ТӨЛЕ БИДІҢ АБЫЛАЙҒА БЕРГЕН БАТАСЫ
Исі қазақтың арқасүйері болар Абылайға өз атқосшысы болып жүрген Сабалақ күнінде-ақ былай бата беріпті:
Төле бидей қартыңның
Аппақ сүттей сақалы,
Сабалақтай баланың
Оң болса екен сапары,
Мол болса екен қатары.
Сегіз қиыр, шартарап,
Кең жайылсын атағы.
Елдің ұлы бола біл,
Еліңе ақыл сала біл.
Алла ісің оңғарсын,
Жұрттың қамын толғарсың.
Ақ білектің күшімен,
Ақ найзаның ұшымен,
Жалпақ жатқан байтақты
Жан аямай қорғарсың.
Пана болып халқыңа,
Адал жүріп қызмет қыл,
Қарай көрме қайырылып,
Жолда жатқан алтынға.
Дүние бұзар адамды,
Байлығыңа мақтанып,
Босқа алқып-шалқыма.
Қанша аспандап кетсең де,
Сен баласың халқыңа!
Сақалымның ағында,
Өлерімнің шағында,
Бердім осы батамды,
Балам, маған налыма,
Дәулетің мен бақытың
Жетсін жеті ұрпаққа.
Пешенеге берген секілді,
Алтын ерлі ақбоз ат
Астыңда сенің арысын.
Қолаң шашты, қой көзді,
Алғаның бірге жасасын.

