Отбасы – ең жоғары құндылық
Біздің мақалада сөз болатын Батырбековтар отбасын көпшілік жақсы таниды. Күләнда Батырбекова – табысты кәсіпкер, бірнеше жеке білім беру ұйымдарының басшысы, білікті педагог, бастамашыл қоғам қайраткері, аяулы ана және ардақты әже. Қоғамдық және кәсіпкерлік қызметпен қатар, Күләнда Уәлиханқызы берік әрі тату отбасы құрып, оны өміріндегі басты тірекке айналдыра білді. Оның айтуынша, Отанға деген сүйіспеншілік ең алдымен отбасы ошағынан басталады. Батырбековтар отбасының тарихы – шағын қоғамның қалыптасуы мен дамуының жарқын үлгісі. Бұл отбасы өз өмірлік ұстанымымен татулықтың, сыйластықтың және бірліктің арқасында табысқа жетуге болатынын дәлелдеп келеді. Табыстың негізінде балалар тәрбиесіне ерекше мән берген ана еңбегі жатыр. Күләнда Уәлиханқызының басты қағидасы – отбасында әрқашан махаббат, жақсылық, бейбітшілік және өзара түсіністік болуы тиіс.
Ол көпбалалы қарапайым отбасында дүниеге келген. Онда ата-анаға ғана емес, отбасының әр мүшесіне, соның ішінде кішілерге де сүйіспеншілік пен құрмет көрсету басты құндылық болған. Осы тәрбиені ол өз өміріне бағдар етіп, шаңырағын да сол қағидалар негізінде құрды. Бизнесін бастаған алғашқы жылдары қиындықтар аз болған жоқ. Тіпті несие алып, мүлкін сатуға тура келген сәттер де болды. Алайда сүйікті жары мен қыздарының қолдауы оған жігер берді. «Бірге болсақ – табысқа жетеміз» деген өмірлік ұстаным оның барлық ісіне бағыт-бағдар болды. Қиындықтарды еңсерген отбасы бүгінде өз еңбегінің жемісін көріп отыр. Күләнда Уәлиханқызының бастамасымен «Дана» жеке мектебі мен заманауи талаптарға сай «Еркемай» жеке балабақшасы ашылды. Бұл білім беру мекемелері Талғар және Іле аудандарының түйіскен тұсындағы «Жаңа Қуат» шағын ауданында орналасқан. Бір кездері инфрақұрылымы дамымаған бұл аумақ бүгінде заманауи талаптарға сай көркейген. 500 балаға арналған балабақшада 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың толыққанды дамуына барлық жағдай жасалған. Ал жеке мектеп заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Білім ордаларында тәжірибелі мамандар еңбек етіп, білім сапасына жоғары баға берілуде. Бұл табыстың артында Күләнда Уәлиханқызының қажырлы еңбегімен қатар, жұбайы Төлеген мырза мен үш қызы – Венера, Динара және Ренатаның қолдауы бар. Отбасында әркім өз міндетін жауапкершілікпен атқарады. Венера азық-түлікпен қамтамасыз ету және сапаны бақылау ісіне жауапты. Динара қаржы және шаруашылық талдаумен айналысады. Ал Рената – жоғары білімді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары маман, білім беру бағдарламаларын үйлестіру бағытында еңбек етуде.
Отағасы Төлеген мырза да отбасы мен білім беру мекемелеріндегі шаруашылық жұмыстарды үйлестіріп, жайлы орта қалыптастыруға үлес қосып келеді. Бірнеше жоғары білімі бар Күләнда Батырбекова білім беру саласындағы сапаны арттыру бағытында халықаралық тәжірибені де қолданады.
Бұл отбасының басты құндылығы – бірлік, өзара құрмет және сүйіспеншілік. Батырбековтар әулеті отбасының берекесі мен татулығы адамды үлкен жетістіктерге жетелейтінін өз өмірімен дәлелдеп келеді. Шын мәнінде, отбасы – ең жоғары құндылық.
Г.Тұрлыбекова

