Түркістан кітапханасы ағылшын тіліндегі кітаптармен толықты
Түркістан қаласында «Фараб» кітапханасы АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығынан ағылшын тіліндегі 72 дана кітапты сыйға қабылдады. Бұл кітаптарды салтанатты түрде табыстау үшін АҚШ-тың Қазақстандағы Бас консулы Мишель Еркін ханым кітапханаға арнайы келді. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы мәдени және білім беру бағытындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
«Сыйға тартылған кітаптар ағылшын тілін үйренушілер мен жетілдірушілер үшін таптырмас көмекші болары анық. Әсіресе жастарға арналған көркем әдебиет, танымдық, ғылыми және мотивациялық еңбектер тіл үйренуге, сыни ойлау мен мәдени көкжиегін кеңейтуге жол ашады» дейді мамандар.
Кездесу барысында қонақтарға құрмет көрсетіліп, жылы ықылас білдірілді.
Кітапхана директоры Жанат Шардарбекова келген меймандарға Түркістанның бай тарихы мен рухани мұрасы туралы қысқаша таныстырды. Қазақстан мен АҚШ арасындағы достықтың, білім мен мәдениет алмасуының айқын белгісі екенін атап өтті. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арналған ерекше кітапты естелік ретінде сыйға тартты.
Түркістан қаласы




