Т.Рысқұлов ауданында еңбек адамының мәртебесін көтеруге арналған жүйелі жұмыстар жалғасуда

Т.Рысқұлов ауданында еңбек адамын құрметтеу, оның қоғамдағы рөлін айқындау және жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру бағытындағы шаралар жүйелі түрде жалғасып келеді. Аудан өмірінің түрлі салаларында адал еңбегімен өңір дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды қолдау – биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылының» басты міндеттерінің бірі. Осыған орай өңірде бірқатар мәнді кездесулер, насихаттық іс-шаралар мен құрмет көрсету дәстүрі кең көлемде жүзеге асуда.

Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің айтуынша, биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясындағы шараларды өткізу үшін арнайы жоспар бекітілген. Жоспар бірнеше бағыт бойынша жүйеленіп, ең алдымен кәсіби бағдар мен оқу орындарының тәжірибелік жұмыстарына басымдық берілді. Осы бағытта Құлан агротехникалық жоғары колледжінің студенттері Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған кездесулерге қатысып, еңбек ардагерлерінің өнегелі әңгімелерін тыңдады.

Сонымен қатар мектеп оқушыларына арналған «Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорнына» экскурсиялар ұйымдастырылып, жұмысшы мамандықтарының маңызы көрсетілді.
Аудан басшысы Ернар Серікәліұлының айтуынша, жыл басталғалы бірқатар мазмұнды іс-шаралар атқарылған. Еңбек адамдарының жетістіктерін насихаттау мақсатында «Жамбыл электр торабы» ЖШС-нің «Т.Рысқұлов аудандық ЖЭС» кәсіпорнының басшысы Назигүл Мурзатевамен арнайы сұхбат ұйымдастырылып, оның көпжылдық еңбек жолы бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды.

Бұдан бөлек, М.Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде аудандық білім бөлімімен бірге «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» атты салтанатты жиын өткізіліп, жұмысшы мамандық иелеріне құрмет көрсетілді.

Еңбек әулеттерін дәріптеу жұмыстары да назардан тыс қалмады. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында теміржолшылар әулеті – Көкжаловтар отбасы ІІ орын алып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Әулет отағасы Секен Көкжалов 42 жыл бойы теміржол саласына қызмет етіп, «Құрметті теміржолшы» медаліне ие болған, бірнеше буын бойы бір салада еңбек етіп келе жатқан нағыз еңбек династиясы ретінде бағаланады.

Аудан көлемінде кеңейтілген кездесулер ұйымдастырылып, еңбек мәдениеті мен ұлттық құндылықтар жөнінде ашық пікірталастар өтті. Құлан агротехникалық жоғары колледжінде «Ұлттық мүдде – басты құндылық» тақырыбымен өткен жиынға аудандық және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағалары Қожайхан Бижанов пен Еркінбек Солтыбаев, «Ғұмыр дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, қоғам қайраткерлері, билер мен аналар кеңесі және жастар қатысты.

Жиын барысында Мемлекет басшысының Жолдауында және «Ұлттық құрылтайда» көтерілген бастамалар талқыланып, еңбек адамының қоғамдағы рөлі сөз болды.

Ауданда Еңбек күні де мазмұнды шаралармен атап өтілді. «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» атты салтанатты жиында ауданның өркендеуіне үлес қосқан жұмысшы мамандық иелері аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың Алғыс хаттарымен марапатталды. «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен пошта байланыс торабының қызметкері Раиса Мұсабаева, «Таза су 2014» мекемесінің трактор жүргізушісі Бағдат Абдраймов және аудандық орталық аурухананың кіші мейірбикесі Науаткүл Тлеубаева марапатталды. Сонымен қатар бірқатар мамандар аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Қарттар күні қарсаңында да еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Ернар Есіркепов пен мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов Луговой ауылының тұрғыны, 40 жылдық еңбек өтілі бар теміржолшы Қаражан Байкеевтің шаңырағына барып, арнайы құрмет көрсетті. Жыл бойы Сәкен Көкжалов пен Бақыт Үсенов сынды еңбек майталмандарының үйлеріне барып, еңбекке адалдығы үшін алғыс хаттар табысталды.

Ақпараттық насихат жұмыстарында да маңызды қадамдар жасалды. Ұзақ жылдар бойы аудан экономикасының дамуына үлес қосқан ветеринар, дәнекерлеуші, тігінші, орман қорықшысы, аспазшы, наубайханашы, электрик, машинист секілді мамандардың фотосуреттері сыртқы көрнекі билбордтардан орын алды. Жыл басынан бері 8 кездесу, 6 дөңгелек үстел, 2 салтанатты жиын өткізіліп, 27 билборд орнатылды. Аудандық медиа орталықта еңбек адамдары туралы 11 бейнесюжет жарық көрді. Онда Сәкен Көкжалов, Бақыт Үсенов, Перизат Кабираева, Риза Бекмурзина, Абдимутал Халматов, Айдар Өмірбеков, Мұхтар Әбдікерімұлы, Науаткүл Тлеубаева, Раиса Мұсабаева және Керімжан Әбдуғапарұлының еңбек жолдары баяндалды.

Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің айтуынша, еңбек адамының мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстар нәтижелі жалғасып келеді. Сонымен қатар жұмыссыздықтың алдын алу шаралары да қарқын алған. Аудандық мәдениет үйінде өткен 7 бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 138 мекеме қатысып, 487 жұмыс орны ұсынылды. 333 азаматтың 103-і жұмысқа жолданса, оның ішінде 38-і тұрақты, 65-і уақытша жұмысқа орналасқан. 50 адам қоғамдық жұмысқа, 9 адам «Күміс жас» жобасы бойынша, 1 азамат әлеуметтік жұмыс орнына орналасты. 5 жас маман жастар практикасымен жұмысқа қабылданды.