Шегірткеге қарсы күрес күшейеді

Шегірткемен күрес дер кезінде жүргізілмесе, жайылымға, егіс алқабына едәуір зиян келетіні анық. Сол үшін бір сәтке де босаңсуға болмайды. Жалпы республика көлемінде жағдай бірқалыпты болғанымен, зиянкестердің дәл осы уақытта күбіршектерін анықтап, оны жоймаса, күн қызғанда қанаттанып, мазаны алуы әбден мүмкін.

Қазақстанда зиянкестермен күрес жұмыстары жыл сайын жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта шегірткеге қарсы жаңа маусымға дайындық толық аяқталып, қолданылатын техникалар әзір тұр. Биыл егістік алқаптарын дәл өңдеу үшін 46 агродрон пайдалану жоспарланған. Бұл технология шегіртке шоғырланған аумақтарды нақты анықтап, нүктелік әдіспен дәрілеуге мүмкіндік береді. Үйірлі шегірткелердің таралу аймағы кең болғандықтан, әсіресе дала, шөлейт, таулы өңірлер мен өзен аңғарларында ауыр техниканың жүруі қиын. Осы ретте дрондар арқылы ерте анықтау, бақылау және қамту аумағын кеңейту жұмыстары айтарлықтай жеңілдеді. Барлық жабдықтар маусым алдында тексеріліп, ұшу қауіпсіздігі мен бүрку жүйелерінің тиімділігі сараланды.

Соңғы жылдары фитосанитариялық мониторингтің техникалық базасы жаңарып, дрондар саны артты. Қазір 57 ұшқышсыз аппарат жұмысқа дайын. Бұл маусымдық жұмыстарды жедел жүргізуге мүмкіндік береді. Жамбыл облысында бұған дейін Байзақ, Талас аудандары мен Ақтоған ауылындағы «Ойранды» алқабында шегіртке ошақтары тіркелгенімен, дер кезінде жойылған.

2026 жылы облыста 230 848 гектар жер химиялық өңдеуден өтеді. Оның ішінде Марокко шегірткесіне қарсы 111 228 гектар, итальян прусына 100 100 гектар, азиат шегірткесіне 19 520 гектар қамтылады. Жалпы 56 бірлік техника жұмылдырылып, оның құрамында 5 ұшақ, 37 жерүсті бүріккіш, 4 аэрозоль генераторы және 10 дрон бар. Қазіргі таңда 204 828 гектарға тендер өткізіліп, мердігерлер анықталған: әуе өңдеу жұмыстарын «DAP AEROSERVICE GROUP» ЖШС, жерүсті техниканы «Бағжан» ЖК, аэрозоль генераторларын «Progress» бірлестігі, ал дрондарды «Фитосанитария» ШЖҚ РМК жүзеге асырады. Қалған 26 020 гектар бойынша келісімшарттар жасалады.

Бірқатар аудандарда қанатсыз саяқ шегірткелер анықталып, тиісті дабыл берілді. 125 ауылдық округте агрооқулар ұйымдастырылып, шаруаларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар өңдеу кезінде мал жаюға және омарташылардың орналасуына шектеу қойылады. Марокко шегірткесінің дернәсілдері 6 сәуірде Шу, Қордай, Жамбыл аудандарында тіркеліп, өңдеу сәуірдің екінші онкүндігінде басталды. Жалпы фитосанитариялық ахуал тұрақты бақылауда.

 

Жасұлан Сейілхан