ДЕМОГРАФИЯҒА КЕДЕРГІ КЕЛТІРГЕН ЕСКЕРТКІШ
Торғай өңірінің түкпірдегі бір ауылында ертеректе болған оқиға есіме түсіп тұрғаны. Жаңадан савхоздар салынып, отар-отар қой бағылып, халық етек-жеңін жинап жатқан кез екен. Сметалық жоба бойынша орталық көшеге күн көсемнің ескерткіші көрік беруі тиіс. Маңайы сая бақ. Ленин ата сол бақтың қақ ортасында күн шығысқа қарап тұруы керек..
Ескерткішке тапсырыс беріледі. Мүсіншілерге де ақшаны аямаса керек. Сөйтіп, күштінің құйрығы диірмен тартып Қостанайдан «алып мүсін» ауылға жеткізіледі. Аппақ мрамордан салынған ескерткіш тұғырымен есептегенде 7-8 метр, салмағы бірнеше тонна болып шығады. Үзын камазбен, арнайы милицияның қоршауымен, бірнеше краннның көмегімен жеткен «Көсем бейнесіне» жиналған жұрт аузын ашып, көзін жұмыпты.
Кәдімгі тірі адам секілді. Костюмінің қат-қаты, галстугі, ішіндегі желеті бәрі шынайы. Қасқа маңдай күнмен жарқырап, қыр мұрыны мен шоқша сақалы желге «тербеліп» тұрғандай әсерлі. Ильичтің іс-әрекетін, қимыл-қозғалысын мүсіншілер дәл тауыпты. Күн көсем оң аяғын алға басып, сол аяқтың өкшесі көтерілген қалпы қатып қалған. Оң жақ қолын алға сермеп, сол қолындағы кепкасын жұмырлаған саусақтары шынайылықтың жарқын үлгісіндей көрінеді.
Ел-жұрт мәз-мейрам. Пионерлер ант беріп, комсомолдар дуылдата қол соғып жатыпты. Қарт большевиктер көздеріне жас алып, қатын-қалаш кемсеңдеп, савхоз директоры бастаған белсенділер үлкен жауапкершілікті сезінгендей зәулім ескерткішке сүйсіне қарап тұрыпты. Осылайша жаңа салынған үйлерден биік, еңселі Ильич ескерткіші ауылға төбесінен төніп тұрған ғой.
Ол заманда да шешен мен көсем көп. Бірінен соң бірі мінберге шығып сөйлейді келіп. Сөз деген ағынды судай тасиды. Бір мезетте көп жылдар жоғары қызметте істеген бір ардагерге кезек келеді: – Ау, ағайын – деп бастайды сөзін әлгі кісі: – Бұрын рақат еді, еркін едік, не істеп не қоятынымызды өзіміз шешетінбіз, енді біздің бәрімізді Ильич бақылап отыратын күнге жеттік. Мына ескерткіштің ауылға келуінде үлкен мән бар. Бұл кісінің рухы әлі тірі. Қиналсақ жебейді, күнәлі болсақ тергейді. Егер ұят іске барсақ, мемлекет дүниесін талан-таражға салсақ, Ильич бізді кешірмейді. Осыны естен шығармайықшы, ағайын – деп қария дауысы дірілдеп мінберден түседі.
Ұран сөздің құтырып тұрған кезі. Жиналған жұрт та дуылдата қол соғып жібереді.
Күндер сырғып өте береді. Бір күні екі әйел ұрысып, ауыздарына келгенін айтып ауылды дүрліктіреді. Мәселе сельсоветте қаралады. Сонда ауылдық кеңес басшысы: – Сіздер қалай Владимир Ильичтен ұялмай ұрыстыңыздар? Сіздер қалай, Лениннің алдында боғауыз сөз айттыңыздар? Ол кісі бәрін көріп тұр ғой?- деп жаны шығып кете жаздайды.
Сонда әлгі әйелдің біреуі: – Жолдас Сельсовет, ашу деген жаман ғой. Көп сөзім ішімде айтылмай қалды. Шашын жұлып қолына беретін едім, үй шатырынан төніп тұрған Лениннің сұсты жүзіне көзім түсіп ұялып, бір жағы қорықтым – депті.
Екінші әйел: – Қанша ашулансамда орысша боқтық сөз қоспадым. Ленин атам естіп қалса, мына қазақтың әйелдері не болып кеткен деп ойлап қалар дедім – деп ағынан жарылыпты.
Екі-үш жыл уақыт өтеді. Демографиялық жағдай күрт төмендеп кетеді. Мұның ақыры шулы жиналысқа ұласады. Халық көп жиналады. Ауданнан келген шенеуніктер Ленин еңбектерінен цитаталар келтіріп, «аз ұлттардың өсіп-өнуіне, оларды қолдап-қорғауға қатысты» Күн көсемнің шығармаларынан үзінділер оқиды.
«Туу неге азайып кетті?» деп жан алқымнан алған сұраққа сельсовет: –«Ильич ескерткіші келгелі ауылда туу азайып кеткенін мойындаймыз. Оның ең басты себебі «ұятта» жатыр. Өздеріңіз білесіздер, қазақ әйелдері ұяң, ұялшақ. Өзге ұлттың әйелдері сияқты атасымен қалжыңдасып, енесімен ыржаңдасып жүрмейді. …сүзе қараған күйеулеріне «Ленин ата қарап тұр. Ұялсаңшы» деп қастарына жолатпайды.
Өздеріңіз үнемі «Ленин ата ұйықтамайды. Күнде де, түнде де сендермен бірге» деп насихаттап келесіздер ғой» деп ақталыпты.
Осы оқиға ел арасында көп жылдар айтылып жүрді. Кеңестік идеология сойқан еді ғой.


