«Қазақ халқының 1000 ән-күйі» жинағына 100 жыл!
Биыл қазақ музыкасының алтын қазынасына айналған «1000 песен и кюев казахского народа» жинағына 100 жыл толып отыр. Александр Затаевичтің бұл кітабы халқымыздың әні мен күйін әлемге паш етіп, ұлттық руханиятымыздың асыл мұрасына айналды. Осыған орай Түркістан қаласында арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Затаевичтің еңбектерімен қатар қазақ халық әндері мен күйлеріне арналған әдебиеттер, музыкалық мұралар мен тарихи деректер қойылды.
Бұл жинақты Халқымыздың рухани мұрасын түгендеп, ұлттық музыка өнерін зерттеудің жаңа кезеңін бастаған бірегей еңбек деуге болады. Белгілі этнограф, композитор және музыкатанушы Александр Викторович Затаевич 1920–1924 жылдары ел ішін аралап жүріп, кейін жинақ етіп құрастырды. Қазақтың әр өңірінен шыққан 280-ге жуық орындаушыдан әндерді нотаға түсіріп, жүйелеп, 1925 жылы Орынбор қаласында алғаш рет басып шығарды. Кейін бұл еңбек 1963 жылы Мәскеуде «Музгиз» баспасынан толықтырылған түрде қайта жарық көрді. Жинақта әртүрлі тақырыптағы халық әндері қамтылған: тұрмыс-салт жырлары, батырлар мен тарихи тұлғаларға арналған әндер, лирикалық және әзіл-сатиралық туындылар. Затаевич тек әуенді жазып қоймай, кей әндердің мәтінін де жинаққа енгізген, соның ішінде 46 ән толық мәтінімен берілген. Бұл еңбек қазақ музыкасының жазба тарихындағы алғашқы әрі ең іргелі антология болып саналады. Қазақтың бай музыкалық қазынасы алғаш рет ғылыми тұрғыда зерттеліп, нотаға түсірілді.
Түркістан кітапханасындағы бұл көрме қазақ музыкасының терең тарихын тануға, ұлт үнін жаңа қырынан сезінуге зор мүмкіндік бермек. Кітапханаға келген оқырман ұлттық мәдениетіміздің жауһарымен танысты.



