одан әрі қарқын алып, Абай даңғылы, Әйтеке би және Қазыбек би көшелеріндегі 15 тұрғын үйдің қасбеттері күрделі жөндеуден өтіп, шаһардың көркін арттырып, көшелердің эстетикалық ажарын айтарлықтай жақсарта түсті.
Қаланың сәулеттік бейнесін ерекшелендіретін бұл маңызды бастама ағымдағы жылы да өзінің заңды жалғасын тауып жатыр. Бүгінгі таңда Абай даңғылы, Желтоқсан және Ы.Сүлейменов көшелерінің бойында орналасқан көпқабатты үйлердің сыртқы қасбеттерін заманауи үлгіде жаңғырту жұмыстары қызу жүргізілуде. Нысандарды аралау барысында қала әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын қатаң бақылауда ұстап, жауапты сала басшылары мен мердігер мекемелерге құрылыс-жөндеу жұмыстарын жоғары деңгейде әрі белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды шегелеп тапсырды. Сондай-ақ шаһар басшысы тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жаңарту тек қала сәулетін жақсартып қана қоймай, ең бастысы — жергілікті тұрғындар үшін қолайлы, жайлы әрі көркем өмір сүру ортасын қалыптастыруға тікелей ықпал етуі тиіс екенін ерекше атап өтті.


