Тұран төрінде Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған танымдық шара өтті

Киелі Түркістан қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында әлемнің екінші ұстазы атанған, шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр Әл-Фарабидің туғанына 1155 жыл толуына орай «Ғылым мен даналықтың шамшырағы» атты танымдық сағат өткізілді. Шараға Отырар ауданындағы «Руханият – Әл-Фараби» музейі арнайы көрме жасақтап, қатысушылар назарына ұсынды. Мұражай қызметкерлері Әл-Фарабидің өмірі мен еңбектеріне қатысты құнды деректер мен жәдігерлер жайында кеңінен таныстырды.

Қатысушылар ғалымның ғылыми мұрасы, философиялық көзқарасы, музыка мен этика саласындағы еңбектері туралы мағлұмат алып, тақырыпқа сай бейнематериалдар тамашалады. Ал оқушылар ұлы ойшылдың нақыл сөздерін жатқа айтып, пікірлерімен бөлісті. Шара соңында кітапхананың директор орынбасары Исабекова Айгүл Бақытқызы қорытындылап, танымдық сағатта белсенділік танытқан барлық қатысушыларға кітапхана директорының атынан алғыс хаттар табыстады.

Ұлы ғалымның өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа кеңінен таныстыра отырып, ғылым мен білімге деген қызығушылығын арттыру, зияткерлік ой-өрісін кеңейту мақсатында өткен танымдық сағат балалардың зияткерлік ой-өрісін кеңейтіп, рухани дамуына ерекше серпін берді.

Түркістан қаласы