ӘЙЕЛ БАҚЫТТЫ БОЛСА-ӘЛЕМ БАҚЫТТЫ!

Әйел – құдірет.

Ана – жұмақ.
Ананың жүрегі – әлемнің жүрегі.
Қыз – кие. Қыз – қасиет. Қыз – намыс.
Қазақтың мұңы мен зары, арманы мен үміті, аманаты мен тарихы, тұтас бір өмірі – бәрі-бәрі қазақ қызының кірпігінде тұрғандай.
Тұла бойы мейірім мен төзімнен жаратылған қазақ келінінің болмысы ерекше, тіпті бөлек.
Шын мәніндегі әйел болу – үлкен өнер. Өнер ғана емес, жай көзге, жай талғамға шегі мен шеті көріне бермейтін терең ғылым.
Өзі ғашық болған, сенім артқан ер азаматының қайғысы мен қуанышын, жеңілісі мен жеңісін, маңдайдағы бағы мен сорын бөлісу – әйелге тән қасиет. Бірақ мұнымен ғана шектелмейді. Әр әйелдің өзінің жетінші түйсігімен сезінетін, жүрегімен түсінетін міндеттері болады.
Ол қандай міндет?
Сүйе білу бар да – сүйдіре білу бар.
Сыйлай білу бар да – сыйлата білу бар.
Әйел болып жаратылдың ба – тағдырыңа алғыс айт. Өйткені сен ер адамнан нәзіктігіңмен, биязылығыңмен, мейірімділігіңмен, сезімталдығыңмен, кешірімділігіңмен ерекшеленесің. Тіпті кейде әлсіздігіңнің өзі – сенің кемшілігің емес, керісінше, ерекше артықшылығың.
Ер азаматтар әйелді қорғауды, қолдауды жазылмаған заңдай қабылдайды. Сол сенім мен құрметті сақтап қалу – әр әйелдің жүрегіндегі жауапкершілік.
Әйел адам өзіне ғашық жанның ықыласын, құрметін, сағынышын төмендетпей ұстап тұру үшін үнемі ізденісте жүреді. Шын мәніндегі әйел дәрежесіне көтерілу – айтуға оңай болғанымен, іс жүзінде үлкен еңбек пен сабырды талап етеді. Бірақ сол ізденістің, сол еңбектің нәтижесінде ғана бақытқа бастар жол ашылады.
Өйткені әрбір іс-әрекеттің жаңғырығы бар.
Бүгінде қыздың әдемі киімін киіп, сырғасын тағып, әшекейін таққанымен, әйел табиғатының терең мәніне үңілгісі келмейтіндер де бар. Ал шын мәнінде, балалы-шағалы болу үшін көп ақыл қажет емес шығар. Бірақ ұрпақтың текті болып дүниеге келуіне әйелдің болмысы мен табиғаты тікелей ықпал ететінін ұмытпауымыз керек.
ТЕКТІЛІК КІМНЕН КӨБІРЕК БЕРІЛЕДІ?
Қазақта: «Үйдің жақсы болмағы ағашынан, жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деген сөз бар. Бұл – жай ғана мақал емес, ғасырлар сүзгісінен өткен терең тағылым.
Қазақтың ғұламасы Мәшһүр Жүсіп:
«Меңіреу әйелден меңіреу бала туады» – дейді.
Мұндағы «меңіреу» сөзі тек естімейтін немесе көрмейтін адамды ғана білдірмейді. Ол – сезімі селт етпейтін, рухани дүниесі жұтаң жанды меңзейді.
Ал хәкім Абай өзінің «Китаб Тасдиқ» атты еңбегінде былай дейді:
«Махаббат – әуелі адамның адамдығы, ақыл, ғылым деген нәрселермен болады. Мұның табылуына себеп – әуелі хауас сәлим һәм тән саулық. Тән саулық туысынан болады. Қалмысы – жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады».
«Хауас» – арабша сезім, «сәлим» – толық деген мағына береді. Яғни, «толық сезім», «сезімі кемел адам».
Хакім Абай бұл қасиеттердің туа бітетінін ерекше атап өтеді.
Осы тұста Мәшһүр Жүсіп пен Абайдың ойы бір жерден түйіседі.
Ғалым Советхан Ғаббасовтың айтуынша, адам жанының он екі каналы болады екен. Бала ана құрсағында жатқанда сол каналдардың ашық немесе жабық болуы қалыптасады дейді. Демек, бала жанының толық ашылуы ана құрсағында-ақ басталады.
Егер жан арналары толық ашылмаса, балада ғылым-білімге құштарлық, сезімнің тереңдігі, рухани сергектік аз болуы мүмкін.
Ал ғылым-білімге махаббаты жоқ адам – түптің түбінде өзін де, дүниені де толық тани алмайды.
Сондықтан әйелдің тәрбиедегі орны ерекше.
Абай айтқандай, баланың мінезі үш нәрседен қалыптасады:
Жақсы ата мен жақсы анадан
Жақсы құрбыдан
Жақсы ұстаздан
Бала көбіне кімді жақсы көрсе, соған көбірек ұқсайды.
Ал бала үшін ең жақын, ең ыстық адам – ана.
Сондықтан Мәшһүр Жүсіп:
«Әкесі ғалым болса да, шешесі надан болса, бала көбіне шешесіне тартады» – дейді.
«Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген сөздің мәні де осында. Яғни, елдің болашағы – әйелдің тәрбиесіне байланысты.
Бірақ әйелге қандай білім керек?
Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, әйел заты ең әуелі қажетті, зәру білім алуы керек. Сонда ғана ол періштелік сипатқа ие болып, отбасын да, ұрпағын да дұрыс тәрбиелей алады.
Қазақта тағы бір дана сөз бар:
«Алып – анадан туады, ат – биеден туады».
Ер адамның белінен келген текті ұрық текті жатырға түскенде ғана текті ұрпақ дүниеге келеді. Сондықтан қазақ ежелден қыздың тегіне, тәрбиесіне, шыққан жеріне үлкен мән берген.
Жатыр – мейірімнің мекені.
Ал мейірім бар жерде – ұрпақтың да болашағы жарық.
Сондықтан қазақ:
«Жігіттің жақсысы – нағашыдан» деп бекер айтпаған.
Ал, әр ата-ананың арманы — қоғамға пайдасы тиер, елім дейтін, адалтықтың ақ туын жықпаған, адамдық арын пендешілігінен жоғары қоятын текті ұрпақты дүниеге әкелу.
Қыздарымыз – ең қымбат қазынамыз.
Жарымыз – жанымыздың шуағы.
Аналарымыз – жәннаттың есігі.
Ендеше, бір нәрсені ұмытпайық:
Әйел бақытты болса – әлем бақытты!
Аман болайық!