Астанада бірлік күніне арналып ағаш егілді

1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Астана қаласында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Президент саябағында көшет отырғызу жұмыстары жүргізілді.

Акцияға «Ассамблея жастары» форумының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымының өкілдері, сондай-ақ «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының белсенді жастары мен еріктілері қатысты.

Акция барысында жалпы саны 60-қа жуық қатысушының күшімен 30 көшет отырғызылды. Экологиялық бастаманың негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру, жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру және қаланы көгалдандыруға үлес қосу.

Аталған акция бірлік мерекесінің мәнін айқындай отырып, қоғамдағы ынтымақты нығайтуға және экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталғанын айтады ұйымдастырушылар.

«Бүгінгі акция – ағаш отырғызу ғана емес, бұл – болашаққа деген жауапкершіліктің көрінісі. Жастардың осындай игі бастамаларға белсенді қатысуы қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бірлік күні қарсаңында өткен бұл шара адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндейді», деді «Ассамблея жастары» Республикалық жастар ұйымы РҚБ төрағасы Тимур
Джумурбаев.

Елқуат Елтөре