Неге казактар мұсылман әйелдерге үйленуді жөн көрді?

XVI ғасырдан бастап Дон бойында бір қарағанда парадоксальды көрінетін дәстүр қалыптасты.
Православие сенімін және Ресей мемлекетінің шекарасын қорғаушы казактар мұсылман әйелдерді қуана-қуана жары етіп алды.
Түрік, черкес, татар және парсы әйелдері казак балаларының анасы, шаңырақтың берекесі және бүгінгі біз білетін өзгеше казак мәдениетінің негізін қалаушыларға айналды. Бұл неліктен орын алды?
Алғашқы казактар
XVI ғасырдың ортасында Донда пайда болған алғашқы казактар үй-жайсыз және отбасысыз адамдар еді. Үнемі жорықтар, қауіп-қатер мен еркін өмір салты отбасын құруға мүмкіндік бермеді. Бірақ жартылай көшпелі өмір отырықшылыққа ауысып, Дон жағалауында үйлер (куреньдер) бой көтергенде, жар керек екені анық болды.
Казак қызметке кеткенде, шаруашылық пен балалар әйелдің мойнында қалатын. Ол тек сұлу ғана емес, нағыз пысық, тәрбиелі, дені сау және үйді жалғыз басқара алатын мықты тәрбиеші болуы тиіс еді. Мұндай жарды қайдан табуға болатын?
Жәсірлер (Ясыркалар): Тұтқыннан — үй иесіне дейін
Казактар бұл мәселенің шешімін әскери олжаларынан тапты. Жәсірлер (Ясыркалар) — түрік және қырым иеліктеріне жасалған жорықтарда қолға түскен тұтқын әйелдер — жоғарыда айтылған қасиеттердің бәріне ие еді.
Оларды Донға жүздеп, мыңдап әкелетін.
Тарихи құжаттарда таңғаларлық дерек сақталған: 1635 жылы Азов жағалауындағы түрік бекіністеріне жасалған шабуылдан кейін казактар 1700-ге жуық түрік қыз-келіншектерін тұтқынға алған. Олардың бәрі шоқындырылып, христиан есімдерін алып, казактардың заңды жарына айналды.
Пётр I түрік жеріне жорық жасауға тыйым салғанда, «қалыңдықтар ағыны» тоқтаған жоқ, тек бағыты өзгерді. Казактар Кавказдан әйел әкеле бастады. Саяхатшы Манштейннің жазуынша, Кавказдың «айбарына» айналған бригадир Краснощеков бір ғана жорықтан кейін 10 мыңға жуық ясырканы — шешен, қабарда, черкес қыздарын алып келген.
Сондай-ақ, қалыңдықты Астрахань, Баку, Дербенттегі құл базарларынан сатып алуға да болатын. Сондықтан казактың жары тек түрік емес, түркмен, қалмақ немесе парсы қызы болуы әбден мүмкін еді.
Тек сұлулық қана емес
Бұл таңдаудың астарында тек қолжетімділік емес, терең психологиялық себеп жатты.
Казактар Донға Мәскеу мемлекетінен, боярлардың қысымынан және құлдық өмірден қашып келгендер. Олар өздерінің еркін республикасын құрды және «бұрынғы өмірмен» ешқандай байланыс болғанын қаламады.
Әке-шешесі өмір бойы қожайынға арқасын иіп өткен орыс қыздарын алу — казак ортасына «құлдық рухын» алып келумен тең еді.
Ал мұсылман әйелдері — басыбайлылық (крепостнойлық) құқықты білмейтін халықтардың өкілдері ретінде — казактар үшін идеалды таңдау болды.
Өр мінезді, бостандықсүйгіш бұл әйелдер балаларының бойына еркіндікке құштарлық пен батылдықты ұялатты.
Казактарда «Әйелді еркін елден ал, ал еркекті Доннан ал — сонда еш ұтылыссыз өмір сүресің» деген мәтел бар екен.
Сонымен қатар, басқа халықтармен қан араластыру арқылы казактар саналы түрде жаңа қауымдастық қалыптастырды. Орыс қанына черкес, түрік, парсы қанының қосылуы бірнеше ұрпақтан кейін өздерін өзгеше ұлт ретінде сезінуге мүмкіндік берді.
Қара қасты казактар мен олардың сұлу қыздары — осы ғасырлар бойы жүрген процестің нәтижесі.
Саясат пен Эстетика
XVI-XVIII ғасырлар аралығында Ресей Түркиямен үздіксіз соғысты. Казактар шекара әскері ретінде осы соғыстардың алдыңғы шебінде болды. Жорықтардан олар тек жібек пен алтын ғана емес, «тірі олжа» да әкелетін.
Казактар оңтүстік қыздарының сұлулығына тәнті болғанын жасырмаған.
Түрік сұлтанына жазған атақты хатында олар мақтанышпен: «Сұлу да сүйікті жарларымызды Константинопольден өзіміз таңдап аламыз, сенен сұрап жатпаймыз», — деп жазған.
Бұл араласудың нәтижесі көп күттірген жоқ. Тарихшы Василий Сухоруков аралас некенің казак халқының геніне жақсы әсер еткенін жазып, дон казактарының қыздары «жалын атқан қара көздерімен және жүздеріндегі сау қызыл шырайымен» танымал болғанын атап өткен.
Тер казактары — дағыстандықтар мен шешендерге, Орал казактары — ноғайлар мен сарттарға үйленген.
Тіпті Сібірді игеруге кеткен казактар да Дондағы бауырларына «бізге әйелдер жіберіңдер» деп хат жазып, ясыркаларды алдыртып отырған.
Дәуірдің аяқталуы
XVIII ғасырдың соңына қарай жағдай өзгерді. Казактардың саны көбейіп, өз іштерінде қалыңдықтар жеткілікті болды. Ғасырлар бойы қалыптасқан генофонд оларды көршілерінен сырт келбеті жағынан да, мәдениеті жағынан да ерекшелеп тұрды. Осы ерекшелікті сақтап қалу мақсатында сырттан әйел алу тоқтатыла бастады.
«Ясыркалармен» үйлену айыптала бастады, әсіресе көршілес жатқан орыс және украин халықтарымен құдаласуға құлықсыз болды. Казактарға қара қасты сұлулар мен қайсар жауынгерлерді сыйлаған ежелгі дәстүр тарих қойнауына кетті.
Бірақ оның ізі гендерде, мәдениетте және бүгінгі таңда да басқалардан ерекшеленіп тұратын казактардың келбетінде мәңгілікке қалды.
Өмір Шыныбекұлы парақшасынан