Таразда бұқаралық спортты дамыту бағытында бірқатар заманауи футбол алаңшалары жаңартылды
Тараз қаласында бұқаралық спортты өркендетіп, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы кешенді жұмыстар қарқынды түрде жалғасып келеді. Осы мақсатта шаһар аумағында спорттық инфрақұрылымды дамыту қолға алынып, жаңа шағын футбол алаңшаларының құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде қала бойынша жоспарланған 7 спорт алаңының барлығында да жөндеу жұмыстары толықтай тәмамдалды. Жас ұрпақтың шымыр болып өсуіне жағдай жасайтын бұл спорт нысандары барлық қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталып, заманауи үлгіде абаттандырылған.
Жүргізілген жұмыстардың аясында «Алатау» шағын ауданындағы №35 тұрғын үйдің маңында орналасқан заманауи шағын футбол алаңшасын жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Жаңа кейіпке енген бұл спорт нысаны қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар «Тонкуруш» тұрғын алабындағы шағын футбол алаңшасына да ағымдағы жөндеу жұмыстары сәтті жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне берілді. Осы бағыттағы тағы бір маңызды нысан — «Тастақ» алқабындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан заманауи шағын футбол алаңшасы. Бүгінгі таңда бұл алаңшадағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, тек қақпаларды орнату мен дәнекерлеу сияқты соңғы әрлеу жұмыстары ғана қалып отыр.
Жаңарған спорт нысандары қала тұрғындарының, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді әрі пайдалы ұйымдастыруға, бұқаралық спортпен тұрақты айналысуына барынша қолайлы жағдай жасамақ. Айта кетерлігі, жаңадан пайдалануға берілген және жөндеуден өткен спорт алаңдарының айналасында демалыс күндері арнайы санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, аумақтар қоқыстан толық тазартылды. Қалада спорт инфрақұрылымын дамыту мен тұрғындардың спортпен шұғылдануына жайлы орта қалыптастыру бағытындағы осындай нәтижелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.


