Мемлекетіміздің тарихында құқықтық жүйені түбегейлі жаңғыртып, саяси реформаларды жаңа белеске көтеретін, ұлт тағдырын айқындайтын тарихи сәттер жүзеге асуда.

Бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңа конституциялық заңдарға қол қоюы — Әділетті Қазақстанды құру жолындағы батыл қадам, ел дамуының жаңа жасампаз кезеңінің алтын діңгегі.
Осы орайда, мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі тірегі болып табылатын
«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңының маңыздылығына ерекше тоқталып өткім келеді.
Аталған Конституциялық заң, ең алдымен, Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін және қызметін, сондай-ақ заман талабына сай жаңадан енгізілген Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің құқықтық мәртебесін қамтамасыз ету тәртібін нақты айқындайды.
Жаңа заңнама Президент институтының рөлін демократиялық талаптарға сай қайта үйлестіріп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайта түсті.
Мемлекет басшысының бір мерзімге ғана сайлануы, саяси партиялардан тыс болуы секілді сындарлы нормалар мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ететін, саяси мәдениеттің мүлдем жаңа деңгейін көрсететін бірегей қадамдар.
Бұл заңның ең басты құқықтық жаңалығы әрі мемлекеттік басқаруды жетілдірудегі стратегиялық шешімі Вице-Президент институтының құрылуы болып табылады.
Бұл институт билік вертикалының тұрақтылығы мен тиімділігін еселеп арттыру мақсатында енгізіліп отыр.
Жаңа ережелерге сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Вице-Президент мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында оның мүдделерін білдіреді және Президент айқындаған міндеттерді тікелей орындайды.
Жаңа институт мемлекеттік басқарудағы жеделдікті, дербес жауапкершілікті және маңызды шешімдердің қабылдану сапасын жаңа белеске көтеретін пәрменді тетікке айналары сөзсіз.
Жаңа заң халыққа не береді?
Депутаттық корпус ретінде біз бұл заңның ел болашағы мен мемлекеттілігімізді нығайту үшін қаншалықты маңызды екенін терең сезінеміз.
Жаңарған жүйенің мемлекет пен қоғам дамуына қосар үлесі орасан зор.
Вице-Президент институтының пайда болуы арқылы жоғары билік деңгейіндегі үйлестіру жұмыстары күшейіп, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылау сапасы артады.
Жаңарған құрылым кез келген ішкі және сыртқы сын-қатерлер жағдайында мемлекеттің тұтастығы мен басқару жүйесінің мызғымастығының басты қалқаны болады.
Саяси жүйенің нақтылығы мен тұрақтылығы тікелей экономикаға оң әсер етеді. Отандық және шетелдік инвесторлардың сенімі, әлеуметтік әділеттілік осының бәрі ашық әрі берік мемлекеттік биліктің арқасында жүзеге аспақ.
Біз, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Мемлекет басшысының бұл тарихи қадамын толықтай қолдаймыз. Себебі, бұл заңдар жекелеген тұлғалардың емес, тұтас мемлекеттің, болашақ ұрпақтың баянды мүддесі үшін жасалған стратегиялық таңдау.
Жаңа конституциялық заңдардың қабылдануымен біз мемлекеттік басқарудың ең тиімді, икемді әрі халықшыл моделін жүзеге асыруға мүмкіндік алдық.
Ендігі негізгі міндет осы заңдардың әрбір тармағының өмірде нақты жұмыс істеуін, әрбір азаматтың игілігіне айналуын қамтамасыз ету.
Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заңдар бізді қуатты, әділетті және гүлденген мемлекетке бел шешіп қызмет етуге жұмылдырады.
Жанарбек Әшімжан ФБ парақшасынан