Жаңаөзен қаласының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар маңызды шараларға қатыстық.

 

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың Жаңаөзен қаласы мен оған іргелес елді мекендерге жасаған жұмыс сапары барысында әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған нақты жобалар жүзеге асырылды.

Алдымен Рахат ауылында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 1200 орындық №25 жаңа мектептің ашылуына қатыстық. Заманауи білім ордасында STEM, робототехника, өнер, технология және инклюзивті білім беру бағыттары бойынша барлық жағдай жасалған. Бұл — өңірдегі білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Одан кейін жедел медициналық жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында Жаңаөзен қаласының жедел жәрдем бөлімшесіне заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған 5 жаңа автокөлік табысталды. Бұл шешім шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Жаңаөзендегі ірі әлеуметтік жобалардың іске асырылу барысымен таныстық. «Bolashaq Saraiy» оқушылар сарайы — балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды орталық болмақ. Ал жыл басында пайдалануға берілген «Мұз айдыны» спорт кешені өңірде қысқы спорт түрлерінің дамуына жаңа серпін береді.

Жұмыс сапары барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездесулер өтіп, олардың өтініш-тілектері тыңдалды. Қолжетімді орта қалыптастыру, әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту және инватакси қызметін дамыту бағытында нақты тапсырмалар берілді.

Кендірлі ауылында жаңа әкімдік ғимаратының ашылуы жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Сонымен қатар бірнеше ауылдық әкімдікке қызметтік автокөліктер табысталды.

Сапар соңында Жаңаөзенде алғаш рет өтіп жатқан жастар арасындағы дзюдодан Қазақстан чемпионатының ашылуына қатыстық. Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 600-ден астам жас спортшының басын қосқан бұл жарыс өңірімізде спорт инфрақұрылымының жүйелі дамып келе жатқанын көрсетеді.

Жаңаөзен қаласы мен ауылдық округтерде жүзеге асырылып жатқан бастамалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.