ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДІ ДІТТЕГЕН МУЗЕЙ
Мұнда келетін қонақтар таңданысын, ризалығын дәйім жасырмайды. Бұрын сондай болған, алдағы кезде де солай болатынына шәһ-шүбә келтірмейміз. Өйткені оның өз тарихы бар, кең-мол ғимаратымен, 73 мың шаршы метр көлемімен ғана емес, жәдігерлер қорымен, бірегейлігімен де ерекшеленеді.
Мамандардың басты мақсаты — Ұлттық музейді әлемдік деңгейде танымал ету. Осы бағытта қаншама көрмелер, одан да өзге жобалар жүзеге асырылып жатыр. Келушілер санының жылдан жылға еселеп өсуі де оған дәлел бола алады. Алайда, еліміздің мәдени мұрасын, саф өнерін, қас таланттарын әуелі өз халқымызға, сонан соң дүниеге таныстыру тиісті қаржыны талап етеді. Өркениетті елдерде Үкіметке қана қол жайғызып қоймайды. Шынайы өнерді, талантты туынды иелерін бағалай білетін демеушілер мен меценаттарға арқа сүйейді.
Осы орайда Алматыда жеке заманауи өнер музейін салған бизнес өкілі Нұрлан Смағұловтың ынтасын атап өткен жөн. Ал, қазақстандық кәсіпкерлердің Forbes тізіміндегі өзгелер де осы салаға мойын бұрар болса, жас буынға өнеге болар еді.
Тағы бір жолы — ұлттық мәртебені иеленген музейдің табысын өзін дамытуға жаратуына мүмкіндік беру. Ол үшін “Музей туралы” арнайы заң әзірленіп, Жарғыға тиісті өзгертулер енгізу қажет. Әйтпесе, ең маңызды музейіміздің басты мақсатқа жетуіне қолбайлау көбейе береді.
Қазір өңірлерде, жер-жерде жекелеген музейлер ашылып жатқаны қуантады. Бұрынғыларының экспозицияларын жаңарту ісі де көңіл бөліп, күш салуды қажет етеді. Сондықтан да музей жанашырларын, майталмандарын, нағыз еңбек адамдарын кәсіби мерекесімен құттықтаймыз. Әрекетке берекет! Шығармашыл, ыждаһатты, абыройлы еңбектеріңіз Сіздерді толайым табысқа жеткізсін! Елімізде, елордамызда әр түрлі музейлер ашылып, көбейе берсін!
Дархан МЫҢБАЙ


