Түркістанда балалар кітапханасының жылжымалы пункті ашылды

Киелі шаһардағы Оқушылар сарайында Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының жылжымалы кітап пункті ашылды. Бұл бастама оқушылардың бос уақытын тиімді өткізіп, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында жүзеге асып отыр дейді ұйымдастырушылар. Сондай-ақ жылжымалы пункт арқылы балалар көркем әдебиетпен танысып, танымдық және тәрбиелік маңызы зор кітаптарды еркін пайдалана алады.

Кітап пунктінің кітап қоры 1000 дананы құрайды. Олардың қатарында қазақ халық ертегілері, көркем әдебиет, шетел жазушыларының шығармалары, танымдық және тәрбиелік мәні зор кітаптар бар. Жылжымалы кітапхана оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай іріктелген әдебиеттермен жабдықталып, бос уақытын тиімді өткізуіне, кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Аталған жоба кітапхананың қолжетімділігін арттырып, балаларды кітапқа жақындатудың тиімді жолы. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға үлес қоспақ.

Түркістан қаласы