Түркістанда халықаралық қазақ-корей университеті ашылды

Түркістан қаласында ІТ мамандарын даярлайтын «Woosong University Kazakhstan» жоғарғы оқу орны салтанатты түрде ашылды. Оқу ордасының ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Чжо Тэ Ик, «Woosong Education Foundation» білім беру қорының құрметті төрағасы және басқарма мүшесі Ким Сон Кёнг арнайы қатысып, көпшілікті университеттің ашылуымен құттықтады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ел дамуында маңызды рөл атқаратын игі істің жүзеге асуына атсалысқан барша серіктестерге алғыс білдірді. Мәртебелі меймандар мен іс-шараға қатысушылар универсиетті аралап, оқу бөлмелерімен танысты. Студенттермен кездесті. Мұнда студенттерге барлық жағдай жасалған. Арнайы оқу құралдары және жабдықтармен қамтылған. Қонақтар «Тілектер кітабына» ізгі ниеттерін жазып, қол қойды. Тарихи сәттің құрметіне көпшілік назарына облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Сонымен қатар Корей елінен келген студенттер мен Түркістан жастары бірге би композициясын орындады.

Түркістан өңірінде әрдайым жастарды қолдауға, сапалы білім мен ғылымға баса назар аударып келеді. Осы мақсатта облыс әкімдігі тарапынан университетке 100 грант бөлініп, олардың басым бөлігі өңір жастарына берілді. Білім ордасының 2000 студентке дейін қабылдауға мүмкіндігі бар. Қысқа мерзім ішінде ашылған бұл жаңа оқу орнына республика бойынша үлкен қызығушылық байқалып отыр. Биыл осы университетте білім алуға Түркістан облысынан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл және Қарағанды облыстарынан 400-ге жуық талапкер құжат тапсырған.

Түркістан қаласы