Сыр елінің бүгінгі сипаты тамсандырмай қоймайды!
Қазақ халқы Сыр елін «Алаштың анасы» деп тегін атамаған болса керек. Бұл мекен көне тарихты қойнауына бүккен, мәдени мұралардың асыл көмбесіне айналған, еліміздің талай тарландарын биікке қанаттандырған қасиетті мекен.
Қызылорда еліне әр іс-сапармен барған сайын, кең байтақ далаға қарап қазақтың пейіліндей дархан, көңіліндей кең атырапты көріп,соңғы жылдардағы қарқынды істеліп жатқан жұмыстарды көріп тамсанып қайтамын.
Сонымен қатар өлкенің жыл сайын жанданып,инфраструктуралары-технологиялық тұрғыдан жаңарып жатқанын көріп осы мекеннің түлегі ретінде марқайып қаламын!
Биылғы жылдың қазан айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барып өңір жұртшылығымен кездесіп, аймақтың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды, сондай-ақ бірқатар мәселе бойынша пікірімен бөлісті.
Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде облыс әкімінің жоғары ұйымдастырушылық жұмыстарына оң баға беріп,басқа өңірдің әкімдеріне үлгі жасады.🇰🇿
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жөнінде баяндалды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа терминал жеке демеушінің қаражатына салынып, кейін мемлекет меншігіне өткізілетінін айтты. Жоба құны – 20 миллиард теңге. Оның ішінде 15,7 миллиард теңге – демеушінің әуежай құрылысы үшін бөлген қаржысы. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізу үшін 4,3 миллиард теңге қаржы бөлінгенін айтты.
Ел Президенті қазіргідей әлемдегі бұлыңғыр, құбылмалы жағдайда жастарға көңіл аудару қажеттігін баса айтты, яғни «Жастарымыз – дарынды, қабілетті. Жастардың болашағы – білімде. Ойы ұшқыр, көкірегі ояу, көзі ашық жастар – біздің келешегіміз. Бәріміз бір ұлт болып, ел үшін, халық үшін жұмыс істеуіміз керек», – деді.
Президент Сыр өңірі үшін су тапшылығы өте өзекті мәселе екенін айта келіп, «Келешекте де су мол болады дей алмаймыз. Оған дайын болуымыз керек. Су үнемдеудің жоғары технологиясын қолданғанымыз жөн. Мемлекет субсидия беріп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығына 1 триллион берді. Бұл – үлкен мүмкіндік», – деді Мемлекет басшысы.
Сапар барысында Президент Қызылорда қаласындағы 11 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионын аралап көрді. Нысанның құрылысы биыл қазан айында аяқталған еді. Жаңа спорт кешені UEFA талабы бойынша IV санатқа сай келеді. Аренада халықаралық сайыстармен бірге мәдени іс-шараларды өткізуге болады.
Міне, Мемлекет басшысының Қызылорда облысына ат басын бұрып, Сыр елі жұршылығымен арнайы жүздесіп әрі пікірлесуі бұл өңірдің еліміздің экономикасы мен руханият саласындағы алар орнының салмағы мен маңызын аңдатса керек.
Қазіргі таңда үкіметтің шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында жүзеге асырып жатқан бастамаларының бірі – шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру болса, осы аймақта таяуда «Тұмар» жеке кәсіпкерлігінің бастамасымен Сырдарияның жол жағалауында салынған тамақ өнеркәсібі бағытындағы шағын өнеркәсіптік аймақ қазан айында ашылып, кәсіпкерлер игілігіне берілді. Жоба құны – 526 млн теңге, мұнда азық-түлік өнімдерін өндіруге бағытталған 8 өндірістік цех іске қосылып, 50-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Ел Президенті Қ-Ж. Тоқаев өз жолдауында:«Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету» — деп атап өткендей, бүгінгі күні облыс басшылығы осы бағытта жұмыла еңбек етуде. Мәселен, биылғы 10 айда аймақта 328 млрд теңгенің өнімі өндіріліп,өңдеу өнеркәсібінде 10,7% өсім тіркелді. Экономиканы әртараптандыру аясында жоспарланған 20 жобаның 13-і іске қосылды, қалған 7-уі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Өңір кәсіпорындары цифрлық және автоматтандырылған технологияларды кеңінен қолдануда. Шыны зауыты өнім жинау мен тасымалдауда жапон роботтарын, ал шыны кесуде италиялық автоматты пайдаланады. Тампонажды цемент зауытының өндірісіне Siemens басқару жүйесі мен интеллектуалды логистика енгізілген. «Мағжан и К» күріш зауыты кореялық толық автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңірлік инвестициялық штаб отырысы үнемі ұйымдастырылып отырады.
Өңір басшысы «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жұмыс жасауда.
Оның қызметі Үкімет басшысының тікелей бақылауында» — дей келіп, платформа жұмысының сапалы әрі уақытылы жүргізілуіне және пулға енгізілген жобаларға тұрақты мониторинг жүргізіп, туындайтын мәселелерді дер кезінде шешу қажеттігін айтып отырады.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында 2,8 трлн теңгенің 98 жобасы жүзеге асырылуда. Олар іске қосылғанда 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Пул жалпыұлттық және өңірлік жобалардан тұрады.
Биыл инвестициялық жобалар пулы аясында 54 жоба жоспарланған. Қазіргі уақытта 36-сы жұмысын бастап кетті. Олардың қатарында кірпіш, айна, күріш зауыттары, нан-тоқаш, кондитерлік, печенье және макарон өнімдерін өндіру кешені, онкологиялық диагностикалық орталық, шағын өнеркәсіптік аймақ, «Syr darya» коммуналдық базары және сауда үйлері бар.
Жыл соныңа дейін қуаттылығы 240 мегаватт болатын заманауи жылу-электр станциясы, жолаушылар вагондарын жөндеу кешені, түйе сүтінен жылына 392 тонна құрғақ ұнтақ өндіретін зауыт, тағы бір шағын өнеркәсіптік аймақ және 2 күн-электр станциясы іске қосылады.
Өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында құны 553 млрд. 600 млн. теңге болатын 14 жобаның құрылысы басталуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл өңірге 631,4 млрд теңге инвестиция тарту жоспары бекітілген болса, 10 айдың қорытындысымен 602,7 млрд теңге игеріліп, меже 95,5 пайызға орындалды.Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 720 млрд теңгеге жеткізу көзделген.
Бұл облыс үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдарын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері үнемі күн тәртібінде тұратын тақырып. «Қыс арбаңды сайла, Жаз шанаңды сайла» деген халықпыз ғой, осыған орай жақында Вице-премьер Қанат Бозымбаев су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен бірге Қызылорда облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп, фермерлермен алдағы вегетациялық кезеңге дайындық барысы және Сырдария өзені бассейніндегі судың аздығы туралы қалыптасып отырған ахуал талқыланды.
Бір айтып өтерлік жайт, егіс алқаптары жыл сайын оңтайландырылып жатқанына қарамастан, орташа өнімділік өсіп келеді (2024 жылы 85 мың га алқапта гектарынан 58 центнер, 2025 жылы 80 мың га алқапта гектарынан 58,1 центнер алынды). Бұған жаңа күріш сұрыптарын енгізу және заманауи техниканы пайдалану септік етіп отыр. Сондай-ақ өңірде су үнемдеу технологияларын қолданатын егістік көлемі артып келеді. Егін алқаптарында судың ысырап болуының алдын алу үшін лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл әдіс суды 20%-ға дейін үнемдеп, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Биыл 60 мың гектар күріш алқабы тегістелді.
Осылайша заманауи су үнемдеу технологияларын шаруашылыққа етене енгізу орын алатын тәуекелдердің мөлшерін азайтып, АӨК-тің орнықты дамуын қамтамасыз етуге себеп болады.
Биылғы 26-қараша Сыр өңірі жұртшылығы үшін ғана емес, ел өміріндегі тарихи күн болды, яғни ел экономикасының күретамыры саналатын жол инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағыжаңа жоба, халық көптен күткен «Қызылорда-Жезқазған» жолы пайдалануға берілді.
Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, депутаттар және ардагерлер қатысты.
Аймақ басшысы бұл жолдың өңір экономикасына, өндірістің өркендеуіне, тұрғындардың әл-ауқатының артуына тигізетін оң ықпалы мен ерекше маңызын атап өтіп,
«Халқымыз ұзақ жылдан бері армандап келген автожолды салуға қолдау көрсеткен Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлына барша Сыр жұртшылығының атынан зор ризашылығымызды, шынайы алғысымызды білдіреміз!» — деді.
Қазіргі таңда «Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек» — деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Қызылорда өңірінің басшылығы мен халқы да осы пікірді ұлт мұраты жолында еңбек етудің басты ұстанымы етіп алып, уақыт алға тартқан сын-қатерлерді батыл қарсы алудың үлгісін танытуда.
Айтарымыз Өңірдің әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тынымсыз еңбегінің арқасында шынында дала мен қаланың шырайы кіріп,
тоқтаусыз жұмыстар жүргізілуде,ел азаматтарыда алғыстарын айтып,жаппай үлестерін қосуда.
P.S
Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады.
Жүсіп Баласағұни📚
Есберген Алауханов-
заң ғылымдарының докторы, профессор,
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»,
Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының кеңесшісі,
ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары
жөніндегі комиссияның Сараптамалық кеңесінің мүшесі.🇰🇿

