Энергетикалық дипломатия даңғыл жолда

Қазақстанның энергетикалық дипломатиясы бүгінде жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, елдің жаһандық нарықтағы рөлі тек шикізат жеткізуші емес, стратегиялық әріптес әрі технологиялық хаб ретінде қайта айқындалып келеді. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету экспорттық бағыттардың тұрақты жұмысымен тығыз байланысты. Осы ретте Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ жобалары аясында АҚШ-тың «Chevron» мен «ExxonMobil» компанияларымен орнаған ұзақ мерзімді әріптестік Қазақстанға ірі инвестициялар мен озық технологиялар тартуға жол ашып, экономикалық тұрақтылықты нығайтып отыр.

Сонымен қатар қазіргі кезеңде мұнай-газға тәуелділікті азайтып, энергетика саласын әртараптандыру өзекті. Осы бағытта көмірді терең өңдеу мен көмір химиясын дамытуға басымдық беріліп, арнайы Жол картасы қабылданды. Оның аясында аммиак, карбамид, синтетикалық газ және дизель өндіру жобалары іске қосылмақ. «Таза көмір» технологияларын енгізу экологиялық талаптарды сақтай отырып, экономикалық тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан АҚШ және Еуропалық Одақпен энергетика, көлік, климат және қоршаған орта салаларында белсенді ынтымақтастық орнатып отыр. Әсіресе маңызды шикізат, аккумулятор және «жасыл» сутегі бойынша тұрақты құн тізбегін қалыптастыруға ерекше мән берілуде. Ел 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.

Орталық Азиядағы энергетикалық ықпалдастық та күшейіп келеді. Қазақстан өңірлік жобаларға, соның ішінде «Қамбар ата-1» ГЭС-ін салу жөніндегі халықаралық консорциумға қатысу арқылы аймақтық тұрақтылық пен су-энергетикалық балансты қамтамасыз етуге үлес қосуда. Жалпы, стратегиялық әріптестік пен ішкі реформалардың үйлесуі Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болады.

Жасұлан Сейілхан