Жаңа талап қойды

Украина президенті Владимир Зеленский 31 наурызда Ресей Донбасс бойынша жаңа талап қойғанын мәлімдеді.

«Ресей Украинаның екі айда Донбастан кетуін қалайды» деді Зеленский. Оның пікірінше, Ресей бұл жоспарын іс жүзінде жүзеге асыра алмайды және мұнысын Мәскеу де жақсы біледі. Алайда ресейліктер АҚШ-қа қысым жасап жатыр, осылайша Вашингтон Украинаны Ресейдің ығына көндірсін деп отыр. Ресей жағы әзірге Зеленскийдің мәлімдемесіне реакция білдірмеді. Бұған дейін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мемлекеттік арнаға берген сұхбатында Мәскеу АҚШ-ты бейбіт келіссөздерде Ресейге тиімді жеңілдіктерге қол жеткізу үшін Киевке ықпал ету тетігін пайдалануға шақырғанын айтқан.

Қысымға түскен Азия

Ормуз бұғазы төңірегіндегі шиеленіс Азия елдерін қиын жағдайға қалдырды. Түркияда бензин бағасы 63 лираға дейін өссе, Таиландта жанармай соғыс басталғалы 145 теңгеге қымбаттаған.

Сарапшылардың айтуынша, Азия елдері стратегиялық мұнай қорын жеткілікті деңгейде жинамағандықтан, қазіргі тапшылықты қатты сезінуде. Пәкістан, Шри-Ланка, Индонезия, Филиппин, Таиланд және Вьетнамда жұмыс аптасы қысқарып, тұрғындардың бір бөлігі қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Тіпті Ормуз бұғазы жақын арада ашылған күннің өзінде мұнай жеткізілімі толық қалпына келу үшін кемінде 2-3 ай қажет. Осы аралықта бірқатар ел шұғыл шараларға көшті: Польша жанармай бағасына шектеу енгізсе, Ресей бензин экспортын қысқартуы мүмкін. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп жанармай тапшылығына тап болған елдер өз мәселесін өздері шешуі тиіс екенін айтып, қажет болса, мұнайды АҚШ-тан алуға немесе Ормуз бұғазы арқылы өз күшімен тасымалдауға шақырды.

Айға адам шықпақ

Адамзат араға 53 жыл салып Айға сапар шекпек. БұлNASA-ның Айға қайта оралуға бағытталған ауқымды сынақ жобасы.

Егер ол сәтімен жүзеге асса, 2028 жылы Айды зерттеу бойынша ауқымды шаралар басталады. Ал осы жолғы Artemis II миссиясы аясында 4 ғарышкер әуелі 10 күндік сапарға аттанады. Бортта 3 америкалық және 1 канадалық астронавт бар. Олар 1 тәулік бойы Жер маңындағы орбитада қалып, тіршілікті қамтамасыз ету және микроклиматты бақылау жүйелерін тексереді. Осыған дейін адамзат Айға 1972 жылы қонған. Енді NASA бұл күрделі міндетті 2 жылдан кейін, бұрын-соңды зерттелмеген Айдың оңтүстік полюсінде қайта жүзеге асыруды жоспарлап отыр.