Бала тәрбиесіндегі бірлескен жауапкершілік: ата-аналар кеңесінде бірқатар мәселелер талқыланды
Аудан орталығындағы орта мектептердің жоғары сынып оқушыларының ата-аналарына арналған «Баланың бас ұстазы – ата-ана: ата-аналар мен мектептің бірлескен жауапкершілігі» тақырыбындағы кеңес өтті. Жиынға аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысып, ата-ана мен мектеп арасындағы өзара серіктестікті нығайту бағытындағы ұсыныстарды тыңдап, өз көзқарасын білдірді. Басқосудың негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру, сондай-ақ бала тәрбиесі мен құқықбұзушылықтың алдын алуда отбасы рөлін күшейту болды.
Кеңес барысында ата-аналар мен білім беру ұйымдарының байланысын жетілдіру, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың құқықтық мәдениетін арттыру және қауіпсіздігін күшейту мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар отбасы, мектеп және қоғам арасындағы серіктестіктің маңызын атап өтіп, жасөспірімдер арасындағы келеңсіз оқиғалардың алдын алу жолдары туралы пікір алмасты.
Сонымен қатар, ата-аналар тарапынан күнделікті тұрмысқа қатысты бірқатар өзекті ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, иесіз иттер мәселесін шешу, қоғамдық көліктердің жүру уақытын реттеу, түнгі жарықтандыруды жақсарту және дүкендерде зиянды өнімдердің сатылымына бақылауды күшейту жөніндегі өтініштер білдірілді. Бұл мәселелер ауданның қауіпсіздік деңгейін арттыруға және балалардың алаңсыз өсуіне жағдай жасауға бағытталған маңызды қадамдар ретінде қабылданды.
Кеңес қорытындысы бойынша ата-аналар мен мектеп әкімшілігі арасында жүйелі байланыс орнатуға, ортақ мәселелерді бірлесе шешуге және бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілікті күшейтуге бағытталған міндеттер айқындалды.


