ТИЯНАҚТЫ ІСТІҢ АДАМЫ
Халқымыздың даңқын асырып, дана Абайды әлемге танытқан суреткер Мұхтар Әуезов: “Адам көп, бірақ жанға серік болатын біреу-ақ” деп жазған екен. Заңғар жазушының мұндай тұжырым жасауының себебін дәл тауып айту қиын да шығар. Біздіңше, ол — айналада таныс пен жақын-жуық көп болса да, қиындықты бірлесе көтеретін, жан-дүниеңді түсінетін жанның сиректігін меңзегені. Осы сападағы азаматты ұмытпай қадірлеп, бағалай білуді аманаттағаны. Мұхаңның даналығы қадірлес туралы, заман жайында аз-кем ой толғауға жетелейді.
Соңғы кезде ел ішінде арагідік бірқатар әкімге, жалпы әкімдік институтына сын айтыла бастағаны өтірік емес. Өйткені, әкім көп, ал олардың ішінде халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға, түсінуге және шешуге қабілеті бары саусақпен санарлық. Кейде керек кезде, сын сағатында имандылық, мемлекетшілдік қасиет көмескіленіп, көрінбей қалатыны бар. Әрине, түрлі келеңсіздікті, әлеуметтік қиындықтарды дүние жүзілік ахуалға, геосаяси жағдайға, құнсыздану үдерісіне т. б. сілтей салуға болар еді. Алайда қазақтың “бұдан жаман күнімізде де тойға барғанбыз” деген тәмсілін қайда қоймақпыз?
Әрине, көп нәрсе кадрлардың кәсіби біліктілігіне, өмірлік тәжірибесіне байланысты болса керек. Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметкерлер арасында менеджерлік ұтқыр ой, түрлі батыл ұсыныстар енгізіп, шешім қабылдауды мойынға алудың сиреп бара жатқанын да тілге тиек етті. Ол жайдан-жай емес. Осындай тақырыпта әңгіме өрбіген кезде өткенге ой жүгіртіп, бірді-екілі нақты мысал еске түсіп жатады.
1998 жылдың жазында 34 жастағы Өмірзақ Шөкеев Қостанай облысында әкім болып тағайындалды. Ол кеңестік дәуірден қалған ескі сарынмен жайбарақат жүрген аудан әкімдерін, облыс деңгейіндегі жекелеген басшыларды ауыстырғанда, сең қозғалғандай болды. Олардың орнына дені Мәскеу, Алматы сияқты үлкен қалаларда білім алған жергілікті жастарды тағайындады. Жас мамандар көрсетілген сенімді іспен дәлелдей бастағанда әуелгіде туған күмән лезде сейіліп, түрлі сыпсың тез тыйылды. Соның ішінен облыстың қазіргі әкімі Қ.Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысын басқарып отырған Ғ.Нұрмұхамбетов, өзге де мемлекетшіл, жауапты азаматтар өсіп шықты.
Сол тұста жалпы еліміздегі экономикалық жағдай мәз емес-тін. Қостанай облысының бюджеті бар-жоғы 16-18 миллиард теңгені құрайтын. Салықтың берешегін қайтару тетігін тауып, бір тоқсанның ішінде жылдар бойы қордаланған балаларға берілетін жәрдемақы, зейнетақы, жалақы қарыздарын өтеуге қол жеткізді. Көптеген компаниялар берешек салықтарын тауарларымен өтей бастады. Жұмысты ұтқыр ұйымдастыру нәтижесінде еліміз бойынша өткір мәселеге айналған әлеуметтік төлемдерді шешу жөнінде республикалық семинар да өтті.
Бұл өңірде бұрын-соңды болмаған Мұз айдыны, аквапарк салынып, облыс орталығында ғана емес, ішкі жолдарға орта, күрделі жөндеулер жүргізілді.
Шындығында, 90-жылдары тоқырауға ұшырап, 100 мың тұрғыннан 30 мыңға кеміген Арқалыққа жан бітіру оңай шаруа емес еді. Оны тығырықтан алып шығару үшін қаланың әр бұрышында жылдар бойы қаңыраған үйлер тұрғындарын орталықтағы үйлерге шоғырландыру жылуды үнемдеуге мүмкіндік туғызды. Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі (ССГПО), өзге де ірі кәсіпорындарды KEGOC акционерлік қоғамы тарапынан арзан, жеңілдетілген электр қуатымен қамтамасыз ету арқылы олардың демеушілік жасауына, халыққа әлеуметтік жәрдем көрсетуіне жол ашты. Сол сияқты Рудный, Лисаковск қалаларын да күйзеліске түсірмей, қайтадан қалыпты қалыпқа түсуіне жағдай туғызды.
Негізгі өндірістік-экономикалық көрсеткіштер бойынша көш соңында сүйретіліп жүретін облыс алдыңғы қатарға көтерілді.
Ең бастысы, Өмірзақ Естайұлы көпшілік қауымның көңілін тауып, сондағы адамдармен емін-еркін сұхбат құрып, шынайы сөйлесе білді. Ол өңірге жан-тәнімен беріліп, өз адамына айналды. Әкім егіншімен де, етікшімен де тіл табысып, шүйіркелесуге тырысты. Зілін шашпады, кекірейіп, кектенбеді. Қарапайымдылығының арқасында абыройы асқақтады. Басқа қызметке ауысатын кезде облыс тұрғындары сіңірген еңбегін тізбелеп, қимай-қимай қоштасты. Қостанайлықтар мен торғайлықтар оның өңірге жасаған жақсылығын әлі күнге дейін жыр қылып айтады.
2004 жылы Өмірзақ Шөкеев Астана қаласына әкім болып келгенде ақшаңқан Ақорда әлі салынбаған еді. Еліміздің тұңғыш Президенті Н. Назарбаев тәуелсіздік символына айналған елорданы көркейтуге жан аямай, барын салып кіріскені әлемге аян. Ол тың идеяларды жүзеге асыра білетін, мемлекеттік маңызды тапсырманы мүлтіксіз орындай алатын Ө. Шөкеевке сенім жүгін артып, қала тізгінін ұстатты.
Жалпы, Сол жағалау аумағында Бәйтеректі, Нұрсая-1 тұрғын үй кешенін, “Қазмұнайгаз”, Көлік-коммуникация министрлігі ғимаратын қоспағанда үш-төрт нысан ғана бой түзеп келе жатты. Осы аумақтың бірқатар жерін “Бен Ладен групп” деген құрылыс компаниясы мемлекеттік актпен ресімдеп, иеленіп те үлгерген екен. Кезінде “Астанагенплан” мекемесімен есеп айырысу тәртібімен жеке меншікке өтіп кеткен учаскелерді қайтарудың машақаты жаңа әкім мойнына жүк болып артылды. Өмірзақ Естайұлы оларды тәртіпке шақырып, қатаң талап қоюының арқасында ең маңызды жер телімдері босады. Шындығын айтқанда, содан кейін ғана сол жағалауға әлеуметтік маңызы бар көптеген нысандар мен тұрғын үйлер жаппай салына бастады. Жаңа құрылыстар қарқыны ТЭЦ-1, ТЭЦ-2 жаңартуды, реконструкциялауды талап етті. Су, канализация, жылу жүйелерін қайта жасау, ағын суларды жинау, оның құятын жерін басқа жерге көшіру сияқты көзге көрінбейтін, бірақ қала тіршілігінің күре тамырындай аса маңызды салаға көп күш-жігер жұмсалды. Құрылыс саласына инвестиция молынан тартылды. Қала құрылысы басқармасы тарапынан оларға жаңа талаптар қоюға тура келді. Айталық, әрбір пәтерге автотұрағы тиесілі болу керек, мемлекеттік бюджеттен салынатын үйлер маңында жол, сквер, ойын алаңын қоса салу міндеті енгізілді. Қала құрылысы бұрынғыдан да қызу жүре бастады. Тіпті, парк, сквер, мектеп, аурухана, емхана салған кезде ескі жайларды сырып тастауға қазіргідей мемлекеттік бюджеттен қаржы қарастырылмайтын, оған мүмкіндік те жоқ еді. Оның барлық шығынын инвесторлар есебінен шешуге тура келді.
Оның үстіне алғаш рет Астана қаласында еліміз бойынша тұңғыш рет жер телімдерін аукцион арқылы сату ұйымдастырылды. Бұл — жемқорлыққа жол бермеу мақсатында туған амалдардың бірі-тін. Сондай-ақ мемлекеттік бюджетке түсімді арттыру үшін жер телімдерін кадастрлық құнымен емес, нарықтағы бағамен сату жолға қойылды. Кейін, араға жылдар салып бұл норма Жер кодексіне де енгізілді. Сонымен бірге жеке меншік және мемлекеттік бюджетке салынатын құрылыс нысандарына архитектуралық талаптарды күшейтті. Сол кезеңде Астана төрінде әлемге әйгілі сәулетші Норман Фостердің жобасымен Бейбітшілік пен келісім сарайы, Хан шатыр тұрғызылды. Ал, “Қазақстан” киноконцерт залы — авангард мәнеріндегі итальяндық архитектор М. Николеттидің жобасы еді. Әлемнің 25 елінде оның керемет сәулет туындылары бар. Сондай-ақ танымал жапон архитекторы Кисё Курокаваның 500 мың Астана тұрғынына арналған бас жоспарын елдің болашақта дамуын, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып қайта қаруға қол жеткізді.
Жалпы, Ө. Шөкеевтің елорданың қанат жаюына, қарқынды өркендеуіне қосқан үлесін, оның әкім ретіндегі қолтаңбасын ешкім де жоққа шығара алмайды деп ойлаймыз.
Сондай-ақ, халқымыз, әсіресе оңтүстік жұртшылығы басқа түскен тағы бір қауырт кезеңді әлі ұмыта қойған жоқ. Оңтүстік Қазақстан облысында балалардың ВИЧ дертіне шалдығуы қоғамды дүр сілкіндірді. Соған байланысты облыста алыпқашпа сөзден дегбірсізденген тұрғындардың көңіл-күйі, психологиялық ахуалы сын көтермей тұрған шақта облысты басқаруға Өмірзақ Шөкеев келді. Күндіз-түні жұмыс істейтін штаб құрылып, әбден ойластырылып, пысықталған шешімдер мен іс-қимылдардың арқасында даурықпа әңгіме сап тыйылды. Шын мәнінде, бұл — халқы қалың қоныстанған өңір (ол кезде — Оңтүстік Қазақстан облысы) үшін аса жауапты да сын сағатының бірі еді. Оның алғашқы үрейі кейінгі жылдары арындаған короновирус (ковид) қаупінен артық болмаса, кем емес-тұғын.
Арнайы шақырылған дәрігерлер мен психологтерден құралған жедел топтар қаншама түсіндіру-ағарту жұмысын жүргізді.
Бірінші кезекте денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысы реттеліп, қосымша қан құю зертханасы мен шұғыл түрде бейінді ауруханалар іске қосылды. Нәтижесінде, сондағы барлық саланың мамандары Өмірзақ Естайұлын әрдайым өз адамы ретінде қабылдады. Сонымен бірге Шымкент қаласын ретсіз қаптап кеткен базарлардан, айнала қоқыстан тазартуға көп көңіл бөлді. Тозып кеткен жолдар, тротуарлар аз уақыт ішінде жөнделді, жасыл қала шын мәнінде гүлге оранды.
Облыс көлемінде заң мен тәртіп қатаңдатылып, халықтың билікке деген сенімі нығая түсті.
Бұл кез келген әкімнің маңдайына бұйыра бермейтін бақ еді. Осы орайда Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының:
“Білімі көп адам құралы сай ұста секілді: не істесе де келістіріп істейді” деп берген бағасы еске түседі.
Дәл сол кезеңде Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен халықты рухани жағынан қолдап, демейтін бірнеше жоба жүзеге асырылды.
Солардың бірі — “Ұлысымның ұйытқысы — Оңтүстік” атты шығармашылық өкілдерімен кездесулер еді. Оған Қазақстанның көрнекті ақын-жазушылары мен танымал ғалымдары қатысты. Олардың ішінде Ә. Нұрпейісов, Ә.Кекілбайұлы, Д. Исабеков, Т. Әбдік, М.Шаханов, С. Елубай, И.Оразбай, Е. Раушан , М. Құлкенов, өзге де белгілі тұлғалар болды. Мұндай кездесулер алдын-ала жергілікті телеарналардан, түрлі БАҚ-тан (ол кезде әлеуметтік желі жоқ) хабарланған соң, халық қалауымен жиналатын, тіпті ең үлкен залдарға сыймай қалатын.
Сондай әдеби-танымдық кештерге облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының өзі қатысып, авторлардың кітаптары жөнінде пікірін, ойларын ортаға салғанына көпшілік куә болды. Кітап оқу жөнінде көп жастарға өнеге де көрсетті.
Шын мәнінде, оның қандай іс болса да терең зерделеп, түсініп алуға бейімділігі жаңа буын үшін үйренетін өнеге деп санаймыз.
Сондықтан, ол басшылық қызмет еткен өңірлердегі халықтың көпшілігі Өмекеңді тиянақты істің адамы деп бағалайды. Алдына келген адамның мұң-мұқтажына жанашырлықпен қарап, ұзаққа созбай нақты көзқарас-ұстанымын айтатын басшы екенін біз ғана емес, ел-жұрт, әріптестері жақсы біледі.
Бірге қызметтес болған кезімізде оның жұмыс істеу мәнерінде ұзын- сонар мәжіліс өткізу кем еді. Нақты тапсырма, өзекті мәселе бойынша қысқа да нұсқа сұрақ, кесімді, тұжырымды жауап орындаушы жауапкершілігіне тұтқа, іскерлігіне өлшем болатын. Әкім, басшы ретінде бір нәрсені қайта-қайта ежіктеп талқылауға, сөзді көбейтіп, бұйдаға салуға жол бермейтін. Шындыққа келсек, қазірдің өзінде әкімдік басқару жүйесінде нақ осындай пәрменділік пен шапшаңдық жетіспей жататыны жасырын емес.
Бес бірдей әкімнің орынбасары болып істеген тәжірибемізде байқаған тағы бір мінезін айта кеткенді жөн санаймыз. Кейбіреулер сияқты өзінен бұрынғы немесе кейінгі әріптестерінің жұмысын сынап, мінеп, істеріне топырақ шашу, өзін жарнамалау (қазіргі тілмен айтқанда пиар — PR жасау) оның ойына да кіріп шықпайтын. Өйткені, ондайдың халыққа да, ешкімге де қажеті жоқ.
Жастайынан шаруашылықта ысылған, заманауи экономика заңдылықтарын меңгерген Өмірзақ Шөкеев аз сөйлеп, көп іс тындыратын әдетінен жаңылған емес. Айталық, мемлекеттік мекемелердің, жеке шаруашылықтардың, кәсіпкерлердің сұранысын қанағаттандыру — ол үшін әрдайым кезек күттірмейтін әрі шұғыл қамдайтын іс-тін. Мұндай тәртіпті мемлекеттік қызметте жүрген көп жастарға үлгі-өнеге, тәлім ретінде ұсынуға да болар еді.
Ал, түркі жұртының рухани астанасы, түркі дүниесінің бойтұмары — Түркістанды түлетуге қосқан жеке үлесі — арнайы әңгіменің, тарихи естеліктің арқауы. Әрине, мұнда, біріншіден, мемлекет басшысының сенімі, екіншіден, жергілікті халықтың қолдауы үлкен рөл атқарды.
Жұмыс таңдамайтын азамат қаншама қиындықты еңсерді. Короновирус індеті кезінде барлық талаптарды сақтай отырып жұмыс жүргізу ешкімге де оңай соқпады. Құрылыста кідіріс болмады, ауыл шаруашылығы, басқа да салалар дамыды, онлайн сауда-саттық ұйымдастырылды.
Халқы тығыз орналасқан өңірдегі халықтың тұрмыс тіршілігіне пандемия бөгет бола алмады. Кәсіпкерлер ғаламторда түрлі чаттар ашты, өзге де креативті ойлайтын азаматтар электрондық коммерцияны игерді. Осы істердің басында әкімнің өзі жүрді. Оған адалдығы, көпті көргендігі мен қызмет тәжірибесі, еңбекқорлығы мен іскерлік қабілеті көмектесті.
Қазақ қоғамында еңбегі жанған, бірқатар жетістікке жеткен адамға сынның айтылуы қалыпты үрдіс деп ойлаймыз. Алайда қай кезде де кісінің сыртынан орынсыз тас ату, жалаға, өсекке, қауесетке дем беру өсер елдің жолы емес. Елдікке, адамшылыққа жат жағымсыз әдеттің астарында негізінен көреалмаушылық, іштарлық пен күншілдік жатуы да мүмкін. Осындайда дана халқымыз: “Жемісі бар ағашқа тас лақтырылады” деп бекер айтпайды. Сірә, еңбек адамына, іскер басшыға атқарылған жұмыс, төгілген тер және тазалық пен сабырлық қана қорған болса керек.
Ақиқатын айтар болсақ, Түркістанда ауыз толтырып айтарлық өзгерістер, бас жоспарды бекіту, бұрын-соңды болмаған қала коммуникациясын жүргізу, түрлі әлеуметтік нысандардың, көпқабатты тұрғын үйлердің салынуы, оларды газдандыру, жарықтандыру, гүлдендіру сияқты күрделі істер ел-жұртымыздың көз алдында өтті. Тарихи маңызы жағынан ерекше мәртебесі бар байсалды қала әлі де толығып, көркею үстінде, бұдан кейін де даму өрісін тоқтатпақ емес.
Ал, іргелі облыстың бой көтеруі, ірі әкімшілік орталығына айналуы орасан зор мемлекеттік міндет еді. Рухани орталықтың өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсаған, үкіметтің тапсырмасын абыроймен орындап, еліміздің үмітін ақтаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің ерен еңбегі еленуге тиіс деп санаймыз.
Оның үстіне, бұл — қостанайлықтар мен түркістандықтардың ғана пікірі емес.
Елімізде әлі талай қарқынды дамитын қалалар салынар, бірақ түркіге ортақ қара шаңырақтың — Түркістанның орны бөлек екені анық. Мағжан ақын жырындағыдай:
“Түркістан — екі дүние есігі ғой,
Түркістан — ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой”.
Түркістан — әрбір отандасымызға рух беретін, сенімін нығайтатын, ең бастысы — тәуелсіздіктің бәрінен де қымбат екенін айғақтап тұратын шаһарымыз, биік төріміз. Олай болса, киелі мекенімізді өркендетіп, көркейтуге қосылған үлесті де лайықты бағалау — әділеттің ақ жолы. Бұл — адами парыздың, еңбекті бағалаудың өлшемі.
Дархан МЫҢБАЙ
Р.S. Ертең — Өмірзақ Естайұлы ШӨКЕЕВТІҢ туған күні. Азаматтық ұстанымы берік, мемлекетшіл, абыройлы тұлғаға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына, төңірегіне амандық, бақ-береке тілейміз. Алдағы уақытта да ел игілігі жолындағы істері жемісті болсын!

