Рысқұлов ауданында ауыз сумен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде

 

Рысқұлов ауданында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда аудан аумағындағы 42 елді мекеннің 41-і, яғни 97,6 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұл 63 849 тұрғынды, немесе аудан халқының 97,3 пайызын құрайды.
2024 жылдан 2025 жылға өтпелі кезеңде төрт елді мекенде ауыз су имараттарының құрылысы жүргізілді. Атап айтқанда, Мамай, Сөгеті, Арай және Шөңгер ауылдарында жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын ауыз су нысандарының құрылысына қаржы бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толық аяқталды.
Ағымдағы жылдың соңына дейін аудан аумағындағы 42 елді мекенді 100 пайыз ауыз сумен қамту жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Бүгінгі күні орталықтандырылған ауыз сумен қамтылмай отырған Рысқұлов Сабденов атындағы ауылын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 982,0 млн теңге қаржы қарастырылып, 365 аула мен 1 763 тұрғынға арналған құрылыс жұмыстары 100 пайызға аяқталды.
Сонымен қатар, бірқатар елді мекендерде ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту және жаңадан салу жобалары әзірленіп, республикалық бюджеттен қаржыландыруға өтінімдер берілді.
Атап айтқанда Малдыбай ауылында (105 аула, 496 тұрғын) ауыз су имаратының құрылысы жобасына 2023 жылғы 12 желтоқсанда сараптама қорытындысы алынып, 2024 жылы республикалық бюджеттен қаржыландыруға өтінім берілді. Жобаның құны – 701,9 млн теңге. Жалпақсаз ауылында (91 аула, 457 тұрғын) ауыз су имаратының құрылысы жобасына 2023 жылғы 5 желтоқсанда сараптама қорытындысы алынып, 2024 жылы республикалық бюджетке өтінім жолданды. Жоба құны – 560,8 млн теңге. Ақыртөбе ауылында (541 аула, 2 689 тұрғын) ауыз су имаратын қайта жаңғырту (реконструкция) жобасын әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен 33 млн теңге бөлініп, жоба дайындалды. Қазіргі уақытта сараптама қорытындысы күтілуде. Сараптамаға дейінгі жобаның болжамды құны – 1 440,0 млн теңге.
Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда Рысқұлов ауданында ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетіп, тұрғындардың өмір сүру сапасы мен санитарлық қауіпсіздігі айтарлықтай жақсарады.