Отбасы – ұлттың тірегі
Отбасылық құндылықтарды нығайту – қоғамның тұрақтылығы мен ұлт болашағының берік негізі. Отбасы – адам өміріндегі ең алғашқы тәрбие мектебі, рухани құндылықтардың қайнар көзі. Бала бойындағы адамгершілік, сыйластық, жауапкершілік, еңбекқорлық сияқты қасиеттер ең алдымен отбасыда қалыптасады. Сондықтан отбасылық құндылықтарды сақтау мен нығайту әрбір ата-ананың, әрбір қоғам мүшесінің маңызды міндеті болып табылады. Бүгінгі таңда қарқынды дамыған ақпараттық қоғамда отбасы институтының рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Технологияның дамуы, уақыт тапшылығы, әлеуметтік өзгерістер кейде отбасы мүшелерінің бір-бірімен қарым-қатынасын әлсіретуі мүмкін. Осындай жағдайда ата-ана мен бала арасындағы ашық диалог, өзара түсіністік пен қолдау ерекше маңызға ие. Баланың пікірін тыңдау, бірге уақыт өткізу, ортақ дәстүрлер қалыптастыру – отбасы байланысын нығайтудың тиімді жолдары. Отбасылық құндылықтардың негізінде үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, бір-біріне жанашырлық таныту жатыр. Әсіресе, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу арқылы отбасы мүшелері арасындағы рухани байланыс күшейеді. Бірге дастарқан басында отыру, мерекелерді бірге атап өту, ата-әже тәрбиесін үлгі ету – балаға ұлттық құндылықтарды сіңіреді. Отбасындағы жауапкершілікті бөлісу де маңызды. Әрбір отбасы мүшесінің өзіндік міндеті болғанда, өзара сыйластық пен ұйымшылдық артады. Үй шаруасына бірге атсалысу, ортақ мақсат қою, қиындықтарды бірлесіп шешу – берік отбасының белгісі.
Отбасылық құндылықтарды нығайту – тек бір шаңырақтың ғана емес, тұтас қоғамның дамуына әсер ететін маңызды фактор. Берік отбасы – тәрбиелі ұрпақ, ал тәрбиелі ұрпақ – жарқын болашақ кепілі. Сондықтан әрбір отбасы өзара құрметке, сенімге және сүйіспеншілікке негізделген қарым-қатынасты басты ұстаным етуі тиіс.
Г.Тұрлыбекова

