Астанада марафон қатысушылары «Таза Қазақстан» акциясын қолдады
Астанадағы Ботаникалық саябақта Charity Samruk Marathon аясында ауқымды қайырымдылық марафоны өтті. Самұрық-Қазына қорының бастамасымен ұйымдастырылған бұл шара биыл қатысушылар саны бойынша рекорд жаңартып, 3000-ға жуық адамды біріктірді. Осылайша, әуесқой және кәсіби жүгірушілер бір мақсатта – инклюзивті білім беруді қолдау үшін бас қосты.
Сондай- ақ, қатысушылар «Таза Қазақстан» акциясы аясында пластик қалдықтарды тапсырып, сыйлықтар алды.
Осылайша қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруды көздеген бұл жоба қоғамда экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталды.
Ал, жарыстың ашылуында «Charity Samruk Marathon салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге нақты үлес қосып келеді», деген «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов марафон нәтижесінде шамамен 250 млн теңге жиналып, бұл қаражат жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақстан мектептерінде, соның ішінде Ақтөбе облысында, ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған 10 инклюзия кабинетін ашуға бағытталатынын жеткізді. Жалпы, бұған дейін осындай бастамалардың арқасында елорда мектептерінде 15 кабинет іске қосылған. Ал, қазіргі таңда Астана, Ақмола және Атырау облыстарында 31 инклюзия кабинеті жұмыс істеп, онда 2000-нан астам бала білім алуда.
Инклюзивті кабинеттер толық жабдықталған. Онда логопед, дефектолог, психолог мамандар қызмет көрсетеді, сондай-ақ арнайы шеберханалар мен емдік дене шынықтыру (ЛФК) залдары қарастырылған.
Ал аталған шараға 50-ден астам серіктес ұйым қолдау білдірді. Марафон бағдарламасы да кеңейтіліп, қатысушыларға 2,5 км, 5 км және 10 км қашықтыққа жүгіру, сондай-ақ 2,5 км скандинавиялық жүріс форматтары ұсынылды. Жеңімпаздар медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Бұдан бөлек, қатысушылар мен қонақтар үшін түрлі тақырыптық аймақтар, шеберлік сабақтары және балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды.
Елқуат Елтөре




