БҰЛАҚ БАСЫНАН ТҰНАДЫ

Жауапкершілікті сезіну — бала кезден қалыптасатын қасиет. Өсе келе адамның болмысына, мінез-құлқына әсер етеді. Тиянақтылығы ерекшеленіп, байсалдылығы мен тұрақтылығы көрініп тұрады.
Сондай жандардың бірі — замандасымыз Бақытжан Жарылқасынұлы ӘБДІРАЙЫМ.
Ол — зиялы қауым ортасына, ғылыми ортаға танымал тұлға.
Бар болғаны 27 жасында еліміздің Жоғары Арбитраждық сотының судьясы қызметін атқарған кәсіби заңгер, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының Парламентіндегі Өкілдігінің басшысы, профессор, заң ғылымдарының докторы, кезінде Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры болған, экс-вице-министр, экс-депутат, Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының бұрынғы төрағасы.
Ол өмір бойы оқып-үйреніп, ізденіп жүретін, қолға алған ісін аяғына жеткізуге тырысатын алғыр, намысты әрі көпшіл азамат.
Айталық, Еуразия ұлттық университетіне басшылық жасаған жылдары көптеген бауырлас елдердің жетекші жоғары оқу орындары жанынан Абай орталықтарын ашты. Арнайы методикалық нұсқау әзірлеп, олардың жұмысын үйлестірді. Өміршеңдігін көрсеткен бастама араға жылдар салып қайта жалғасын тапты.
Сондай-ақ, беделді білім ордасында қызметкерлердің мәртебесіне қарай сыйақы белгілеу ісіне әділеттілік қағидатын енгізгені әлі күнге дейін аңыздай айтылады. Кәсіподақ ұйымының беделін халықаралық деңгейге көтеруге барын салды. Қоғамдық қызметке көптеген жаңалықтар енгізіп, өз қолтаңбасын қалдырды.
Біз оның барлық жаңашыл істерін санамалап шығуды мақсат тұтпадық. Әр кезеңде, түрлі лауазымда жүріп атқарған қызметінен гөрі оның адами-тұлғалық қасиеттеріне, жалпы отбасылық құндылықтарға көзқарасына аз-кем тоқталуды жөн санадық.
Үлкен әулетте дүниеге келген Бақытжанның төрт бауыры және қарындасы бар. Әкесі Жарылқасын аға — энергетик, анасы Қайыркүл апай — ұстаз, ағылшын тілінің маманы болып істеген. Әулетін айтсақ, әкесінің інісі — Серік Әбдірайымұлы елімізге белгілі жазушы, журналшы әрі баспагер еді. Ол кезінде Дінмұхамед Қонаевтың басына бұлт үйірілгенде оның жанында қалған санаулы адамдардың бірі болды. Тәуекелге бел буып, мемлекет басқарған адамның көзі тірісінде ол туралы анық деректермен құнды кітап жазып, автордың да, елдің де алғысына бөленді. Шынында, ерлікке барабар азаматтық ұстанымы болатын.
Ал, Бақытжан бауыры сол кезеңдегі көп жағдайға куә болып өсті, оқиғаларды санасымен саралап, заңгерлік білімін жетілдірді.
Расын айтқанда, кез келген отбасыда бала тәрбиелеудің, оқытудың, еңбекке баулудың ата-бабадан келе жатқан дәстүрдің әулеттік жолы, өзіндік үлгісі, өнегесі болады.
Мысалы, мектепте оқып жүргенде Бақытжан бауырларымен бірге егін салып, көкөніс еккен, жеміс өсірген, қора тұрғызып, мал баққан, сауда-саттықпен айналысқан. Бұл — бала еңбегін пайдалану емес, еңбек арқылы дүниені қадірлеуіне бағыт-бағдар беру, жол көрсету.
Ол студент кезінде де тер төгіп, қосымша табыс табу арқылы стипендиясын молайтып отырған.
Бүгінде Бақытжанның өзі көпбалалы отағасы ретінде сол дәстүрді жалғастырып келе жатқандай көрінеді. Оны әрдайым ерекшелеп тұратын сыпайылығы да бар.
Біріншіден, ол артық сөйлемейді, сөзіне, уәдесіне берік, ұлттық салт-дәстүрді ұстанады, үнемі шығармашылық ізденісте жүреді. Екіншіден, жаңашыл, жоспары бар, діттегеніне жетуге тырысады, қарбаласта уағдаласқан жеріне бірде бір рет кешіккен емес, уақытын бос өткізбейді.
Қазір өзіңнің ғана емес, өзгенің де уақытын қадірлейтін заман орнағанын ескермесе болмайды.
Үшіншіден, білікті, зиялы, ысылған, епсекті, сөзден гөрі іске мығым азамат деп жалғастыра беруге болар еді.
Ол мұнысын әсте мақтан тұтпайды. Біз де оны мадақтау үшін айтып отырғанымыз жоқ. Қазақ азаматының баршасына осындай қасиеттер тән болуға тиіс деп ойлаймыз. Өкінішке қарай, жоғарыда айтылған қарапайым қағидаларды ұстанатындар қатары арамызда азайып бара жатқаны өтірік емес.
Айталық, мектепте орыс тілінде білім алғанына қарамастан ол отбасында балаларымен тек ана тілінде сөйлеседі. Кітапты өзі сатып алады, көп оқиды.
Бірде қазақша тақпақты ұмытып қалғаны үшін кенже ұлы — Олжасты мәдениетті түрде айыпқа бұйырғанына да (оны халықтық педагогика терістемейді) куә болдық. Келісім түзгендей кішентайының да көнбеске амалы қалмады. Әке тәрбиесімен оның күнделік жүргізгенін көріп, ондағы бизнес-жоспарына таң қалдық. Оқу-тоқудан өзге жасөспірімге лайықты іскерлік талабына риза болдық. Жауапкершілік шеңбері айқындалса, қызықпайтын, бағынбайтын бала болмайтынына көз жеткіздік. “Бала ата-анасына тартпай заманына тартады” деген сөздің өзі ақталудың амалын еске салғандай болды.
Тәртіптің құлы болуды жастайынан отбасыда үйренген өзге ұл-қыздары алған білімін пайдалануды, іске асыруды үй шаруасынан немесе әке-шешесіне, ата-әжесіне қолғабыс етуден бастайды екен.
Шын мәнінде, бұл — үлкен өмірдің көптеген қиыншылықтарын жеңуге жол көрсететін әдіс, моральдық құндылықтар мен іс-әрекет үшін жауапкершілікті мойынға алуды үйретеді.
Қазір елімізде заң мен тәртіп, әділдік жөнінде аз айтылмайды. Ақиқатында, барлығы жеке жауапкершілікке, намысқа байлаулы іс. Басқаша айтсақ, бұл өзін өзі бақылау қағидаты. Ал баланы оған бейімдеу әр отбасыдан бастау алуға тиіс. Әділдікті де өзінен бастай алатын ата-ана қоғамға қажетті жеке жауапкершілікті ұрпағына мұра, тәрбие, аманат етіп қалдырары сөзсіз.
Осындайда халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің:
“Қай халықтың болса да мәдениетін, көркем сөз, көркем өнерін жоғары көтеріп, жалындатып жіберуге жүз талант көптік етпейді, он талант аздық етпейді” деген сөзі еске оралады.
Елімізде Бақытжан Жарылқасынұлы отбасы сияқты немесе одан да асып түсетін мысалдар жеткілікті деп ойлаймыз. Сондықтан, әр салада адал еңбек етіп жүрген, көзі ашық, ниеті таза, іскер де әділ азаматтардың өздері туралы, олардың отбасы жөнінде көбірек айтып, жазу керек шығар. Мұны еліміздегі әрбір отбасын нығайту үшін, мемлекеттік маңызы бар іске үлес қосып, жалпыұлттық міндетті орындау үшін қажет деп санаймыз. Өйткені, халқымыз: “бұлақ басынан тұнады” деп бекер айтпайды. Жалпы, өнеге-үлгі ешқашан көптік етпейді.
P.S. Ертең — Ұлттық корпоративтік басқару академиясының ректоры — басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі Бақытжан ӘБДІРАЙЫМНЫҢ туған күні.
Біз жаңа жас қосып отырған замандасымыз туралы ойымызды ғана жаздық, толықтырып, бөлісуді оқырман еркіне қалдырамыз.
Дархан МЫҢБАЙ ФБ парақшасынан алынды