ДОНОС деген қандай “мәдениет”?

Донос мәдениет пе, әлде қоғамның дерті ме? Шағым мен доностың айырмасы қайда? Донос қалыпты құбылысқа айналса не болады?
Осы сұрақтарға жауап бермес бұрын бір нәрсені анық ажыратып алған жөн.
Заң бұзушылықты хабарлау — азаматтық жауапкершілік.
Ал донос мүлде басқа құбылыс.
Донос әділет іздеу емес. Ол көбіне эмоциядан туады. Кеудеде кеберсіген кек пен өзеуреген өкпеден басталады. Донос біреуді жазалауды көздейді.
Заң үстемдік құрған қоғамда кез келген шағым дәлел-дерекке сүйенеді. Ал донос жүрген жерде күдік көбейіп, сенім азаяды.
Ең қауіптісі ниет. Егер шағым шындық үшін емес, біреуді тұқырту үшін жазылса, онда ол қоғамды қорғамайды, керісінше іштей ірітеді.
Демек, донос мәдениет емес. “Донос мәдениеті” деген тіркес тек метафора ретінде ғана қолданылады. Шын мәнінде, ондай мәдениет жоқ.
Мәдениет деген қоғам қабылдаған құндылық, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын норма, адамды биіктететін мінез-құлық.
Ал донос сенімге сызат түсіреді, адамдарды бір-біріне қарсы қояды, қорқыныш пен күдікті көбейтетін құбылыс. Мұндай құбылыс әдетке айналса, қоғамның ішкі мәдениеті әлсірейді. Себебі сенім жоғалады.
Бізге бір-бірін аңдитын емес, заңды құрметтейтін қоғам керек.