ҚҰДАЛЫҚҚА БАРУ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
Ата-бабадан жалғасып келе жатқан ұлт салт-дәстүрін мақтан етпейтін жан кемде-кем. Алайда бір-бірін тауып, жарасқан жастар үшін екі жақтың баталасып құдандалы болғаннан бастап, түрлі жол-жоралғыға дейінгі барлық рәсім толық сақтала ма? Осы жағын көп ойлайтын үлкендер жастарға қандай үлгі көрсете алады?
Әрине, құдалық кәдесін ешкім жоққа шығара алмас. Қыз жасауы ретінде қайтады делінетін қалыңмал, екі тарапты теңестіретін өлі-тірі, сүт ақысы, қоржын сөгу, киіт кигізу, өзге де тарту-таралғы қай заманда да әркімнің мүмкіндігіне қарай атқарылған. Қысқасын айтқанда, құда күту әр өңірдің жоралғысына сай өтеді. Оның жөні әр жердің тұрмысына, шаруашылығына қарай қалыптасса керек. Құда тарапқа, күйеуге кейіннен, жол-жөнекей ойдан қосылған бірді-екілі қисық талапты есептемегенде, жалпы ортақ дәстүрімізді сынап-мінеуге ешкімнің хақысы жоқ. Бәрі жарасымды, халықтық, қоғамдық, әлеуметтік дипломатияның бір саласы.
Ал, біздің айтпағымыз — құдалыққа баратын қауымның құрамы жөнінде. Рас, оның қатып қалған ережесі жоқ екені белгілі.
Ата-бабаларымыз салып кеткен жолға қарасақ, құдалық құрамын әдетте бірінші кезекте жігіттің немесе қыздың әке-шешесі, құдай бұйыртып жатса атасы мен әжесі, әулеттің, ағайынның үлкендері, жолына қарай ағасы немесе жеңгесі, екі жастың әжетке жараған бауыры қосылады. Әр түрлі өзгеріс те енуі мүмкін. Әсіресе жігіттің (не қыздың) нағашысын, жанашыр ағайынын құрамға қосудың жөні бар. Кейінгі заманда көптен білетін жақын достарын шақыру да ғұрыпқа кірді.
Кеңес кезеңіне кішкене шегініс жасасақ, құдалықта ішкілікті жек көрмейтін, мастыққа оңайлықпен бой алдырмайтын туыстың бәсі жүргенін ұмытқан жоқпыз. Бүгінде мұны көпшілік әзілмен, мысқылмен еске алады. Шүкір, қазір ондай кұда күтудің ауылы алыстады, сана өзгерді.
Есесіне, соңғы кезде құдалыққа шенді-шекпенділерді қосу бәсекесі басталғандай. Бәрі мақтан үшін екені көрініп тұрады. Тағы бір жадағайлау жағдай — құдалыққа баратын адам санын мейлінше көбейтіп, келесі жақты (құдаларын) ыңғайсыздыққа ұрындыру. Соңғы уақытта 40-50 адамға дейінгі «құдалық легі» қатты сыналып жүр. 50 адамды күту үшін кемі тағы 50 адам қажет. Мұндай «сең соғылған» ортада бір-бірін жақын танып білудің мүмкіндігі кемиді. Шынайы, адами әңгіме айдалада қалады.
Сонда құдалықтың негізгі мақсаты, миссиясы қайда қалады?
Біздіңше, құдалыққа барған адамдар екі жастың бақытты отбасын құруына, құдандалы қос елдің ертеңгі қарым-қатынасына, тіл ұшында тұратын “мыңжылдық береке үшін” жауапкершілікті мойнына алуы парыз. Өмір болған соң, оның қуанышы да, қайғысы да қатар жүреді. Құдалықтың төрін көркейткен жандар сондай сәттерде бірінші болып төбе көрсетуді борыш санаған. Өкінішке қарай, ата дәстүріміздегі осындай жақсы әдет-ғұрыптар, оның мән-мағынасы ұмытылыңқырап бара жатқан сияқты.
Сондықтан құдалыққа баратын қауымның құрамын жасақтауға атүсті, жеңіл-желпі қарау дұрыс емес. Ал тізімге енген, енгізілген адамдар жасына, мәртебесіне қарамастан ең әуелі алдағы міндетін, парызын сезінуге тиіс деп ойлаймыз. Сонда ғана құдалық рәсімі ғасырларға жалғасып, ұлтымыздың бірлігі мен берекесін арттыра түседі. Жаңа отбасын қалыптастыруға сәтті ықпал етеді. Бұл — ел, ұлт дамуының өзегі.

