КҮНБАҒАР, ЖАНБАҒАР
Кімнің қолында билік болса, соған қарап жәутеңдейтін, бастық алдында құрақ ұшып, елпеңдейтін әдет айықпас аурудан бетер екенін көпшілік елей бермейді. Әйтпесе, алмасып жатқан қоғамдық формацияға, түрлі кезеңдерге қарамастан ол соншалықты өміршең болар ма еді?!.
Жағымсыз қылық совет жүйесіне дейін де, оның жуан ортасында да, тәуелсіздік алғаннан кейін де жалғасып, дамып келеді. Оның себебі де көп. Кезінде әбден шаршаған бір әжеміз айтқандай,
“келіннен де бар, кепшіктен де бар, әдіре қалғыр, кебістен де бар…”
Біріншіден, әр адам өз шамасына қарайды, шала-пұла білімі оның аузын байлап, аяғын тұсап қояды. Үстірт білетіні әшкере болмас үшін бәріне көнеді, үндемес күй кешеді.
Екіншіден, оның берілген тапсырмаға сыни тұрғыдан қарап, ойлануға мұршасы жоқ. Өзіндік көзқарас, пікір атымен болмайды. Жөнін айтуды міндет, парыз санамайды.
Үшіншіден және мұны ең бастысы деуге де болар еді — ол өзіне сенімді емес, өз құқығын пайдаланудан бейхабар.
Осыдан кейін күнбағыс өсімдігі секілді иіліп, өзіне жұмыс берген, лауазымға тағайындаған жалғыз адамға ғана тәуелді болып жүреді. Итаршылықпен жанын бағып, күнелтеді. Біреудің сойылын соғып, мүддесін қорғайтын жағымпаздың, жарамсақтың рөліне енуге мәжбүр болады.
Қазір кез келген ұжымда мұндай кейіпкерді табу еш қиындық туғызбайды. Көпшілік оны бірден таниды, іштері сеэеді, бірақ оның бетіне айта алмайды. Жазылмаған тәртіптің реті солай.
Әдетте, бастықты қолпаштағанда ондай адам алдына жан салмайды, таңдайы кепкенше мақтауға әзір. Бұрын мың мәрте естіген әзілді бастығы айтқанда ынты-шынтысымен күлуге де дайын, оқталып тұрады.
Қол астындағы қызметкерді, әріптесті сыни тұрғыдан ойлау қабілетінен айыру — ақыр соңында басшының өзінің тоқырауына түрткі болады, күйреуіне әкеліп соғады.
Ал, “жаны сірі” күнбағар мен жанбағардың қоғамдағы, яғни ұжымдағы тіршілігі әрі қарай жалғаса береді.
Дархан МЫҢБАЙ Фейзбук парақшасынан алынды

