…Кешегі қаһарлы кеңес заманында «Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қостырмаймын» деп Кремльге қарсы шыққан Жұмабек Тәшеновтің артында намыстан басқа таяныш болатын қандай күш бар еді? Қалың әскері жоқ қорқытатын, қызыл империяға қарсы шыққан адамның күні не болатынын ол кісі бізден жақсы білген шығар. Бірақ бойдағы намыс, азаматтық жауапкершілік сондай іске баруға оның жүрегін дауалатты. Оны бағалай білу – бізге сын. Сонымен бірге жалған намыстың да болатынын ұмытпайық. Заманның нарқын сезбеу, жоқ жерден ұлттық трагедия жасау, әсіренамысшылдық, әсіреұлтшылдық та жақсы нәрсе емес.
…Кез келген адам өзінің түсінігі бойынша әрекет жасайды. Яғни адамның істеген ісі оның дүниетанымымен, санасымен тікелей байланысты. Бүгінгі қазақтың да үлкен проблемасы оның санасында жатыр деп ойлаймын. Кешегі Кеңес өкіметі мейлінше идеологияланған мемлекет еді ғой. Халықтың санасын улады, жалған ұғым, сенімдерді қалыптастырды. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуық уақыт өтсе де, сол санадан әлі арылып бола алмай жатырмыз. Зиялы қауымның ішінде көзі ашық деген азаматтардың арасында да әлі сол кеңес заманында өмір сүріп жүргендей ой ойлап, пікір таратып жүргендер баршылық. Тіпті тәуелсіздікті әлі мойындағысы келмей жүргендер де бар. Олардың көбі кезінде кеңестік номенклатурада болып, жоғары қызметтерде істеп, заманның қызығын молынан көргендер немесе солардың ұрпақтары, коммунистік идеяға қатты сенгендер, орысша тәрбиеленіп, өз тамырынан айрылып қалғандар һәм тағы сол сияқтылар. Әлі күнге дейін Ресейдің насихатынан шыға алмай (өйткені таңертеңнен кешке дейін тыңдайтынымыз – солардың телеарналары, оқитынымыз – солардың газеттері), соларша Американы жамандап, Еуропаны ғайбаттап (бұлар біздің жерімізге көз алартып отырғандай немесе тіліміздің мемлекеттік тіл болуына кедергі жасап жатқандай), демократияны жоққа шығарып (бұрын жалған демократияны желеу етіп отырған мемлекеттерді сынаушы едік, енді демократияның өзін сынауға көштік, бізді құртып отырған сол екен), ел үшін жандарын құрбандыққа шалған Алаш азаматтарының өздерін аса жоғары көтермей, шамалап қана мақтап, кезінде большевиктердің сойылын соққандарды әлі күнге дейін көкке көтеріп ұлықтауымызды қоймай – мінеки, осылай өмір сүріп жатырмыз. Оның үстіне, ұлттық сананың орнығуына кедергі болып отырған рулық сананы қосыңыз. Ұлттық сана дегеніміз – халықтың біртұтас организмге айналуы, кез келген істе, әсіресе ұлттық мүддені қорғау қажет болғанда жұмыла білуі. Ал рулық сана – сол жолдағы үлкен кедергі. Әлемге ықпал жасап отырған өркениетті халықтардың артықшылығы да осы тайпалық сананы әлдеқашан артқа тастап, ұлттық санаға көшіп кеткендігінде жатыр…
Сталиндік тоталитаризм сынала бастаған кез. Жылымық орнады. Қорқыныш құрсауынан шығып, ұрпағымызды қазақша оқытсақ деген ойлардың сана-сезім, рухымызды билей бастағаны да тура осы кезеңмен тұспа-тұс келген еді. Тіпті, біз сол алғашқылардың бірі болып балаларын қазақ мектебіне бергендердің қатарындамыз. Ел оянды, сана сілкінді…
Төлен Әбдік.

