Тәжірибеден – қызметке дейін: Жастарға жол ашқан «AMANAT» бастамасы

Жастарды жұмыспен қамту – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыты. Осы мақсатта «AMANAT» партиясы жүзеге асырып келе жатқан «Жастарға жұмыс» жобасы жас азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуына нақты мүмкіндік беріп отыр.

Жоба арқылы еңбек жолын бастауға мүмкіндік алған азаматтардың бірі – Данил Гончар. Ол Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша білім алып жүрген кезінде-ақ өзінің кәсіби бағытын айқындауға және еңбек нарығындағы мүмкіндікті зерделеуге мән берген. Осы мақсатпен ол «Жастарға жұмыс» жәрмеңкесіне қатысып, болашақ жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды.

Жәрмеңке форматы жас мамандар үшін ерекше мүмкіндік берді: бір алаңда мемлекеттік және жеке сектор өкілдерімен жүздесіп, өз білімі мен қабілетін таныстыруға, сондай-ақ нақты жұмыстарды қарастыруға жағдай жасалды. Данил Гончар да осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз мамандығына сәйкес келетін мекемемен алғашқы келісімге келді.

Жәрмеңкеден кейін ол өндірістік тәжірибеден өтіп, еңбек процесіне тікелей араласты. Бұл кезең оның кәсіби дағдыларын нығайтуға, мемлекеттік басқару саласындағы жұмыс ерекшеліктерін терең түсінуге мүмкіндік берді. Жас маман тәжірибе барысында жауапкершілік, бастамашылдық және жүйелі жұмыс істеу қабілетімен ерекшеленді.

Оқу орнын тәмамдаған соң, Данил Гончар жинаған тәжірибесі мен көрсеткен нәтижелерінің негізінде тұрақты жұмысқа қабылданды. Қазіргі уақытта ол Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасының жастармен және азаматтық қоғам институттарымен жұмыс бөлімінің бас маманы қызметін атқарады.

— «Бұл жоба маған үлкен мүмкіндік берді. Жәрмеңке барысында жұмыс ұсынушымен тікелей сұхбаттасып, толыққанды ақпарат алдым. Өндірістік тәжірибе барысында жинақтаған білімім арқылы тұрақты жұмысқа орналастым. Бүгінде өз мамандығым бойынша еңбек етіп келемін. Осындай бастамалар жастарға нақты бағыт-бағдар беріп, олардың болашаққа сенімді қадам жасауына ықпал етеді», – деді ол.

Бөлім басшысы Айдар Садырбаевтың айтуынша, жас мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі мен кәсіби тұрғыда дамуға деген ұмтылысы оның қызмет нәтижелерінен айқын көрінеді. Ол бөлім жұмысына белсене араласып, азаматтық қоғам өкілдерімен өзара іс-қимылды нығайтуға үлес қосып келеді.

Данил Гончар аз уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің жас көшбасшылары мен таланттарының съезін ұйымдастыруға және өткізуге қосқан үлесі үшін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың алғыс хатымен марапатталды. Осылайша ол қызметінде жоғары белсенділік танытуда.

«Жастарға жұмыс» жобасы дәл осындай нақты нәтижелер арқылы өз тиімділігін дәлелдеуде. Жоба аясында жастар тек бос жұмыс орындарымен танысып қоймай, кәсіби бағдар алып, тәжірибеден өтіп, кейін тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болуда. Бұл – жастардың еңбек нарығына бейімделуін жеңілдететін жүйелі қолдау тетігі.