БҚО шаруалары көктемгі науқанды бастады

Батыс Қазақстан облысының дихандары көктемгі далалық жұмыстарға жаппай кірісіп кетті. Көктемгі егіске қажетті тұқымдар мен техникалар толық дайын.

Бұл туралы БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Ситказиев баяндады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз конференциясына қатысқан аталмыш басқарма өкілі көктемгі далалық жұмыстардың барысы туралы ақпарат берді.

– Ағымдағы жылы жоспарға сәйкес барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 626 мың га құрайды. Соның ішінде дәнді дақылдар – 289 мың га, майлы дақылдар – 123 мың га, картоп, көкөніс-бақша – 4,0 мың га, мал азықтық дақылдар – 210 мың га. Бүгінде 336 мың га алқапта ылғал жабылып, 19,4 мың гектар жерге культивациялау жүргізілді, – деді Берік Маратұлы.  Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, жалпы қазіргі уақытта 21 мың га алқапқа жаздық дақылдар егілген. Биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 10,5 мың тонна дизель отыны бөлініп, кестеге сәйкес 2,5 мың тоннасы Атырау мұндай өңдеу зауытынан алынған.

Мол өнім алудың маңызды шарттарының бірі – жерді сапалы тыңайтқышпен қамтамасыз ету. Осыған байланысты дихандарға да егіске енгізілетін тыңайтқыштар жеткізілуде. Бүгінгі күнге дейін отандық зауыттар мен тыңайтқыш сатушылардан барлығы 12,9 мың тонна тыңайтқыш сатып алынған. Бұл бағытта келісімшартқа отыру жұмыстары әлі де жалғасуда.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары көктемгі егіс пен егін ору жұмыстарына шаруаларды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету шараларына да тоқталды. Осы мақсатта биыл өсімдік шаруашылығын субсидиялау мен қызметтер көрсетуге жергілікті бюджеттен 2,7 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Соның ішінде субсидиялар – 1,93 млрд. теңге.

– Бұдан бөлек көктемгі дала және егін ору жұмыстарын несиелеуге облысқа «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 12,9 млрд. теңге бөлінді. Бүгінде шаруаларға 5%-бен 8,6 млрд. теңге несие берілді. Сондай-ақ 1,1 млрд. теңгеге жуық несиенің өтінімдері қаралуда. Ал «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы жалпы сомасы 6,5 млрд. теңгеге 597 бірлік техника лизингке алынып, оған 12,5 млрд. теңге қаражат бөлінді, – деді Б.Ситказиев.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы