Жасанды интеллект Алматының күрделі мәселелерін шешеді

XXI ғасырдың басты трендтерінің бірі – жасанды интеллект (AI) технологияларының өмірдің барлық саласына енуі. Қалалар цифрландыруға көшіп, «ақылды қала» моделіне бейімделіп жатқан кезеңде Алматы да бұл бағытта қарқынды дамып келеді. Қазақстанның ең ірі мегаполисі болып саналатын Алматы қаласының инфрақұрылымы, экономикасы, білім беру жүйесі мен қоғамдық қызметтері жасанды интеллектті белсенді қолдануға қолайлы ортаға айналуда. Алматыда жасанды интеллект пен заманауи технологиялар қолданылып, қала өмірін жеңілдететін «Ақылды қала» (Smart City) концепциясы қаланың күнделікті өміріне дендеп енді. Оңтүстік астанамыз тек мәдениет пен қаржы орталығы ғана емес, цифрлық трансформацияның көшбасшысына айналып келеді. Жасанды интеллект – заманауи ғылым мен цифрлық технологиялар тоғысында қалыптасқан, болашағы зор инновациялық сала. Ол компьютерлік жүйелерге адамға тән интеллектуалдық функцияларды: логикалық ойлау, үйрену, деректерді талдау және шешім қабылдау қабілетін модельдеуге мүмкіндік береді.Жасанды интеллекттің енгізілуі тек технологиялық құралдарды орнату емес, сонымен бірге басқару тиімділігін арттыру, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және қала қызметтерінің жылдамдығын жоғарылату мақсатында жүргізілуде. Осы мақалада Алматы қаласы бойынша жасанды интеллект қолдану салалары, енгізу бағыттары, қазіргі жетістіктер және болашақ мүмкіндіктер жан-жақты талданады. Алматы – халық саны ең көп, экономикасы қарқынды, қаржы және білім орталығы болғандықтан, технологиялық шешімдерді енгізуге сұраныс жоғары. AI енгізудің маңызы қалалық инфрақұрылымның күрделілігі. Көлік қозғалысы тығыз, экологиялық жүктеме жоғары Алматыда жасанды интеллект жол қозғалысын оңтайландыру, экологияны бақылау және коммуналдық қызметтерді автоматтандыруда таптырмас құрал. Қаладағы негізгі жобаның бірі – Ахуалдық орталық. Мұнда машиналық оқыту мен үлкен деректерді талдау әдістері қолданылады. Жүйе жолдағы қозғалысты саралап, көлік ағынын реттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Open Almaty платформасына түскен өтініштер талданып, тұрғындардың сұранысына сәйкес шешім қабылданады.Қала билігі жол жағдайына да ерекше назар аударып отыр. Былтырғы қазан айынан бастап Алматыда жолдардың жағдайын жасанды интеллект арқылы бақылау жобасы іске қосылған. Автобустар мен жедел жәрдем көліктеріне орнатылған бейнетіркеуіштер жол сапасы туралы деректерді үздіксіз жіберіп отырады. ББЖ тәулігіне 500 мыңнан астам бейнеаналитикалық оқиғаны тіркейді, бұл қалалық қызметтердің жұмысын проактивті басқару моделіне көшуге мүмкіндік береді. Жағдаят орталығының операторлары бейнекамералар мен датчиктерден келіп түскен деректер бойынша дереу әрекет етеді: іздеудегі адамдарды анықтау, өрт не түтін белгілері, қоқысты заңсыз тастау, төтенше жағдайлар және басқа да оқиғалар тіркеледі. Үнемі өсіп келе жатқан халыққа сапалы қызмет көрсету үшін қала әкімдігі цифрлық шешімдерге жүгінуде. Алматы – IT-компаниялар, стартаптар және инновациялық жобалар шоғырланған қала. Сондықтан AI енгізу экономикалық дамуды жылдамдатады. Алматы қаласы цифрлық басқару жүйесіне кезең-кезеңімен көшіп келеді. AI шешімдері енгізілген бағыттарға жол қозғалысын басқаруды жатқызуға болады.  «Сергек» камералары мен интеллектуалды бағдаршамдар қозғалысты талдап, автоматты түрде реттейді. Бейнебақылау жүйелері күмәнді әрекеттерді тануға, құқықбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.  Энергия тұтынуды болжап, ақауларды автоматты анықтайтын жүйелер қолданыла бастады. Алматы – денсаулық сақтау саласында AI енгізудің алдыңғы қатарындағы аймақ. Медицина саласы да жаңа деңгейге көтерілді. Биыл Almaty Digital Medical Center өз жұмысын бастады. Бұл орталықта бірыңғай 1312 байланыс нөмірі, телемедициналық патронаж және дауыстық көмекшілер сияқты озық сервистер шоғырланған. Енді дәрігерге жазылу немесе кеңес алу үшін ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті шамалы. Диагностикада: рентген, МРТ, талдауларды жасанды интеллект арқылы оқу. Электронды денсаулық паспорттары, Халықтың денсаулық жағдайын талдау бұл шешімдер дәрігерлердің жұмысын жылдамдатып, қателік ықтималдығын азайтады. Алматыдағы мектептер мен ЖОО-ларда жасанды интеллект білім сапасын жақсартуға көмектеседі оқушылардың білімін автоматты талдау. Жеке білім беру траекторияларын құру, онлайн-платформаларда интеллектуалды жүйелерді қолдану. Жуырда Алматы қаласы Білім басқармасы Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталығымен бірлесе отырып Малайзиялық тәжірибені алмасу бойынша оқу семинарын өткізді.
Мегаполис педагогтері Бостандық ауданындағы №146 мектеп-лицейде «Жасанды интеллект білім беруде: Малайзия тәжірибесінің тиімділігі» тақырыбын талқылады.
Малайзияның UCSI UNIVERSITY- інде халықаралық тағылымдамадан өткен «Алматы ұстазы – 2025» қалалық конкурсының жүлдегерлері ЖИ-ті білім беру процесінде қолданудың озық тәжірибесін ортаға салды.
Бағдарлама аясында педагогтер STEM оқытуға арналған AI технологиясын, оқу материалдарын генерациялау, оқытудың жеке траекториясы мен білім беруді талдау әдістерін меңгерді.
Қатысушылар бағдарлама арқылы заманауи білім беру тәжірибесімен, AI технологиясын оқу үдерісінде қолдану әдістерімен танысып, тәжірибелік сабақтар мен сараптамалық сессияларға қатысты. Нәтижесінде тәжірибе Алматы қаласы білім беру ұйымдарына енгізіліп, педагогтердің цифрлық құзыреттілігін дамыту және оқу процесінің тиімділігін арттыруға бағытталады.Жасанды интеллект экологиялық датчиктерден жиналған деректерді талдап ауа сапасын болжайды, зиянды заттардың таралуын бақылайды, жасыл аймақтарды басқаруға көмектеседі. Алматы сияқты экологиясы күрделі қала үшін бұл өте маңызды.

Алматы – Қазақстанның қаржы орталығы болғандықтан, банктер мен қаржы ұйымдары AI технологияларын кеңінен қолданады. Қаржылық тәуекелдерді болжау, алаяқтықты анықтау, клиенттермен автоматтандырылған қызмет көрсету.  Жасанды интеллект енгізудің  тағы бір артықшылығы қала қызметтерінің тиімділігін арттыруында болып отыр.  AI жүйелері деректерді тез талдап, шешім қабылдауды автоматтандырады. Құқық бұзушылықтың алдын алуға болады. Интеллектуалды камералар қауіпті жағдайларды ерте анықтайды. Жаңа IT-компаниялар, стартаптар ашылады, жұмыс орындары көбеюі мүмкін. Халықтың өмір сапасын жақсарту бойынша қызметтер жылдам, сапалы әрі ыңғайлы болады. Дегенмен жасанды интеллект енгізуде шектеулерді де ескерген жөн. Ол деректер қауіпсіздігі, жүйелерді енгізу құнының жоғары болуы, маман тапшылығы, қоғамдық қабылдаудың әркелкілігі. Бұл мәселелерді шешу үшін кадр даярлау, заңнаманы жетілдіру және цифрлық мәдениетті арттыру қажет.

Алдағы жылдары Алматыда төмендегі жобалар кеңінен дамиды деп күтіледі. Интеллектуалды жолдар, интеллектуалды паркингтер, дрондар арқылы бақылау. Алматы қаласы жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы заманауи, қауіпсіз, инновациялық мегаполиске айналу жолында. Жасанды интеллект – тек технология емес, ол қаланың даму стратегиясының негізгі элементіне айналып келеді. Инфрақұрылым, медицина, білім беру, экология және қаржы саласындағы өзгерістер тұрғындар өмірін жеңілдетіп, қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруде.

Алдағы жылдары Алматының «ақылды қала» ретіндегі дамуы жасанды интеллекттің қаншалықты тиімді енгізілетініне байланысты. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру – қала үшін стратегиялық маңызды міндет.

Г.Тұрсынқожа